Көк тудың желбірегені – елімнің асқақ беделі
Көк тудың желбірегені – елімнің асқақ беделі
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні облысымызда кең көлемде аталып өтті
Отанды сүю – рәміздерге құрметтен басталады
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын елімізде асқақ рухпен, шалқар шабытпен аталып өтеді. Бұл – тәуелсіздігімізді төрткүл дүниеге танытып тұратын қасиетті құндылықтарға деген құрметтің белгісі. Биыл да солай болды. Мерекелік шаралар Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында «Менің Туым! Менің Елтаңбам! Менің Гимнім!» атты шерумен басталды. Шеру екі бағытта ұйымдастырылды. Бірінші бағытта 10 автомобиль мен байкерлер мінген 10 мотоцикл орталық көшелермен мемлекеттік Туымызды желбірете жүріп өтті. Ал екінші бағытта ұзындығы – 10, ені 5 метрді құрайтын алып мемлекеттік Ту ұстаған 100 жас азамат пен Елтаңба бейнесін тік көтерген 32 сарбаз салтанатты маршпен орталық алаңнан Тұңғыш Президент саябағын бетке алды. Олар Төле би даңғылының бойымен әуендете алға басты. Осы көріністің өзі талай жанның кеудесінде мақтаныш сезімін маздатып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Осы күні сағат 11.00-де қалада орналасқан барлық мекемелер мен еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында бір мезгілде мемлекеттік Гимн шырқалды. Бұл орайда «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауытындағы шараны үлгі ретінде атап көрсетуге болады. Зауыт аумағында 1000 адам «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы. Ерліктің дастаны, еліме қарашы...» деп басталатын Әнұранды асқақ рухпен қосыла шырқады. Мереке құрметіне күні бойы халық көп жиналатын орындарда, атап айтқанда, темір жол бекетінде, орталық «Достық» алаңында, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жастардың флеш-мобы өткізілді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік рәміздер – егемендік белгісі», Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Отан! Қазақстан! Тәуелсіздік!» тақырыптарында кітап көрмелері ашылды. Облыс орталығындағы мерекелік шаралар легі осы күні кешкісін Тұңғыш Президент саябағында патриоттық акциямен түйінделді. * * * Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні – мерейлі мереке, аса қасиетті күн. Айтулы мереке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында «Бір Ту астындағы Тәуелсіз Қазақстан!» атты акция аясында барынша сән-салтанатпен аталып өтті. Мерекелік шараны жүргізушілер мемлекеттік және ресми тілде мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимннің қасиеттерін тебірене жеткізді. Облыстың жас патриоттары Қазақстан Туы мен Елтаңбасын салтанатты шерумен алып келді. Сағат тілі 11.00-ді соққанда қол күресінен үш дүркін әлем чемпионы Дмитрий Трубин, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Берік Үсенбаев, №45 қазақ классикалық гимназиясының түлегі, республикалық ғылыми жобалар байқауының жүлдегері Мадина Жақсылықова және №46 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Валерия Юрченко мемлекеттік Туды әскери оркестрдің сүйемелдеуімен көтерді. Мемлекеттік Гимн орындалды. Мемлекеттік рәміздерге осылай құрмет көрсетілген соң, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз алып, мерекелік шараға қатысушыларды құттықтады. – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі – бұл ел өміріндегі айрықша оқиға. Өйткені, мемлекеттік рәміздер – ұлттық тұтастықтың кепілі. Тәуелсіздіктің негізі, азат елдің символы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деп, патриоттық акцияға қатысушыларға ізгі тілегін арнады. Одан әрі облыс әкімінің орынбасары кез-келген тәуелсіз мемлекеттің өз рәміздері болатынын, дербес мемлекетті бірінші кезекте оның мемлекеттік рәміздері арқылы танитынына тоқталды. Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміздің әлемдік аренадағы беделі артып, Отанымыздың Туы астында еліміздің бірлігі мен берекесін, Әнұранымызбен барша қазақстандықтардың жетістігін дүниежүзіне паш етіп келе жатқанымызды да тебірене айтты. «Біздің рәміздеріміз бізді елдікке, бірлікке, достыққа шақырады. Көк Туымызды, Елтаңбамызды және Әнұранымызды өз жанымыздай қастерлеп, құрметтеуіміз қажет. Өйткені, шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік оның мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады. Ал Қазақстанның шынайы патриоты болу – Қазақстанды жүрегінде сақтап жүру, Отанға, елге қызмет ету, Отанды қорғау, атамекенді сақтау. Міне, осының бәрі – патриоттықтың үлгісі», – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Ол құттықтау сөзінен кейін Қазақстан Республикасында ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталған Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешоваға қоғамдық «Бірлік» алтын медалін, сондай-ақ ұлттық мәдени орталықтар мен бірлестіктердің бір топ жетекшілері мен мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Әлем чемпионы Дмитрий Трубин мен жас қаламгер, ақын Нұржан Қадірәлі мерекелік шараға қатысушыларға жүрекжарды тілектерін арнады. Салтанатты шара барысында «Ақ кербез» бишілер тобы «Шаттық» биін мың бұрала биледі, жас әншілер «Көк Тудың желбірегені» әнін шырқады. Патриоттық акция соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол». Тараз қаласы. Суреттерді түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.