Денсаулық

Мерекелік медальдар тапсырылды

Мерекелік медальдар тапсырылды

Мемлекеттік рәміздер күнінің құрметіне орай облыстық «Достық» үйінде Қазақстан халқының бірлігін, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін бір топ азаматқа «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы салтанатты түрде тапсырылды. Салтанатты шараны облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова ашып, жиылғандарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Елімізде тұрақтылық пен татулықтың тұғырын биіктетуге атсалысып келе жатқан азаматтарға алғысын арнап, марапаттау рәсіміне кірісті. «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі облыс бойынша 90 адамға тапсырылды. Солардың қатарында  әріптестеріміз, облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» газеттерінің бас редакторлары Көсемәлі Сәттібайұлы, Бекет Момынқұл, «Қазақстан РТРК» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген бар.  Лариса Лысова әріптестерімізге мерекелік медальды табыс ете отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екендігін баса атап көрсетті. Сонымен қатар,  осы басқосуда тағы екі әріптесіміз, облыстық «Ақ жол» және «Знамя труда» газеттерінің бөлім редакторлары Тұрсынбек Сұлтанбеков пен Наталья Перфильева Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатталған азаматтар атынан облыстық өзбек этномәдени орталығының мүшесі, сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Қаһар қажы Усменов облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына алғысын білдіріп, «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, береке- бірлігіміз арта берсін!» деген тілегімен бөлісті.

«Ақ жол-Ақпарат».