Спорт және туризм

Пас бар, гол жоқ

Пас бар, гол жоқ

«Тараз» футболшылары соңғы турларда жеңіске жете алмай келеді

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының он бесінші туры аясында өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубын қабылдаған «Тараз» футболшылары оңтүстіктік дербиде қарсыластарына жол берді. Қос қаланың командалары арасындағы ойын әрқашан жан алысып, жан беріскен жағдайда өтетіні мәлім. Бұл күні «Таразға» сәттілік серік болмады. Төреші ысқырығы естіле салысымен анталап алға ұмтылған «Ордабасы» ойыншылары ойынның бар болғаны төртінші минутында есеп ашты. Бұрыштамадан көтерілген допқа өзгелерден бұрын жеткен Еркебұлан Тұңғышбаев допты қақпаға еркін бағыттады. Қорғаушылар абдырап қалды. Бұдан кейін қос команда өкілдері шабуылға ұмтылғанымен, мардымды іс тындыра алмады. «Тараз» футболшыларының айып алаңының сыртынан бағыттаған соққылары қақпадан анағұрлым биік кетсе, «Ордабасы» футболшыларына да дәлдік жетіспеді. Ойынның қалған бөлігінде қос ұжымда да жүз пайыздық мүмкіндік болды деп айта алмайсыз. «Тараздың» ойынында жүйе, пас алмасу бар болғанымен, соңғы соққыны дәл бағыттайтын ойыншы жетіспей жүргені айқын. Ойынды жеке шеберлігімен құтқаратын көшбасшы да байқалмайды. Соңғы кездері «Атырауға», «Қайратқа», «Ақтөбеге» есе жіберіп жүрген жерлестерімізді сәтсіздік сериясы сергелдеңге салып тұр. Дәл қазір жетінші сатыға жайғасқан «Тараз» футбол клубы алғашқы алтылыққа енуді көздесе, қамшы басар сәт туды. Келесі турда «Тараз» елордада «Астанамен» жасыл алаңға шығады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».