Саясат

Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз!

Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз!

Мемлекеттік рәміздер – елдің елдігін танытатын басты құндылықтың бірі. Сондықтан да әрбір азамат рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті. Бұл туралы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық Заңының 13-бабында айқын көрсетілген. Сонымен қатар бекітілген стандарттарға сәйкес, рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған қалпында қолдануға жол берілмейді. Міне, мұның бәрі де тәуелсіздік нышандарын қастерлеудің алғышарттары.

Сейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында осы мәселеге айрықша назар аударылды. Күн тәртібінде негізінен Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу және Мойынқұм аудандарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану жөніндегі жұмыс тәжірибесі қаралды. Басқосуға облыс әкімдігі басқармаларының, аумақтық департаменттердің басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова хабарлама жасады. Рахия Сейітбекқызы өз хабарламасында мамыр айында аталған аудандардағы мемлекеттік мекемелердің рәміздерді пайдаланудағы заңдылықтардың сақталуына жүргізілген тексеруге барлығы 160 мекеме қамтылғанын тілге тиек етті. Хабарлама барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау, пайдалану және қолдану тәртібі туралы мол мағлұматтар берілді. Конституциялық Заңның 4 және 6-бабына сәйкес жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында, мәжіліс залдары мен бірінші басшысының кабинетінде мемлекеттік Ту мен Елтаңба міндетті түрде орналастырылуы тиіс. Тулардың ұштықтары стандартқа сәйкес 245 миллиметр өлшемінде болу керек. Ту сабының беті тегіс және ақауларсыз болуы, саптың түсі Ту түсімен үйлесуі қажет. Сонымен қатар Конституциялық Заңның 13-бабы 2-тармағында, жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға ұдайы мемлекеттік Ту тігіледі, мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылуы керек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашасындағы №1371 қаулысына сәйкес мекемелердегі маңдайшаға көлемі 120-200 миллиметрлік мемлекеттік Елтаңба орнатылуы қажет. 2012 жылдың 28 маусымында Конституциялық Заңдағы «Мемлекеттік стандарт» деген сөздер «Ұлттық стандарт» деген сөзбен ауыстырылған. Бұл талап та басты назарда болуы тиіс. Басқосуда қаралған мәселе бойынша Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Сағындық Кенжебаев, Т.Рысқұлов, Шу, Мойынқұм ауданы әкімдіктері ішкі саясат бөлімдерінің басшылары Нұрдәулет Жамалбеков, Қанат Жапабаев, Манарбек Көшкімбаев есеп берді. Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Ерқанат Манжуов мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір азаматтың қасиетті борышы екендігін, бұл орайда заң талаптары қатаң сақталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ Е.Манжуов 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнін жоғары деңгейде атап өту туралы нақты тапсырмалар берді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».