Денсаулық

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!

15Бейсенбі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өз өкімімен үш ауданға жаңадан басшылар тағайындады. Кәрім Нәсбекұлы алдымен Мойынқұм өңіріне ат басын бұрып, аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Онда облыс басшысы ауданның бұрынғы әкімі Болат Мәдікеновтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты осы лауазымға Шу ауданының тізгінін ұстап отырған Бақытжан Нүркеновтің кандидатурасын ұсынып, өмір жолымен таныстырды. Облыс басшысының кандидатурасын аудандық мәслихаттың депутаттары бірауыздан қолдап, дауыс берді. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен актив жиынында облыс әкімі К.Көкірекбаев ауданда қолға алатын міндеттердің ауқымды екендігін тілге тиек етті. «Мойынқұм өңірі бұрынғысынан көп өзгеріп, бүгінде индустриялы аймаққа айналған. Мыңнан асатын жұмыс күші бар Ақбақайдағы «Алтыналмас» компаниясының әлеуеті, қазынаға қыруар қаржы құйып отырған Мыңаралдың цемент зауытының тіршілігі, ауызсу жүйесі мен жолдарды жаңғыртуға бөлінген қаражаттар осыны айғақтайды. Ендігі кезекте ел игілігіне бағытталған жұмыстарды жауапкершілікпен жалғастыру керек», – дей келе Кәрім Нәсбекұлы Б.Нұркеновтің жаңа қызметіне сәттілік тіледі. *   *   * Шу аудандық мәслихатының кезектен тыс 41-сессиясына қатысқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осы ауданды басқарған Бақытжан Нүркеновтің Мойынқұм ауданы әкімі қызметіне тағайындалғанын мәлімдеп, осы лауазымға бұған дейін Жамбыл ауданының әкімі қызметін атқарып келген Рүстем Дәулеттің кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Ұсыныс бірауыздан қолдау тапты. Сессия отырысынан соң, аудан әкімдігінің мәжіліс залында Кәрім Нәсбекұлы аудан активімен кездесіп, ауданның жаңа басшысын таныстырып, оған жұмыс жоспарын жасауға жедел кірісуін тапсырды. *   *   * Аудандық мәслихаттың келісімімен Жамбыл ауданына тағайындалған Мәден Мұсаевты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудан әкімдігінің актив жиынында таныстырды. Кезінде Шу ауданы әкімінің орынбасары, Мойынқұм ауданының әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған тәжірибелі азамат қазіргі лауазымға Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасарлығынан келіп отыр. Іргелес облыстағы ірі ауданда басшылық қызметте болған Мәден Мұсаевтың Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеретіндігіне сенім білдірген өңір басшысы жаңа әкімге сәттілік тіледі. Өз кезегінде Мәден Тоқтарбайұлы шын ықыласымен барын салып жұмыс істеуге уәде берді. Үш ауданда өткен мәслихат сессиялары мен актив жиындарына облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімі аппаратының басшысы Рахметілдә Рахманбердиев қатысты.

Байжан Емберді, Қарлығаш Есбергенова,  Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».