Өмірі өнеге, еңбегі ерен еді
Өмірі өнеге, еңбегі ерен еді
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ауданның «Құрметті азаматы» марқұм Артықбай Нарматов туралы кезінде «Өмірі аңыз, ісі нағыз», «Жігіттер бар қазақта арғымақтай» деп ақындар өлең арнап, журналист қалам тербесе, өзінің көзі тірісінде жазып қалдырған естелігі негізінде «Өнегемен өрілген өмір» тақырыбымен (демеушісі кенже ұлы Нұрбек) шыққан кітаптың (авторы Ж. Иманбекұлы, Тараз-2011 жыл) кейіпкеріне айналған қариямызды Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында есімін құрметпен тағы бір еске алмақ ниетпен қолға қалам алдық.
«1938 жылы аудандағы бір ғана Калинин атындағы қазақ орта мектебінің 8-сыныбын тәмамдаған соң, күнкөріс қамы қиындап, оқуды ары қарай жалғастыруға мүмкіндік болмағандықтан, кез-келген әртүрлі жұмысты істеуге тура келді», – деп бастап жазыпты Артықбай Нарматов қария өз естелігінде. Колхозда алғашында есепші боп, кейін есептің қыр-сырын әжептәуір меңгеріп, 1942 жылдың наурыз айына дейін есепші-бухгалтерлікке дейін көтерілгенін, бірақ, орта жолда 1941жылы 22 маусым күні неміс фашистерінің Кеңес одағына опасыздықпен соғыс ашқанын айта келіп, былай дейді: «Соғыс басталған алғашқы күннен бастап, өз еркімен көптеген ер-азаматтар майданға аттанып жатты. Кеңес Одағы халықтарының Отанға деген патриотизмі, бұрын-соңды болмаған күш-жігерлері арта түсті. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін өздерінің ер-азаматтарын майданға аттандырып, олардың аман-есен елге жеңіспен оралуына тілектерін айтып, бата берді. Бұл соғыс бұрын-соңды болмаған, қасіреті, кесапаты мол соғыс еді. Өйткені, біреулер жалғызынан айырылса, артында жары – жесір, балалары – жетім қалды», – деп Артекең жаны күйзеле отырып, армияға алынғаны, сондағы қиындықтары туралы тәптіштеп жазыпты: Меркі әскери комиссариаты наурыз айының бас кезінде, 1942 жылы жалпы орта және орталау білімі бар он сегіз жас жігітті медициналық сараптамадан өткізіп, Ашхабадтағы әскери училищеге жолдама беріп, аттандырды. Ашхабадтағы алғашқы апталардың ішінде әскери тәртіпке көндіге алмай жүрдік, бірақ қиындықтан қашып қайда барамыз, көнуге тура келді. Ашхабадта аспан айналып жерге түскендей, Алатау баурайындағы Меркінің таза ауасын жұтып, салқын, таза, мөлдір суын ішіп өскен басымыз, күннің ыстығына шыдай алмай алқынып, демалу оңайға соққан жоқ. Әскери жаттығу, машықтану, саяси сабақ, мылтық, автомат және басқа да қару-жарақтарды шашып, қайта жинау, жүгіру, секіру, еңбектеп жүгіру, жаудан жасырына білу, оны қолға түсіру, нысананы көздеп ату және басқа да әскери іс-қимылдарды жаттығу алаңында өткізіп, әбден шаршап, казармаға жығылып-сүрініп жетуші едік. Міне, сол жауынгерлік жаттығулардан соң-ақ аспан мен жер тұтасып, отқа оранған майдан шебіне де жеттік. Соғыс даласы, отқа күйген құйқадай қоңырсыған оқ-дәрі иісі қолқаңды қапса, шұрқ-шұрқ тесілген, ойдым-ойдым боп опырылған жер төсінің өзі үрейіңді ұшырып, зәре құтыңды қашырады. Барлаушылардан, Жоғары Бас штабтан шұғыл бұйрық келді ме, біздің артиллерия полкін тездетіп Дон өзенінің арғы бетіне өтуіне әрекет жасады. Әлденеге мазасызданып буырқанған Дон өзені, оның үстіне аяқ басқан сайын әткеншектей тербетіліп, бірде керіліп, бірде резеңкедей созылып тұрған аспалы көпір. Осындай үш аспалы көпірден артполкты өткізіп, қалың орманның қалқалау жеріне апарып, тоқтатты. Қөп ұзамай-ақ, аспан асты, жер үсті гүрілге толып, фашист ұшқыштары өзен үстіндегі әлгі көпірлерді әкелерінің құны қалғандай, үсті-үстіне төніп кеп, тұтқиылдан бомбалай бастады. – Апырай, – деймін ішімнен: – Су екеш су да жанады екен-ау. Енді аз болмаса, өзіміз де мына от құшағында қалмақшы екенбіз ғой,-деп ойладым. Иісшіл иттей тіміскілеп жүріп байқап қалды ма, енді жау ұшақтары біз тұрған жерге шүйілді. Топырақты аспанға атып жатқан бомбаның жарықшақтары, тасадағы аттарға түсті ме, байғұс аттардың дауысы шығып кісінегені құлақ тұндырады. 1942 жылдың қараша айында даңқты қолбасшы Рокоссовский Дон майданы бойынша неміс-фашист басқыншыларына қарсы шабуылға шығуға бұйрық берді. Мен ол кезде взвод командирі едім. Бұйрықта көрсетілген уақыт бойынша Дон майданы басталды. Аз уақыттың ішінде аспаннан тасталған бомбадан, жерден атылған оқтан, аспан мен жердің арасы отқа оранып, жер үстінің астан-кестеңі шықты. Өлім мен өмір шайқасы басталды. Жауынгерлердің жауға деген өшпенділігі соншалық «Отан үшін! Сталин үшін!» деп бар дауыспен ұрандаған бойы алға ұмтылып, соққының үстіне соққы беріп, олардың есін жиғызбады. Бақылау пунктінде команда беріп отырған артдивизия командирі майор Мирошниченко немістердің 25 шақырымға шегінгенін, 30 шақырымнан соң қаша бастағанын, енді жоғарыдан берілген бұйрық бойынша қашқан жауды өкшелей қуу керектігін хабарлады. Біздер тез жиналып, оларды қуа жөнелдік. Жол-жөнекей «Ростов на Дону» теміржол торабындағы «Суровкина» стансасын басып алдық. Осы шайқаста жүздеген фашистік гитлершілердің өлігі қалып, ондаған танкілер, басқа соғыс техникалары өртеліп, оларға азық-түлік әкеле жатқан үлкен эшелон қолға түсті.1943 жылы қаңтар айының соңында «Белая Колиства» деревнясындағы қанды шайқаста ауыр жараланып, госпитальға түстім. Жарты жыл бойы Морозов атындағы қалада госпитальда емделдім. Жарақатым жазылды деген кезде Гарнизон комиссиясы «Әскер қатарына жарамайды» деген қорытынды шығарып, ауылға қайтаруға ұйғарым жасады». Иә, айтса айтқандай жиырмадан асқан балаң жігіт, жас жауынгер Артықбай Нарматұлы от пен оқтың ортасында аждаһадай аранын ашқан ажалмен бетпе-бет келіп, ақырында бір аяғын соғысқа беріп, қос балдаққа сүйеніп, туған ауылына оралды. Қаралы хабардың жаршысындай болған қара қағаздан жүректері шайлығып, зәрезап болған ауыл адамдары Артықбай келгенде өлгендері тіріліп, өшкендері жанғандай мәре-сәре боп, қуаныштан жылап көріскендерінің өзі ұлан-асыр тойға бергісіз еді. Бірақ, қай кезде де соғыс ауыртпалығы оңай болған ба, жабырқаңқы ауылын, жадау тұрмысын көрген Артықбай жаралымын деп жан тыныштығын ойлап, жайбарақат жата алмады. Жарақаты біршама тәуір болған соң балдаққа сүйене жүріп, аудандық статистикалық бөлімнің меңгерушісі болып ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. Мінсіз қызметін және талапшылдығы мен ұйымдастырушылық іскерлігін танып-білген аупартком хатшысы енді оны шаруашылығы құлдырап, аудан экономикасын кейін тартып тұрған Большевик колхозына төраға етіп сайлады. Талабы таудай жан емес пе, бір жағынан Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби) ҚазМҰУ-дың экономика факультетіне сырттай оқуға түссе, екінші жағынан, күн-түн демей, істің көзін, көпшіліктің тілін тауып ұжымшарды аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылыққа жеткізгенін ақтоғандықтар күні бүгінге дейін мақтанышпен айтып отырады. Еңбегі еленіп, Ақтоған ауылының және Меркі ауданының «Құрметті азаматы» атанса, омырауындағы «Отан қорғауда алған І дәрежелі» және «Құрмет белгісі» ордендерімен бірге ондаған медальдары жарқырайды. Ал ел-жұрттың шынайы алғысы мен құрметі өз алдына бөлек әңгіме. Өкініштісі, осынау соғыс және еңбек ардагері, өмірі өнеге, еңбегі ерекше абзал қария Артықбай Нарматов та, оның Құдай қосқан қосағы, ұлағатты ұстаз атанған Зүкен Әубәкірқызы да бүгіндері арамызда жоқ. «Орнында бар оңалар» дейтін аталы сөзге тоқтасақ, олардың бақытты шаңырағында дүниеге келген ұлдары мен қыздары, жоғары білім алған мамандық иелерінің әрқайсысы өз орнын тауып, өсіп-өнген Артықбай ата әулетінің отын жағып отыр.
Жақсымбет Иманбекұлы,
Меркі ауданы.