Саясат

Астананың орманы

Астананың орманы

Мемлекет басшысы Астана қаласының «жасыл белдеуін» дамыту жұмыстары барысымен танысты. Елбасы ел орда айналасындағы жасыл аймақты әуеден тікұшақпен шолып шыққаннан кейін орманды алқап қалыптастыру және дамыту жұмыстары барысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде елорда айналасына егілген жасыл желектің ауданы бүгінде 70 мың гектарға жеткенін атап өтті. – Бір кездері біздің жоспарымызға күмәнмен қараған еді. Бірақ, біз осы орманды болашақ ұрпақ үшін өсіріп, оны Қазақстанның кереметіне айналдырдық. Соның арқасында қалада шаң-тозаң, жел азайды. Орманда арнайы жидек ағаштары отырғызылып, аң-құс пайда болды. Егілген ағаштар елорда тұрғындары мен қонақтарының демалысына қажетті жағдай туғызады. Мұнда веложолдары, кемпингтері бар демалыс аймақтарын орнықтыру жоспарлануда, – деді Қазақстан Президенті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы орман шаруашылығы еңбеккерлеріне, ғалымдарға қажырлы еңбектері үшін ризашылық білдірді. Қазақстан Президенті «жасыл белдеу» алқабын ұлғайту жұмыстары жалғасатынын айтты. Соңында Мемлекет басшысы дәстүр бойынша қырғауыл ұшыру шарасына қатысты. Елбасы Астананың «жасыл белдеуін» дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков және ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев қатысты. Кеңеске қатысушылар аралық қорытын­дылар мен елорданың жасыл белдеуін әрі қарай дамыту қадамдарын талқылады. Атап айтқанда, 2020 жылға дейін негізгі үш бағытта жұмыс жүргізу жоспарланған. Ол – қалыптасқан аймақтардағы жасыл желектің тығыздығын арттыру, қала аумағындағы бос жерлерге ағаш отырғызу, демалыс орындарын қалыптастыру. Нұрсұлтан Назарбаев «жасыл белдеу» қалыптастыру барысындағы үйлесімді жұмысты қамтамасыз ету, ғылыми тәжірибені қолдану, жаңа технологиялар енгізу, қала аумағы мен оның сыртындағы орман алқаптарын қосу маңыздылығына назар аударды. Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.