Әлеумет

ӘЛЕУМЕТ және әлеует

ӘЛЕУМЕТ және әлеует

бағдарлама тұрғындар тұрмысының  түзелуіне септесуде Әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту екені белгілі. 2020 жылға қарай елдегі жұмыссыздық деңгейі  5 пайыздан аспауға тиіс. Бұл тұрғыда жұмыссыздықты төмендетуге байланысты бағдарламалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы өз жемісін беруде. Жұмыспен қамтудың белсенді түрлерін іске асыру нәтижесінде өңірімізде бұрнағы жылмен салыстырғанда, былтыр 5,2 пайыздан 5,0 пайызға, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі сәйкесінше,  5,2 пайыздан  4,6 пайызға төмендеген. Былтыр, сондай-ақ табысы күн көріс деңгейінен төмен тұрғындар үлесінің 1,8 пайыздық көрсеткішке төмендегені байқалады. –Қалыптасқан жағдай халықтың әл-ауқатының жоғарылағанының, берілетін әлеуметтік көмектің атаулылығы күшейгенінің де дәлелі, – деп атап көрсетті облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасының үш бағыты бойынша жұмыстарды іске асыру жалғасуда. Бағдарламаны қаржыландыруға 1,9 миллиард теңге бөлінген. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж мүгедектердің 51, 6 пайызы  кресло-қораппен, сурдо-тифло және протез-ортопедиялық құралдармен, жеке оңалту шараларына сәйкес  санаторлық -курорттық емделуге жолдамалармен қамтылып отыр. Бұл санаттағылар тиісті көмектерге жыл аяғына дейін толықтай  қол жеткізбек.  Сондай-ақ, оңалту орталықтарының желісі кеңейтілуде. Биыл алғашқы жартыжылдық ішінде Қордай ауданында 25 орындық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы іске қосылды. Мұндай нысандарды Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында да ашу көзделіп отыр. Еліміздің  әлеуметтік жаңғыртылуына байланысты Елбасы алға қойған міндеттердің бірі – тұрғындарды  көтеріңкі деңгейдегі әлеуметтік көмектермен қамтуды көздейтін «Өрлеу» шартты ақшалай көмек қанатқақты жобасы  еліміз бойынша  Ақмола мен  Шығыс Қазақстанда, сондай-ақ біздің облысымызда биыл екінші жыл табысты жүзеге асырылу үстінде. –Ағымдағы жылдың төрт айы ішінде  облыста 814 отбасындағы 4377 адамға 43,6 миллион теңгенің шартты ақшалай көмегі тағайындалды.  Жалпы, аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастаған күннен бастап жұмыссыздар әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне көптеп тартылып, табысы кедейлік шегінен төмен азаматтардың саны 2121 бірлікке кеміп, бүгінде жалпы халық ішіндегі   үлесі 0,5 пайызды құрап отыр, – деді бұл тұрғыда басқарма басшысы. Оның айтуынша, елді береке мен бақуаттылыққа бастайтын «Өрлеу» жобасы  2016 жылдан бастап елімізде толықтай енгізілмек. Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тиісінше жауаптары берілді.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».