Әлеумет

САЙРАМБАЙДЫҢ САБАНТОЙЫ

САЙРАМБАЙДЫҢ САБАНТОЙЫ

Атам қазақ «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Баба аманатын басшылыққа алған Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың қорасында қазіргі таңда 14 мың бас асыл тұқымды қой бар. Алдыға қойған межелі мақсаттары да айқын. Ол – 2017 жылға дейін шаруашылықтағы қой санын 40 мың басқа жеткізу.

Бұл ретте Т.Рысқұлов ауданында өткен айтыста ақын қызымыз Сара Тоқтамысованың: «Құланның қойларынан хал сұрасаң: «Қожамыз – Сайрамбай» деп маңырайды» деп жырлауы «Шәушеннің» қорасы қойға, шарасы майға толған ең іргелі шаруашылықтың біріне айналғанын, Сайрамбай бастаған жігіттердің игілікті тірліктерін бір облыс жұрты ғана емес, бүкіл ел білетінінің бір мысалы болса керек. Осы «Шәушен» шаруа қожалығы көктемгі мал төлдету науқанын жоғары көрсеткішпен, жақсы нәтижемен аяқтап отыр. Өз кезегінде шаруашылық басшысы Сайрамбай Әліқұлұлы Кеңес Одағы тұсынан кейін ұмытыла бастаған сабантой мерекесін өткізіп, шопандарына шаттық сыйлады. Жұрт «Сайрамбайдың сабантойы» атаған осынау малшылардың мерекесінде сөз алған аудан әкімі Жарылқасын Айтақов шопандықтың арқасында шаруасын дөңгелетіп, құрған шаруашылығы елдің құт-берекесіне айналып отырған С.Дөненбаевқа алғысын айтып, тірліктеріне табыс, береке тіледі. Одан кейін сөз кезегі шаруашылық басшысы Сайрамбай Дөненбаевқа берілді. – Қазақ хал-жағдай сұрасқанда «Мал-жаның аман ба?» дейді. Көрдіңіз бе, ең бірінші кезекте жанның саулығын емес, малдың саулығын сұраған. Құдай оңдаса, биыл осы төрт көзіміз түгел жиналып отырған тау бөктеріне қазақтың төл сусыны сары қымызбен емдейтін сауықтыру орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін ауылымызда жас жеткіншектердің өнерін шыңдай түсуге арналған Мәдениет үйін салу жоспарымызда бар. Ал бүгінгі мереке жайлы айтар болсақ, бұл дәстүрді осы жерде отырған қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты апаларымыз жақсы біледі. Кейінгі кезде осынау игі дәстүр ұмыт бола бастады. Бұйырса, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасын табатын болады, – деп жиылған жұрттың көңілін жадыратты ол. Айтулы мерекеде еңбекқорлығымен танылып, жемісті еңбек еткен, 100 саулықтан 100 бас қозы төлдеткен шопандар – Марат Расилов, Ақтөре Исаев, Қуаныш Тозғанбаевтар аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, қожалық басшысы Сайрамбай Дөненбаев өз атынан бір-бір құлынды биені қанжығаларына байлады. Бұлардан өзге шопандарға да сый-сияпаттар табыс етілді.

Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ,  «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.