Сұлутөрден жеткен саз
Сұлутөрден жеткен саз
облыс орталығында Т. Рысқұлов ауданының мәдениет күндері табысты өтті
Өткен жұма күні құт мекен, шұрайлы да, шырайлы Т.Рысқұлов ауданының Мәдениет және өнер күні Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағына жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй тарту етті. Мерекелік шара аудан өнерпаздарының дайындаған театрландырылған сахналық көріністен бастау алды. Тарих тереңінен сыр тартқан көріністе Керей мен Жәнібек хандардың Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығып, дербес Қазақ хандығының іргесін қалаған сәті суреттелді. Бес жарым ғасыр ілгерідегі ұлы тарихи оқиғаны шебер әрі нанымды жеткізген аудан өрнерпаздары тобына қошемет көрсетпеген көрермен болмады. Осынау ұлттық нақыштағы әсерлі композицияны тараздықтар қызыға тамашалады. Жайма шуақ жаздың алғашқы жұмасының ақшамдағы алқызыл сәтімен саябақ айналасы тіпті құлпыра түскен. Онда қазақы киіз үй орнатылып, ақ дастархан жайылып, сары қымыз сапырылып жатқаны да көрер көзге жарасымды әсер беріп тұрды. Сахналық көріністен соң облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы көпшілікпен бірге ауданның руханиятынан сыр шертетін көрмені аралады. Көрмеге суретшілердің суретттері, шеберлердің қайталанбас бұйымдары, тігіншілердің ою-өрнекпен әдіптелген тоқымалары, зергерлердің әшекей заттары қойылса, өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдары мен қолданбалы заттары да көпшілік назарына ұсынылды. Көпшіліктің ерекше ықыласына ие болып жатқандардың ішінде ағаш шебері Ғазиз Күмісбаевтың түрлі бұйымдарын ерекше айтып өтуге болады. Өз бұйымдарын реті келсе сатып, я болмаса сыйлы қонақтарға тарту ететінін жеткізген Ғазиз Жексенұлы: «Ата кәсіппен айналысқаныма ұзақ жылдар болса да жалыққан емеспін. Қайта кейінгілерге білгенімді үйретіп кетсем деймін. Бұл өнерге әлі де болса халықтың сұранысы мен ынтасы ерекше», – дейді. Сондай-ақ, көрушілер Жанай Тамаевтың «Абылай хан» картинасын да жоғары бағалап, хан бейнесіне барынша жақынырақ келіп, ден қойып жатты. Суретші Дана Ергебекова өзінің мектепте технология-сурет пәндерінен ұстаздық ететінін айтып, осы көрмеге арнайы дайындықпен келгенін жеткізді. Ал жасы жетпіске жеткен Құмарық ауылының ақ жаулықтысы Бақытгүл Дәлібаеваның тоқыма өнері де көненің көзі болып бара жатқан «құрақ құрау», «арқар мүйіз оюлары» секілді әдемі дүниелері дәстүрлі әдістердің заманауи үлгісін айшықтағандай. Үнемі қолынан оймағын тастамайтын ақ жаулықты ана бізге ағынан жарылды. Бұдан соң қонақтар саябақтың сахна орнатылған алаңшасына қарай ағылды. Мереке аудан өнерпаздары әзірлеген концерттік бағларламаға ұласты. Онда кіріспе сөз сөйлеген аудан әкімі Жарылқасын Айтақов өңірлердің арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы әсері зор шараның маңыздылығына тоқталып, қонақтарды мерекемен құттықтады. Осыдан кейін сахнаға көтерілген өнерпаздар ауданның атын әнге қосып, асқақтатты. «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблі, аты алысқа тараған «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі әннен шашу шашса, «Әдемі-ау» халықтық бишілер тобы көрерменнің көзайымына айналды. Түрлі халық әндері мен шетелдік классикалық туындылар құлақтардың құрышын қандырса, жергілікті сазгерлер Мэлс Өзбековтің «Келші Құланға», «Келші, Айым», Дүйсенәлі Бықыбаетың «Біз екеуміз», «Нәзігім» секілді әуезді әндері жүректердің қылын шертті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».