Әкем тоғыз келіншекке ғашық болған екен...
Әкем тоғыз келіншекке ғашық болған екен...
бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы қазақтың халық ақыны, жезтаңдай әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген Өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы
«Қазір алпыс әні шырқалып жүр»
– Апай, тектіден қалған тұяқсыз ғой, «Шырқа, даусым!» байқауы өз деңгейінде өтіп жүр. Жалпы байқаудың өту барысы көңіліңізден шыға ма? Таразға жиі келіп тұрасыз ба? – Ақиқатында менің өзім де сексен жасқа жақындап қалдым ғой, қарағым. Біраз бұрын Төле бидің мерейтойына шақырғанда аяғым ісіп кетіп, ауырып қалдым. Соған байланысты Тараз топырағына табан тіреуге мүмкіндік болмады. «Шырқа, даусым!» осымен жетінші рет өтті, мен біреуінен қалған жоқпын. Осы жолы келе алмай қалам ба деп қауіптеніп едім, Аллаға шүкір, байқаудан сырт қалған жоқпын. Өзім бастағанмын, өзім аяқтаймын деп шапқылап жүрген жайым бар. Бұл байқау облысты Серік Үмбетов басқарып тұрған кезде бастау алды. Мәдениет министрлігі қолдау көрсеткенін де айта кеткеннің еш сөкеттігі жоқ. Аллаға шүкір, бұрын «Көкшолақ», «Бозторғай» секілді белгілі деген 7-8 ғана ән шырқалып келсе, қазір 50-60 әні орындалып жүр. Атаның жүзден астам әні бар. Әлбетте, біреу тәуір айтады, біреу орташа, біреу нашар. Бастысы елге тарап жатыр. – Сіз неге өнер жолын таңдамадыңыз? Мәселен, консер-ваторияға баруыңызға болушы еді ғой... – Дәл осы ойды бір кездері атаға айттым. Бірақ ол кісі жақтырмады. Сол бір дәуірде түсінік басқа еді. «Консерваторияға барса, бет аузын бояп, әнші боп кетеді» деген түсінік болғанын да жоққа шығармаймын. Атам Құдай берген талантымен танылған. Өзі ақын, өзі сазгер. Сегіз сырлы бір қырлы болғанына қарамастан, оқымаған адам ол кісі. Сол себепті де консерваторияны ұнатпаған болар. «Шырағым, сен қоя ғой, өнер саласында еңбектенуге сенің мінез-құлқың, болмысың келмейді» дегенді шорт кесіп айтты да, рұқсатын бермеді. Сол себепті мен ұстаз болып кете бардым. Оған қарамастан, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырдым. Атаның әнін насихаттаумен күні бүгінге дейін шұғылданып келемін. 90 жылдығында пышақтың қырындай 4 томдығы жарыққа шықты. Оның редакция алқасында болдым. Атаның әнін радио, телеарна арқылы елге таныта түсуіме Мырзатай Жолдасбеков көп үлесін қосты. Эфирлерге шақыртты. Тұрмыс құрған соң, зоб деген ауруға шалдықтым. Ол кезде медицина дамымаған кез. Мойын тұсыма жасалған ота кезінде дыбыс байламыма залал келтірген болуы керек, ән айтпақ түгілі жәй ғана сөйлеудің өзі мұңға айналды. Мектепте сабақ беруге жарамайтынымды айтып, сағатымды да қысқартты. Өзім орындай алмасам да, Алланың қолдауымен жоғарыда айтқан Елебеков атындағы колледжде жастардың бойына атаның әнін сіңірдім. Музыкалық білім болмаса да, өз бетімше, естігенім, білгенім бойынша барымды салып үйретуді жолға қойдым. «Көпшілік тыңда, әнімді», «Күләшқа» секілді көптеген әндер тіпті атаның орындауында да жазылмай қалған-тын. Оның бәрін мен білемін. Мақсатым, шырқалып жүрген әндерді емес, қалтарыста қалған шығармаларды насихаттау болды. Сол үдеден шықтым да. – Атаның әндерінен байқау өткізуді өзіңіз қолға алған дегенді естиміз... – Ол рас. Шынтуайтында ұлтымыздың ұстыны саналып келген дәстүрлі әндер назардан тыс қалып кеткен кезеңдер болды ғой. Ал Кенен аталарың дәстүрлі әннің алтын қазығы екенін білесіңдер. Оның әндері толған дәстүр. Осыны ескере отырып, Елбасының қасында жауапты қызметте жүрген қазақ елінің дара жазушысы Әбіш Кекілбаевқа : «Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің әндерінен байқаулар өтіп жатады. Ал сазгерлердің атасы Кенен Әзірбаевтың әндерінен неге конкурс өткізілмейді? Барлығы эстрада деп еліріп жүрген кезде, ұлттық өнерді дамытуымыз, насихаттауымыз керек емес пе?» деп хат жаздым. Хатым ол кісінің қолына тиіпті. Сол сәтте-ақ сол жылдардағы мәдениет және ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбаевқа, Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетовке де хат жаздым. Ол хаттардың бәрі әлі күнге сақтаулы тұр. Сол жазбалардан кейін жан-жақты қолдау болды. Соның нәтижесінде атаның туған елі Жамбыл жерінде екі жылда бір мәрте Кенен Әзірбаев атындағы әншілердің республикалық байқауын өткізуге қол жеткіздік. Байқаудың атын да өзім қойып бердім. Жазған хатымда «Шырқа, даусым!», «Әнім қалсын» сынды әндері бар дегенді де көрсеткен едім. Осы атаулардың бірін таңдауды да ұсындым. Солай болды да. – Өзіңіз атаның әнін үйреткен жастар түбегейлі дәстүрлі ән саласында жүр ме, әлде эстрадаға кеткендері де бар ма? – Шынын айту керек, олардың барлығы бірдей дәстүрлі әннің құлағын ұстады десем, артық айтқан болар едім. Өмір өзінікін жасайды. Сан тараулы өмір соқпағы олардың кейбірін эстрадаға қарай ығыстырды. Тек шынайы өнер жолын таңдағандары, ұлттық музыканың ыстығына күйіп, суығына тоңамын дегендері ғана дәстүлі әнді дамытып жүр. Тағы бір жайтты айта кетейін. Шәмші десе, оның атындағы байқаулар Шымқалада өтеді, Кенен десе Жамбыл жерінде ұйымдастырылады. Атам тек Жамбыл жеріне ортақ азамат болған жоқ қой. Күллі Алаш жұртының ортақ мақтанышы емес пе? Осы ретте бұл байқауды тек Тараз топырағында ғана емес, өзге қалаларда да өткізген жөн деп ойлаймын. Мырзатай Астанада 125 жылдық мерейтой қарсаңында Президенттің мәдениет үйінде ұйымдастырды ғой. Сол жерде атаның әндері 2 сағат бойы шырқалды. Бұл да дәстүрлі өнерді насихаттаудың бір түрі. – Астана туралы айтып қалдыңыз. Елордада Кенен Әзірбаев атындағы мектеп немесе көше атауы бар ма? – Атаның атында еліміз бойынша мектеп көп. Осы Тараз жерінде бір кинотеатрдың атауы берілген еді. Кейін ол жеке меншік болып кетіп, аты алынып тасталыныпты дегенді естідім. Көше көп. Ал енді ескерткіш жағына келетін болсақ, не Алматыда, не Астанада жоқ болатын. Осыны назарға алып, «Өмір бойы Алатаудың баурайында өскен, ылғи да Алатауын шығармасына арқау еткен Кенен Әзірбаевқа Астана мен Алматыдан неге бір ескерткіш тұрғызуға болмайды?» деген мәтінде хат жазып едік, сол хатымыз ескеріліпті. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед, Ахметжан Есімов сынды азаматтар қолдап, бюджеттен қаржы қарастырыпты. Енді Алматыдан Кенен Әзірбаев атындағы көшенің бойында ескерткіш бой көтерді. Бұл да Кенен Әзірбаевқа деген құрметтің, ілтипаттың бір нышаны. Астанадан көше сұрап жатырмыз. Бір жауабын күтіп отырған жайымыз бар. Ал енді аудан орталықтарының аты берілген емес. Кенен атындағы ауыл бар.
«Ерзакович көмектеспегенде әндері елеусіз қалар еді»
– Кенен Әзірбаевты бала жанды болған деп жиі естиміз, ол кісі сізді қалай еркелетуші еді? – Атам маған арнап ән де, өлең де шығарды ғой. Мен дүниеге келген кезде ол кісі 52 жаста болыпты. Өзің ойлашы, 52 жастағы азаматтардың баласы тұрмақ, немересі болады ғой. Атам маған арнап, «Төрткенім-ай!» деген ән жазды, одан бөлек ұзатуыма да арнап өлең арнағаны бар. Өлеңінің бір жерінде: «...сазын ешқашан өзгертпе, еліктеп, еріп басқаға. Ән-мұрам саған аманат, Домбыраны тастама» деген жолдар ұшырасады. Осы тармақтар маған қатты әсер етті. Бұл үлкен аманат қой. Ол кезде жағдай болыңқырамады (апай көз жасына ерік берді). Зоб ауруыма ота жасататын кезде тіпті мұңайдым. Әлгі әннің бәрін мен білемін. Атама маған ота жасайтынын жыламсырап жеткізгенімде: «Ой, шырағым-ай, әннің бәрін саған үйретіп едім, ешқайсысы нотаға түспеді, енді қайтеміз? Сен дереу Нұрғиса Тілендиевке бар. Сенің орындауыңда нотаға түсірсін» деді. Атаның аманатын арқалап, Нұрғиса ағаға барып едім, ол кісі «Мақұл деді». Алайда, екі барғанымда да орнынан таба алмадым. Атама келіп: «Ата, қойыңызшы, ол кісі кел дейді, шақырған уақытында барсам, таппаймын» деп өз ойымды айттым. Атаның Ерзакович деген досы бар болатын. Борис Григорьевич Ерзакович деген өнертану ғылымдарының докторы. «Әкемнің әндерін мен ғана білуші едім, соларды нотаға түсіріп беруге көмектесіңіз» деп менің сәлемдемемді жеткіз деді. Ол кісіге барып айтып едім, А. Серікбаева деген консерваторияда сабақ беретін ұстазға тапсырды. «Төрткен қанша ән біледі, соның бәрін нотаға түсіріп бер» деп нақты тапсырма берді. Сол кісінің арқасында әндерді сақтап қалдық. Осылайша атаның белгісіз болып қалған әндері қайта «тірілді». Атаның 125 жылдығында жарық көрген 5 томдығы үлкен болып шықты да, тойға келген меймандарға таратылды. Былтыр фортепианоға түсірілген әндерін Астанада тұратын Бақытжан інім екеуміз домбырамен орындалатындай етіп, нотаға түсірдік. «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім» деген кітапты шығардық. Бұл жерде 100 ән жинақталған. Атаның айтыстары да, 6 күйі де қалтарыста қалған жоқ. Әр әннің шығу тарихын да жаздық. Осы кітаптың атымен аттас қылып, дискі де шығарттық. Ол дискіде түгелімен әкемнің орындаған шығармалары бар. «Әнім қалсын» атты дискіде атаның әндерін өзге азаматтар орындайды. Аяз Бетпаев, Қайрат Байбосынов секілді Алаштың аяулы азаматтары да бар оның ішінде. Бұдан бөлек әкем туралы жазылған күллі естеліктерді жинастырып, «Екі Кенен тумайды» атты кітапты құрастырдық. Ол жинақтың жарық көруіне сол кездегі Алматы қаласының әкімі Заманбек Нұрқаділов қол ұшын берді. 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Серік Үмбетовке барып, сыймай қалған естеліктерді топтастырып, «Бұлбұл еді, дүлдүл еді» атты кітапты да шығартқанымыз бар. 100 данасын Ш. Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханаға табыстадық. Бір сөзбен айтқанда, Бақытжан екеуміз перзенттік парызымызды, қарызымызды қолдан келгенше өтеп жатырмыз. Қазір кітаптар 1000 дана таралыммен шығады. Біз тұрмақ, атақты жазушылардың кітаптарының өзі сол 1000 данамен шығады ғой. Ол кімге жетсін? Әйтеуір, тіршілік жасап жүрміз. – Атаның бойындағы асыл қасиеттер турасында әңгімелеп берсеңіз... – Ол кісі өте бала жанды болатын. Ешқайсымызға ұрысып, зекіп, бетімізден қаққан емес. Бізбен ойнап отыратын. Өте қарапайым кісі еді. Бала кезімізде теледидар деген атымен жоқ, кино тіпті сирек. Дастарханымызда кілең ұлттық тағамдар тұратын. Самаурынға сексеуіл салынып, оның ызыңдаған даусы шығып тұрмаса, атам шай ішпей қоятын. Мінезі сондай еді. Шәйнектің астында міндетті түрде қып-қызыл шоқ болады. Анамыз ол кісіні әбден баптады ғой. 4-5 кесе шайдан кейін әңгімені бастайды. Біз бәріміз сол кісінің тағылымды әңгімелерін тыңдайтынбыз. Тағы бір қасиеті ол кісі қазіргі тілмен айтқанда «пародист» болатын. Жамбыл атаның айтысқандағы иығын селкілдеткенін айнатпай келтіретін. Тіпті, Жамбыл атаның ашуланғандағы сақал мұртының тікірейіп кететінін де дәл салатын. Шашубай ақын оқымаған өнер иесі болатын дегенді де жиі айтып, ол кісінің аттың арғы беті мен бергі бауырына айналып келіп, тақиясын бірде арғы беттен, бірде бергі беттен көрсеткенін де іс қимылмен бұлжытпай орындап, ішек-сілемізді қатыратын. Дауыстарын да, қылықтарын да айнытпай сала білетін. Актер сияқты еді. «Қуырмашты» атамызбен қосылып ойнайтынбыз. Асық, ләңгіні де ойнататын. Қыз болсақ та қызығатынбыз. Шаруа кісі болды. Аттың бабын білетін. Көкшолақтан бөлек, неше түрлі ат мінді. Жалын тарап, бетін сипап, өзеннің жағасына апарып, жуындырады. Сонда әлгі жануар шіркін де ақылды еді. Адам сыртқа шығып ән салса, шұбар аты қос құлағын қайқитып алып, тыңдап тұратын. Осыған қатты таңқалатынмын. Тоқсан жасқа келгенше ол кісі машинаға мінген емес, тек атпен жүрді. Қамшымен атты мүлдем ұрмайтын. Әлгі шыбын өлтіретін бар ғой, аттың құрығынан жасайтын. Соны қамшы ретінде пайдаланатын. Сонымен жай ғана желпіп қоятын. Алматы мен Қордайдың арасын атпен аралады. Жағдайы қиындаған кезде ғана автокөлікке мінуге мәжбүр болды. Сол атпен жүргенінің арқасында «Ой жайлау» секілді ғажап әндер дүниеге келді. Түгел табиғат атаулы көз алдында болды ғой енді. «Мен табиғат аясында атпен жүрсем ғана керемет әндер шығарамын» дегенді жиі айтатын. – «Қыздар мінген байталды, жанай жүрші Көкшолақ» деп қазақтың сайын даласын шарлап әндеткен атамыз серінің нақ өзі болған шығар... – Ой, онысы енді бір төбе. Ол кісі әйел затын өте қатты жақсы көрді. Көрікті қыздарды өте қатты ұнататын. Атамның өзі де сұңғақ бойлы, көрікті, келбетті азамат болды ғой. Ол кісі «Менің үйімде бала-шағам, әкем бар екен» деп ойламайтын болуы керек. Бірнеше күндеп қыдырып жүре беретін. Шешеміз ләм-мим деместен бізбен қалатын. Қазір мысалыға әлгі ұялы телефон арқылы қоңыраулатып, отағасын шырылдатып жататын келіншектер жетіп артылады. Біздің шешеміз ондайды мүлдем білмейтін. Томпайып үйде отыратын. Атам ылғи еркіндікте жүрді. Кейде ол кісінің келбетін көруге өзіміз де зәру болып қалатынбыз.
«Апам Қоразбаевқа «Кененнің баласы емеспісің?» деп әзілдейтін»
– Әйтеуір, басқа бауырларыңызды тауып алған жоқсыз ба? – Әзірге тапқан жоқпын (күлді). Алайда, атаның «Тоғыз келін» деген әні бар екенін білетін шығарсың. Бұл кісі тоғыз әйелді жақсы көрген екен. Қайнаркөз келіншек, Аққұба келіншек, Қараторы келіншек деп ән шырқайтын. Олардың кім екенін біз баламыз, қайдан білеміз? Кейін ес білген соң, сол тоғыз келіншектен тараған бір балалары бар шығар, ә деп ойладық. Ауылға барған кезімде «Ой, айналайын, тура Кенекемнен аумайды» деп айтатын кемпірлерді көрсем болды, «осы менің шешем емессің бе?» деп әзілдейтінім бар. Олар «Қойшы айналайын, Кенекемнің алдынан аттап көрген емеспін» деп ылғи ақталып жататын. Алайда, солардың ішінде бір апайымыз «кінәсін» мойындады. «Қойшы, қайдағыны айтады екенсің» деп кетіп қалды да, әлден уақыт өткен соң «Әй, Төрткен, Кенекемнің батасын алғаным рас еді» деп қалмасы бар ма, ой бір ішек сілем қатып, тоқтамай күлдім. Айтпақшы, Алтынбек Қоразбаев «Сағындым Кенен атамды» деген әнін шығарып, соны шырқаған соң, апама келіп: «Апа, Алтынбек Қоразбаев «Сағындым Кенен атамды» деген ән шығарыпты» деп едім, ол кісі «Мен сол әнді тіршілікпен арпалысып жүріп, тыңдай алмай қалдым, Алтынбекті үйге алып келші, әлгі әнін тыңдап көрейін» деді. Сосын шешем шақырып жатқанын Алтынбекке айтып, үйге шақырғанымда ол қасындағы екі-үш жігітпен бірге келді. Дастархан басында Алтынбек «Сағындым Кенен атамды» әнін аңыратып тұрып орындап берді. Апам тыңдап отырып: «Ей, шырағым, Кененмен 50 жыл бірге өмір сүрген мен де бүйтіп жоқтамап едім, әлгі Кененнің жүрмейтін жері жоқ еді, сен осы Кененнің баласы емессің бе?» деп қойып қалды (апай осы жолы тым ұзақ күлді). Алтынбек болса жымиып қойып: «Оны барып, анамнан сұрауыңыз керек еді» демесі бар ма? Апам болса, айтқанынан қайтпай, «Әй, қайдам, осы сен Кененнің баласысың мен білсем» деп қоймай қойды. Содан кейін Алтынбекті көрген жерімде мен «Әй, бауырым, сен мені ұмытып кеттің бе?» деп қалжыңдап тұрамын. Алтынбек те бұл әзілімді жылы қабылдап, күліп қояды. Сосын әлгі Жамбыл өңірінен шыққан өнер адамдары туралы докторлық диссертация қорғайтын кезінде Мырзатай Жолдасбеков біздің үйде көп болды. Ұзақ жылдар десем де артық етпес. Сол кезде Мырзатай үйге келе жатса, соны күтіп, зарығып, сағынып әбден тосатын. Мырзатайды өте қатты жақсы көрді. Содан не керек, біз атаны Мырзатайдан қызғана бастадық. Мырзатайдың айтқанының бәрін істейді. Ол тұр десе, тұрады, отыр десе отырады. Сөйтсек, Мырзатай әлгі жазатын құралы бар ғой, сендер диктофон дейтін, соны қосып қойып, атаның айтқанының бәрін жазып алады екен. Кейін соның бәрін пайдаланды. Соны соңымнан ерген інілеріме: «Көрдіңдер ме, елдің баласы қандай, ал сендер болсаңдар ойнап жүрдіңдер» деп ұрсатынмын. Сол кезде де апам: «Шырағым, осы сен келгенше Кенекем екі көзі төрт, жүрегі өрт болып, күтіп отырады. Мырзатай келмей кетті, ол қайда жүр деп мазамызды алатынды шығарып алды. Екеуің де Жамбылдың адамысыңдар. Кененнің жүрмеген жері, баспаған тауы жоқ. Осы сен Кененнің баласы емессің бе?» деп айтқаны бар. Соған қарағанда атамның балалары бар шығар, бірақ әлі анық мен Кененнің баласымын деп келген ешкім жоқ. Ешкімді көрген жоқпын (күлді). – Гендік тұрғыдан тексерте салмадыңыз ба? – Ой, ондай медициналық тексерістерге әлі барған да, жолаған да жоқпыз. Күні ертең бауырым табылып жатса, маған келіп амандасып тұрса, оны қабылдауға ешбір қарсылығым жоқ. Әй, бірақ осы мен атамның балалары бар шығар деп өзім де күдіктеніп жүремін (күлді).
«Балуан Шолақпен бірге жүріп, ел аралаған»
– Балуан Шолақпен жақын араласқанын сан қатпарлы тарих беттерінен білеміз, одан бөлек қандай азаматтармен аралас-құралас болды, кімдерді өзіне жақын тұтты ол кісі? – Атам жасөспірім болған кезінде Балуан Шолақ біздің Жетісуға келіпті. Атамның айтуынша, Балуан Шолақтың анасы Көкшетау жақтың қызы болған көрінеді. Әкесі Дулаттың баласы, яғни, біз жақтың адамы болған деседі. Ол кісінің әкесі дүниеден ерте озыпты да, Балуан Шолақ бабамыз анасының құрсағында болған кезінде анасы төркініне тартып тұрған екен. «Балуан Шолақ Көкшетауда туыпты. Ол Көкшенің азаматы» дейтіні сондықтан. Ал тегінде ол кісі Дулаттың баласы болған. Кейіннен Балуан Шолақ сол жақта жүрген кезінде, патша үкіметінің тұсында өгіздер жоғалған деген әңгіме бар. Сол жоғалған өгіздерді «Балуан Шолақ ұрлады» деген әңгіме шыққан сәтте, шешесі ме, әлде басқа кісі ме, «Бұл жақ сенің нағашыларың, мыналар басылғанша Жетісуға барып, паналап кел» деп жіберген көрінеді. Сол себепті Балуан Шолақ Жетісудың айналасында бір жылдай жүріпті. Сосын Қордайға келіпті. Қордайда Еркебай есімді кісі кедей отбасынан шыққан, алайда оқыған, патшаның тілмашы болған екен. Еркебай кісі: «Біздің Қордайға Балуан Шолақ келіп жатыр» деп айтыпты. Оны естіген атам жасөспірім бала ғой. Кездескісі келген екен. Оны Еркебай моншаға түсіріп, астына ат беріп, үстіне дұрыс киім кигізіп, қырғыздың Шабдан деген ханының асына 17 жасында апарыпты. Аста атам ән шырқапты. Атамды Еркебай Балуан Шолақпен таныстырыпты да. Мұны естіген Балуан Шолақ: «Әй, біз сенің Көкшолағыңды» естіп жүрміз. Кәні, әндеріңді шырқашы» депті. Атам болса бірнеше әнін құйқылжыта орындаған. Ал Балуан Шолақ болса, атамның даусын да, жүріс-тұрысын да, өзін де ұнатып, өз нөкерлерінің қатарына сол кезде қосып алыпты. Сонымен, айтып-айтпай не керек, Балуан Шолақ қай жерге барса, сол жерге барып, ән шырқап жүрген жайы бар. Балуан Шолақ шырқаған әннің қайырмасын қосыла да шырқаған дегенді естігенбіз. Солай Балуан Шолақтың қасында жүріп, 11 әнін атам үйреніп шыққан. Ол туралы естеліктер де айттық, жаздық та. Айтпақшы, атам жаңа әзірде сөз еткен 11 әнді Ерзаковичке айтып, нотаға түсіртті. Ол әндер де кейін нотасымен кітапқа шықты. Жұртшылыққа кеңінен таралды. Сол кезде Ерзакович «Откуда ты знаешь?» деп таңқалған болатын. Қазір сол әндердің бірін Рамазан Стамғазиев есімді керемет даусы бар бауырымыз орындап жүр. – Аты аңызға айналған Балуан Шолақтан өзге қандай игі жақсылармен қарым-қатынаста болды? – Әсетті көріпті. Алайда мен көрген жоқпын. Әсетті атам өте қатты жақсы көретін. Ол кісінің әндерін әкем керемет орындайтын. Одан кейін Жамбыл Жабаевпен өте ұзақ жыл араласты. Ол кісі ұстазы ғой енді. Ауылымыз да етене жақын болатын. Мәскеуге де Жәкеммен бірге барған. Сонда Жәкем қасынан атамды тастамаған. Бірдеңе болса болды, «Әй, айналайындар, маған Кененді қосып беріңдер» деп айтып жүріпті. Жәкеме доқтырлар: «Ет жемеңіз, ананы жеңіз, мынаны жеңіз» деп ақыл айтса, ол кісі оларды мүлде тыңдамапты. Бірден атамды шақыртып алады. Ал атам болса, Жәкеме бастың миын әперіп, етін беріп, тамақтандыратын болыпты. Бұл туралы Мырзатай Жолдасбековтің «Жамбыл мен Кенен домбыраның екі шегіндей» деген мақаласы да бар. Үмбетәлі, Шашубай, Нартай, Иса Байзақов, Нұрпейіс Байғанин, өзім есім кіргеннен кейін білетін жазушылардың бәрі біздің үйде қонақта болды. Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Тайыр Жароков та біздің үйдің мәртебелі меймандары еді. Сәбит Мұқанов екеуі кәдімгідей дос-бауыр болған-тұғын. Сәбит Мұқанов атамды көп көтерді. Үйлі болуына, денсаулығын қаратуына, жазбаларының жариялануына бір кісідей атсалысты. Сәбең көмектескеннен кейін барып, атам елге кеңінен таныла бастады. Сәуірбек Бақбергенов, мана айтқан Борис Ерзакович те біздің үйге келіп тұратын. Біз олардың алдына табақ тартып, қолдарына су құйып, ылғи да шапқылап жүретінбіз. Апам Ғабит Мүсіреповті «Кербез қайным», Тайыр Жароковты «Тентек қайным», Хамит Ерғалиевті «Аусар қайным», Борис Ерзаковичті «Орыс қайным» келе жатыр» деп жүретін. Осылайша әрқайсысына ат қойып, айдар тағып алғаны бар-тын. Оны өз көзімізбен көріп өстік қой. Атам Сәбитке, Тайырға «хат жаз» деген кезде, сол хаттарды мен жазып отыратынмын. Тұрмысқа шыққаннан кейін де мұғалімдердің демалысында атамның қасында жүрдім. Тіпті шипажайларға да бірге бардым.
«Математик Асқар Жұмаділдаев менің атымды есепке қойыпты»
– Есіміңіз елде жоқ есім ғой. Шын ныспыңыз «Төрт кемпір бір шал» екенін жақсы білеміз. Атыңызды ырымдап та қойған шығар деп ойлайтынымыз бар. Толығырақ өзіңіз айтып берсеңіз... – Иә, менің шын атым – Төрт кемпір бір шал. Енді атамның балалары бірінен соң бірі шейіт бола берген ғой. Содан мен дүниеге келгенде есімімді шешемнің шешесі, яғни нағашы әжем қойыпты. Мен шыр етіп дүние есігін ашқан сәтте ырымдап, төрт кемпірдің астынан өткізіп алыпты. Одан кейін үйге келген бір қарияның да ырымдап, астынан өткізіпті. Бұл енді жасы ұзақ болсын деген ниеттен, тілектен туған дүние ғой. Сосын менің кіндігімді тыста ойнап жүрген 13 жасар балаға балтамен шаптырыпты. Кейін мен ол кісіні «Кіндік әке» атап кеткенім бар. Ондағы ниеттері балтаның жүзіндей өткір һәм мықты болсын дегендері ғой. Мен байғұсқа көрсетпеген қорлықтары жоқ қой (күлді). Содан Төрт кемпір бір шал болып мен алтыншы сыныпқа дейін жүрдім. Еркекше киіндім, тіпті ер балалар секілді асық, ләңгі ойнадым. Тіпті балағаттап та сөйлеген екенмін бала күнімде (күлді). Еркек балалардың қатарында жүрген соң да сөйткен шығармын. Шашым да жоқ, кекіл қойып қоятын болыппын. Содан не керек, біздің кезде балалар тез есейетін. 4-5 сыныпта бір-біріне хат жаза бастайтын. Ол кезде қазіргідей «сотка» дейтін дүниеңіз жоқ. Хат жазу «мода» еді ғой. Ұстазым болса «Кененова Төрт кемпір бір шал шық» деп тұратын. Мұғалімнің қойған сұрақтарына тастай қылып жауап берсем де, оқушылар қарқ-қарқ күліп жатады. «Ойпырмай неге күледі?» десем, атымды келеке қылады екен. Тіпті мұғалімнің де иығы селк-селк етеді. Сонымен 5-сыныпқа келген сәтімде осының бәрін байқап, үйге келдім де атама жылап тұрып: «Ата, мен оқымаймын. Тіпті ешқайда бармаймын. Бәрі менің атыма күледі. Атымды неге олай қоясыңдар. Өзгертпесеңдер оқуды да, бәрін тастаймын» деп байбалам салдым. Сосын атам Төрт кемпірдің «Төртін» қалдырды да, «Кенен» дегеннің «Кенін» қосып, Төрткен деп өзі қойды. Соңыра мектепке келіп, әлгі линейка деуші еді ғой. Сол үзілісте мұғалімдерді, бәрін жинап: «мынау Төрт кемпір бір шалдың атын өзгертпесем болатын емес. Оқудан бас тартып жатыр. Тіпті қалаға бармаймын дегенді шығарды. Ендігәрі бұл қызымның аты Төрткен» деді. Осы сәтте мұғалімдерім де: «Мұныңыз дұрыс ақсақал. Мектеп болса жеті кластық. Төрт кемпір бір шалыңыз не? Қыз болса мектепті бітірген соң қалаға барып ұзын сонар атын айтып жүре ме? Төрткен дегеніңіз өте орынды» деді. Жалпы Төрткен деген төрт құбыласы тең деген әдемі ат екен. Атам мені «өліп қалады» деп тіпті құжат та алмапты. Кішкене ауырып, қисая қалсам болды. «Мынауың да өліп қалды» деп, әжемнің қолына лақтырып тастайтын болыпты. Әжем болса: «Жағың қарыссын, кірпігі қимылдап тұр» деп мені күтеді екен сол кезде. Сөйтіп ресми түрде есімім Төрткен болды. Содан не керек, менің бастапқы есімімді Асқар Жұмаділдаев деген математик бауырым өзінің бір есебіне қойыпты. Оны «Жас Алаштан» оқыдым. Сөйтсем Асқар бауырым Германияда екі есеп шығарып,біреуіне «Төрт кемпір бір шал» деп ат қойып кетіпті. Тұсына бұл Кененнің қызы Төрткен деп жазып кетіпті. Сосын әлгі мақаланы оқып, «Ойпырмай, менің атым керемет екен ғой» деп қуанып қалдым. Кейіннен атаның әндерінен болған концертте Асқарды көріп: «Бауырым Төрткемпірбіршал деген мен болам, рахмет» дедім. Сөйтсем ол міз бақпай: «Оқасы жоқ, Кенекем композитор болмағанда математик болар еді» деп тұр. Ішек сілем қатып күлдім бір.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».