Өрт сөндірушілерге «жеңдерің құрғақ болсын» дейік...
Өрт сөндірушілерге «жеңдерің құрғақ болсын» дейік...
Сәби қолында сіріңке де қауіпті. Өртейін деген бөтен ой жоқ оларда. Тек тұтанған күкіртті қызық көреді. Әдетте, балақайлар жанған шырпыны пердеге, газет қағазына жақындатады. Қараусыз қалған бала басқа не істесін? Апат айтып келмейтіні белгілі. Сапасыз электр желілерінен де өрт туады. Мамандар сым тоқтың кернеуіне шыдас бермей қызып кетіп, ол да ашық қалған сымдардың салдары жалынға әкеп соғады дейді. Тағы бір мәселе балконда тұрып шылым шегу. Тұқылды жоғары қабаттан тастай салады. Ол тұқыл кір жайғыш сымға соқтығып төменгі қабаттағы балконға түсуі әбден мүмкін...
«Сабыр етіңіздер, қазір құтқарамыз...»
«Жатақхана өртке оранды» деген хабар түсе салысымен дереу іске кірістік. Бір минут болар-болмас уақытта оңайшылықпен жанбайтын арнайы киімді үстімізге іліп, қақпаны ашып, мекен-жайға асықтық. «Қаратау» шағын ауданында «Наурыз» балабақшасы бар, соған жақын жатақхана кіреберісінің терезесінен қара түтін будақтап жатты. Өрт тұрғындардың зәресін ұшырғанға ұқсайды, шығып үлгергендері аулада жүр. Тұрғындар терезесінен аяқтарын салбыратып бала-шағасымен секіріп кетуге дайын отыр. Құрал-саймандарымызды дайындап, сатыны көтеріп жүріп тұрғындарға «Сабыр етіңіздер, қазір құтқарамыз...» деп айқайлаймыз. Отыз екі метрлік саты әрі кетсе төрт адамның салмағын көтере алады. Біз сегізден түсіріп жатырмыз. Кейбіреулер өз бетімен сатыға жармасып, қауіпті жағдайлар туғызды. Оң жақтағы тұрғынды алып түссең, сол жақтағылар «Бізді неге бірінші құтқармайсыңдар?» деп айқайлайды. Абырой болғанда, шұғыл қимылдап терезенің алдында отырғандарды түгел жерге түсірдік. Оларға алғашқы көмек көрсетілді. Бір топ өртпен арпалысып жатқанда біздің топ жылдамдатып ішке кіріп әр бөлменің есігін тоқылдатып, қалып кеткен адам бар-жоғын анықтадық. Кейде ұйықтап жатқан кісілер болуы мүмкін дегендей. Сыртқа шықтық. «Немерем қайда? Қалып қойды...» деп бір әжеміз шырылдап қасымызға келді. Мән-жайды анықтаған соң қас-қағым сәтте немересін аман-есен алып шықтық. Өрт бірінші қабаттағы бөлмеден басталыпты. Үйдің егесі көлік доңғалағын диванның бұрышына қойыпты. «Шоқ әуелі диванға түсіп, содан бықсып резіңкеге тиген деген жорамалға келдік». Бұл – өрт сөндіруші Мұхамеджан Құлдыбаевтың әңгімесі. «Мыңнан аса өрт дабылына қатыстым...» Тараз қаласы «Қаратау» шағын ауданындағы облыстық «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесіне барғанымызда бізді бөлімше командирі Бекмұрат Сұрабалдиев қарсы алды. Еңбек өтілі – жиырма үш жылдың шамасы. Қиындық туғанда адамның тағдырына араша түсетін жедел қызметтің алғашқы нөмірі – «101». – Әккі өрт сөндіруші түтіннің иісінен-ақ не жанғанын бірден айырады. Өрттің оша-ғын анықтау кәнігі өрт сөндірушіге қиындық тудырмайды. Кәсіби ерекшелігіміз осы. Тілсіз жаудың қай жерден бастап тұтанғанын қалай білеміз? Өрт басталған жер ағарып не-месе сұрғылт тартып тұрады. Мұны жай адам аңғара бермейді. Бірақ, тәжірибелі өрт сөндіруші түгі қалмай өртеніп, күлі қалған жерден де өрт ошағын оңай табады. Мәселен өрт сөндірушілерге қандай мінез тән? Қызыл жалынды ауыздықтау – бүкіл бір топтың жұмысы. Сондықтан, біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен хабардар болса жақсы. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамға жәрдем бере алатындай қабілеті болғаны жөн. Қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар жігеріміз от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге ауады. Жасыратыны жоқ, қорқып барып, батыр болып қайтамыз. Оттан қорықсам, өрт сөндіруші болмас едім. Өрт сөндіру барысында қандай кедергілер кездеседі? Айталық, жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса, солай қойып, жолымызға кедергі болады. Қожайыны келіп, көлігін алғанша техникаларымыз біраз кідіріп қалады. Көшедегі кептеліс те уақыт ұрлайды. Ал су толтыру мәселесіне келсек, арнайы техникаларымыз әрқашан да сақадай сай тұрады. Алайда, өрт сөндіру автомашинасындағы 4 тонна су мол көрінгенімен, бес минутта жоқ болады. Яғни, өрт сөндіру кезінде секундына 40 литр су шашамыз. Өткен жылы Айша бибі ауылында бес мың түк шөп жиналған бастырма өртенді. Күн аяз. Бізде жастар бар. Соларды жұмылдырдық. Қай жағынан бастап су шашу керек? Өрттің беталысы қалай? Нені ескеру керек деген сұраққа тәжірибе жинады. Үйренді. Аса өзенінің суын пайдаландық. Бөлімше командирі Бекмұрат Сұрабалдиев екінші әңгімені аяқтады. Елбасының қолынан медаль алған өрт сөндіруші Алжапқышы кеңдірден тігілген бе дедім, қалың. Жақындап қалғанымда қолғабын шешті де дәнекерлейтін аппараттың сымын орай бастады. Нағыз еңбектің адамы, көрініп тұр. Бетін тұмшалаған каскасын шешіп тастады. Біз шеберхананың аузында тұрып әңгімелестік. Қанат Жанысбаев – №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің газ түтінінен қорғау қызметінің аға шебері. Тоқсан бесінші жылдан бері өрт сөндіруші, бөлімше командирі, бертін келе қазіргі қызметінде жүр. Газ түтінінен қорғау қызметкерінен облысымызда жалғыз маман болса, ол – Қанат Жанысбаев. Жұмысы – түтінге кіретін аппаратты қадағалау, санитарлық дезинфекция жасау. Бірер жыл бұрын Талас пен Сарысу ауданында орын алған төтенше жағдайда ерлік көрсетіпті. Елбасының қолынан Ақорданың төріне шығып, медаль алған өрт сөндіруші. — Оқиға былай болды. Демалыс күні жұмысқа кездейсоқ келіп қалсам, бастығымыз «Жуалыда бораннан кейін жолда автобус тұрып қалыпты, Ержан Жаманқараев екеуің жолаушыларды құтқаруға барыңдар» деді. Әріптесім Ержан екеуміз ТЖД-ға барсақ, ол жақтағылар «Қаратаудағы қазандықтың мұржасы құлады, жөндеу жұмысын жүргізуге жарық керек, сен екеуің көлікпен барып жарық бересіңдер, дереу аттанамыз, Жуалыға басқа жігіттерді жібереміз» деп сол жаққа тартты. Асадан аса бергенімізде «Билікөлдің жолында жел қатты, Ақкөлден өтіп Байқадам арқылы жетіңдер» деген хабар түсті. Жел азынап тұр. «КамАЗ»-ды теңселтеді. Жолдың жағасында жеңіл көліктер қозғала алмай тұр. Желдің ұйытқығаны соншалық, көліктен түскенімізде қаңбақ құрлы көрмей дөңгелетіп әкете жаздады. Арқанды белімізге байлап жолаушыларға жетеміз де, арқан бойымен қайтадан өз көлігімізге жақындаймыз. Қаратауға жеткенше он бестен аса адамды арқанның көмегімен мінгізіп алдық. Жеткен бойда іске кіріспекші болып білегімізді түргеніміз сол, «шұғыл түрде Жаңатасқа тартыңдар» деген бұйрық түсті. Біз спутниктік байланыс құралы орнатылған көлікте жүрміз ғой. Боран қиындықтар туғызды. Жолда қалып қойған көлікке үңіліп қарасақ, адамы жоқ. Алдымыздан табылар деген оймен терезеден басымды қылтитып келемін. Екі жігіттің жаурағаны соншалық, сіресіп қалыпты. Бойлары жылып, тіл қатқанда «байланыстың жігіттері» болып шықты. Жаңатасқа кешкі тоғызда шығып, таңғы алтыда жеттік. Талдар құлап, сымдар үзілген, көшеде қаңылтыр шатырлар бүктеліп жатыр екен біз барғанда. Сөзді қысқартып медальды не үшін алдық, соны айтайын. Түн еді. Жаңатастың ар жағында отыз екі шақырым қашықтықта Арыстанды деген ауыл бар. Сол ауылдан жедел жәрдемге «жүкті келіншек толғатып жатыр, ол аздай тағы бір кісі соқыр ішек болып қиналып жатыр» деген хабар түсіпті. Бізге бұйрық берілген соң жолға шықтық. Алдында «Арыстандының бер жағындағы Түркістан деген ауылға дейін жол ашық, көлік жетіпті» деп естігенбіз. Төрт жігіт болып жолға шықтық, қасымызда фельдшер бар. Түркістан ауылына дейін қиналмай жеттік. Ары қарай жол жоқ. Арыстандының жолын біледі-ау деген адамды мінгізіп алдық. Белден келетін қалың қарға ауыр әскери техниканың өзі тұрып қалды. Сегіз шақырым жолды көліктің алдыңғы дөңгелегіне жол ашу үшін күреп, ақырында Арыстандыға жеттік. Сөйтсек, жүкті келіншектерді қыстың алдында тізімге алып, алдын ала қалаға жеткізіп тастайды екен. Соқыр ішек науқасын жеткіздік. Ертесінде Түркістан ауылына қайтадан барып үзілген сымдарын жалғауға көмектестік, құлаған ағаштарды араладық. Қолдан келетін тірлікте қасымдағы Хамзат, Дархан деген жігіттер де аянып қалмады. Содан, не керек, 2013 жылдың мамыр айында Ақордаға барып Елбасымыздың қолынан медаль алып келдім. «Пысылдаған баллонды құшақтап алып шықтым... » Өрт сөндірушілер оттың басылғанын күтіп тұра алмайды. Ең бастысы – адам өмірі. Дабылға шыққанда ең бірінші адамдарды құтқаратынымыз сол. Кезекшілікте отырғанымда «Кенен Әзірбаев көшесінде бір үй сарайымен қоса өртке оранып жатыр» деген хабар жетті. Өрт шатырға дейін шапқан. Шұғыл қимылдап, арпалысқа түстік. Барлаушы болып ішке кірдім. Балалардың бөлмесін, қуыстарды қарап болғаннан кейін ас бөлменің жанынан өтіп бара жатсам, бірдеңе пысылдайды. Не екенін жақсы білем ғой. Жиырма литрлік газ баллон қызып кеткені соншалық балқып формасы өзгере бастапты. Су шашып жатып қызуын бастым да, пысылдаған күйінде құшақтап далаға алып шықтым. Басын тәуекелге тікпеген өрт сөндіруші болмайды. Бұл – №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлім командирі Сағымжан Әділовтің әңгімесі. Тілші түйіні: Жамбыл облысында 2014 жылы орын алған өрт оқиғалары туралы ресми мәлімет: Өткен жылы өртке қарсы қызмет бөлімшелері өртті сөндіруге 631 рет шығыпты. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артқаны тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан туындап отыр. Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 236 мәрте барып, жану оқиғаларына 950 рет шыққан. Өрттерді сөндіру кезінде 182 адам құтқарылып, 1472 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Өрттің қауіпті факторларынан 27 адам қайтыс болып, 23 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерін құрғақ болсын» деген жақсы сөз бар. Тәуекелге басын тігіп әрбір дабылға аттанушылардың жеңдеріне су тамбасын дегіміз келеді.
Тараз қаласы.