Спорт және туризм

Арулар аламанында

Арулар аламанында

жамбылдық бойжеткендер әлем чемпионатынан бір күміс, бір қола медаль иеленді

Қытайдың Тайпей қаласында бокстан жастар және жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионаты өтті. Әлемдік сынға 46 мемлекеттің былғары қолғап шеберлері қатысып, оның ішінде 190 боксшы жастар, 155 боксшы жасөспірім қыздар санатында бақ сынасты. Қазақстан Республикасы құрама коман­дасының спортшылары барлық салмақ дәрежелер бойынша сынға түсті. Жамбыл облысының атынан 5 спортшы аруымыз Қытай асып, байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап қайтты. Біріншілік қорытындысы бойынша 1 күміс және 1 қола медаль біздің жас аруларымызға бұйырды. Ақтық сынға дейінгі қарсыластарын айқын жеңген Лейла Құсайынова финалда аз ғана ұпай айырмасымен есе жіберіп алып, 63 келі салмақта күміс медальға қол жеткізсе, 70 келі салмақтағы Елена Шеруинова жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, қола медальға қол жеткізді. Жамбылдық айбарлы арулар алдағы үлкен байрақты бәсекелерде бұрымды әпкелері салып кеткен жолды жалғастырып, бұдан да биік белестерді бағындыруды көздейді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».