Әлеумет

Махаббат жырлары

Махаббат жырлары

Туған жердің табиғаты перзенттің санасында бір шумақ өлеңмен сақталып қалатыны белгілі. Ақындыққа бейімі барлар өлеңді өзінше жазады. Оның өлеңі көптің аузында қалсын-қалмасын мәселе онда емес. Ең бастысы ол кіндік қаны тамған жерін өзінше жырға қосқанында. Өз сөзімен ойын жеткізгені – еңбек. Тараз қалалық Абай атындағы кітапханасында жас талапкер ақын Дания Доминованың «Трепещущая любовь» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітап тақырыбының негізгі арқауы Қарахан мен Айша бибі сұлудың арасындағы махаббатқа құралған. Автор Айша бибідегі ұлы сезім махаббатқа деген адалдықты әрбір тараздық бойжеткеннің бойынан көретінін жеткізді. Автор жаңалық ашқысы келмегенін, кітаптағы қара сөзбен берілген әсерлі аңызды өлең жолымен жазып шыққысы келгенін айтты. Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесінің қарсаңында жарық көрген кітап, орыс  тілді оқырманның көзайымына айналса деген тілек бар. Автор тұңғыш кітабының тұсаукесерін ұйымдастыруға атсалысқан облыстық орыс драма театры әртістеріне, «Қамқор-ана» бірлестігіне және қалалық Абай атындағы кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Кеш соңында Дания Доминованың өлеңдері жатқа оқылып, тал шыбықтай иілген қыздар мың бұрала би биледі.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».