Бәрі де ұрпақтар үшін
Бәрі де ұрпақтар үшін
Бүлдіршіндер шын мәнінде бақытты. Өйткені мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы күн тәртібінен түскен емес. Әрбір мектептің жанынан шағын орталықтар ашылуда. Облыстық, қалалық балалар ауруханалары жаңа ғимараттарға көшіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, білікті мамандармен толығуда. Жазғы маусымда бүлдіршіндерді сауықтыру үшін түрлі лагерьлер жұмысқа кіріседі. Осының бәрі бүлдіршіндер үшін жасалған әлеуметтік қамқорлық. Өркениетке ұмтылған елде балалардың құқығы осылай қорғалса керек.
Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты «Жамбыл жастары» шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасы өтті. Оған облысымызға танымал жас әнші-бишілер, сиқыршылар қатысып, бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. Шараға облыстық жастар орталығының ұжымы белсене атсалысты. Концерт соңында демеушілердің атынан балақайларға сусын, балмұздақ тегін таратылды. Іңір таяған шақтағы отшашу алқара көк аспан жүзін тілгілеп, бүлдіршіндерді шаттыққа бөледі.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».
Тараз қаласы.