Жаз жайнатып, күн күлдіріп...
Жаз жайнатып, күн күлдіріп...
облыс лагерьлерінде биыл 3550 оқушы демалады
Кез-келген оқушы жазғы демалысын асыға күтеді. Осы орайда оқушылардың биылғы жазғы демалысы басталып, «Болашақ», «Рауан» лагерьлері балаларды тынықтыру жұмыстарына кірісіп те кетті. Қала әкімінің орынбасары Маржан Қожаева аталған лагерьлерге бас сұғып, балалардың жай-күйімен танысып қайтты. «Болашақ» лагерінде бізді Алла Гнусина қарсы алды. Ол лагерьді аралатып көрсетіп, мұнда негізінен қала тұрғындарының әлеуметтік аз қорғалған тобының ұл-қыздары, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері демалыс-сауықтыру ісімен қамтылатындығын айтты. – Лагерь 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні мемлекет бір баланың бір ауысымдағы демалысына тұрақты орта есеппен 28 000 теңге бөледі. Біздегі бір ауысымның ұзақтығы – 12 күн. Мұнда балалар екі мезгіл бассейнде шомылып, түрлі ойындар ойнайды. Балаларға арналған барлық ас мәзірі бар, – деді ол өз сөзінде. Қала әкімінің орынбасары Маржан Қожаева лагерьдің медициналық пунктін, асханасын, жатын бөлмелерін түгел аралап көріп, демалыс маусымына дайындығы көңілінен шыққандығын жеткізді. – Биыл тараздық оқушылардың 3550-і қалалық білім бөліміне қарасты осы екі сауықтыру лагерінде жазғы демалыстарын өткізбек. «Болашақ» лагерінде – 1750, «Рауан» лагерінде 1800 бала мемлекет тарапынан әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың балаларына бөлінетін қаржы есебінен тегін демалатын болады. Олар үшін қала бюджетінен 95 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда қаладағы 23 мың бала әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың қатарында. Олардың бәрінің бірдей жаз айларында лагерьлерде демалуға жағдайлары келе бермейді. Сондықтан біз мектеп жанындағы лагерьлерге тарту арқылы олардың балалық шақтарының қызықты өтуіне септігімізді тигіземіз деген ойдамыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Маржан Төреғұлқызы. Жоғарыда аталған лагерьлер ғимараттары қала бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, жөнделген. Сондай-ақ, қала мектептерінің мұғалімдері, қоғамдық бірлестік өкілдері сауықтыру орындары аумағын абаттандыру шараларына да белсене атсалысып тұрады. Қазір екі лагерьде де балалар демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Асхананың жаңа жабдықтары сатып алынып, бассейн, спорт алаңшалары қайта жарақтандырылды. – Мен Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясының 8-сыныбында оқимын. Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Мұнда жаңа достар тауып, түрлі ойындар ойнап, суға шомылып, жазғы демалысымды қызықты өткізудемін. Тәрбиешілер де мейірімді, асхананың ас-тағамы да дәмді. Осындай жағдай жасаған қала басшыларына алғысымды айтамын, – дейді лагерьде жазғы демалысын өткеріп жүрген Қажымұқан Әзімханов есімді бала. Осындай елдің қамқорлығын, мейірімін көріп өскен бала ертең елін сүйер азаматқа айналары сөзсіз. Демалушы балалардың пәк күлкілері мен шаттыққа толы жүздері біздің де көңілімізді марқайтып тастады.
Наурызбек САРША, «Ақ жол». Тараз қаласы.