Әлеумет

Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?..

Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?..

түз тағыларының өз "заңы" бар

Қазақ «Дала жиһанкезі» деп келген киелі киік атаулы 2014 жылғы санақта 250 мыңнан асып түссе, биыл киіктер төлдейтін «құралай салқыны» мамыр айында 120 мың басы әлі анықталмаған себеппен қырылды. Дүниежүзіндегі ақбөкендердің 90 пайызы қазақ жерінде өсетінін ескерсек, бұл табиғат жанашырлары үшін үлкен қырсық. Бөкендердің дәл бұлай жаппай қырылуы бірінші рет емес, Кеңес үкіметі кезінде де көп шығын болған. Ал 1987 жылы 100 мыңдап өлген. Кеңестік билік оны аса көп жария да жасаған жоқ. Одан кейін Қазақстандағы малдың 80 пайызын жалмаған 1993-94 жылдардағы қатты қыста, малдары қырылып жұмыссыз қалған совхоздардың браконьерлерінен мүйіз «саудасы» қосылып, өмірі мамонттар дәуірінен жалғасқан киік атаулы жойылуға шақ қалған. Тек 2000 жылдары ғана Елбасымыздың тарапынан тікелей нұсқау беріліп, қыруар қаржы бөлдіріп, тік ұшаққа дейін сатып алынып, оған халықаралық ұйымдар атсалысып, жаңа мекемелер құрылып кешенді жұмыс жүргізілген соң, аз жылдың ішінде бөкендер осы дәрежеге өскен еді. Кеңес үкіметі кезінде бөкендердің көбі Бетпақдалада өсіп-өнді. Өсімдіктің 33 түрімен қоректенетін, күніне 20-44 шақырым өріс жасайтын киіктердің табиғат болжау қасиеті де бар. Мәселен, қар қалың жауар, аяз қатты болатын жылдары ақбөкендер Арқадан – Бетпақдала – Шу өзенін мұз үстімен басып өтіп, Арал-Қарақұмға дейін барып, қыстап шығып, көктемде көгі ерте жетілетін жайлы құмда әл жиып-қоңданатын. Ал төлдейтін мамыр айының басында ғана солтүстікке лек-легімен шұбап өтетін. Ондай күндері инспектор-қорықшылар арнайы «қорғаумен» шығарып салатын. Мұндай еркін өріс алып, күн кешкен жылдары бұл жануарларда көп шығын болмайтын. Иә, түз тағылары да сиырдағы «қарасан», қойдағы «топалаң» сынды жаппай өлім әкелетін пастереллез сынды ауруына ұшырайтыны анық. Ескерілер нәрсе – мұндай қатер ауруларға жануарлар азғындаған сәтте иммунитеті төмендеп, тез ұшырайды. Түз тағыларының мұндайдан қорғанар өз «заңы» бар. Олардың әр күнгі өрісі, жаз жайлауы, қыс қыстауы есептеулі, ол жолдан адастырсақ сөз жоқ, тез қиналып, азғындай бастайды. Биыл саны тез көбейген Бетпақдала киіктерінің көп бөлігі облыс аумағында да өріс алған. Арқада қар қалыңдаған соң, сөз жоқ, олар қызыл құмға өтуге бет алды. Егер оларды сондай сәтте өзіміз жол ашып, қызыл құмға өткізіп, қорғауға алсақ, көп шығын болмасы анық. Ел экономикасы, ел жағдайы түзелген сайын табиғат жанашырларының да саны артып келеді. Жердің «құрты» сияқты кейбір санасыздар болмаса, жаппай браконьерлік деген жоқ. Кешегі кеңестік кезеңді «аңсаған» кейбіреулер ішкі есеппен, құмдағы сексеуіл орманының өзін «түк қалмады, бәрі бітті» деп өтірік байбалам салуда. Ал қырға шықсаңыз, еккен жердің сексеуілінен екпеген жас өскін орман 100 есе көп. Бұл адал ниетті ел нәсібі шығар, оған тәубе делік. Ал «түз тағыларының өзіндік өсіп-өну заңына жүгіну, қазақ табиғаты бай болсын», – деген әр азаматтың парызы болуы тиіс.

Жапар САТЫЛҒАНОВ, «Аңдасай» мемлекеттік зоологиялық қаумалы меңгерушісі, натуралист-құсбегі.

Мойынқұм ауданы.