ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЖАУАПТЫМЫЗ
ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЖАУАПТЫМЫЗ
Осыдан бір ай бұрын Елордамыз Астанада Елбасын ұлықтау рәсіміне қатысқан едім. Сонда қайта сайланған Ұлт Көшбасшысы таяу жылдары жүзеге асырылатын Ұлт Жоспарын оның ішінде 5 реформаның негізгі бағыттарын жария етті. Күні кеше ғана бұқаралық ақпарат құралдарынан сол 5 реформаны жүзеге асырудың жолдарын нақтылайтын 100 нақты қадам жайлы оқып білдім. Онда Елбасы мемлекетімізді жаңа сатыға көтеретін міндеттерді жіліктеп, нақпа-нақ көрсетіп берді. Сол нақты қадамдардың артында қыруар іс тұрғаны анық. Бес халықтық реформаның жүзеге асуына әркім жауапты деп есептеймін. Әркім нақтыланған тапсырмаға лайықты үлес қосса, еліміздің әл-ауқаты артып, дамушы 30 елдің қатарына қосылу мәселесі түбегейлі шешілмек. Ұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін, әрине, ең алдымен ұлттың денсаулығы мықты, мығым болуы керек. Ол үшін саламатты өмір салтын ұстануға тиіспіз. Сонымен қатар халықтың денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу мәселелері де маңызын жоя қойған жоқ. Аудан бойынша халыққа 1 орталық аурухана, емхана, Саудакент ауылында орталық аурухананың бөлімшесі, өкпе-құрт ауруларына қарсы емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт қызмет жасайды, оларда 58 дәрігер, 113 орта буынды мамандар еңбек етіп жүр. Дәрігерлердің 11-і – жоғары, 10-ы І санаттағы маман болып саналады. Биылғы жылы саланы қаржыландыруға 923 миллион теңге бөлінді. Науқастарға оның ішінде, кәсіби ауруларға дәрі-дәрмек алуға қаржы қарастырылған. Бұл жөнінен мәселе жоқ десе де болады. Жергілікті бюджеттен 32 миллион теңге бөлініп, оған өте қажетті заманауи медициналық жабдықтар алынды. Елбасының тапсырмасымен елді мекендерде денсаулықты сақтау нысандарын салу мәселесі шешімін тауып отыр. Келер жылы Жайылма, Шағалалы ауылдарында медициналық пункт салу жоспарда тұр. Дәрігерлеріміз халық арасында аурудың алдын алу мақсатында тұрақты жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде соңғы жылдары науқастардың саны азайып, адамдардың өмір сүру деңгейі біршама артты. Биыл ауданда ана өлімі тіркелген жоқ. Әлбетте, іс тетігін кадр шешеді. Бұл – белгілі жәйт. Ауданымызға соңғы жылдары «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жас мамандар келіп, тұрақтануда. Соған қарамастан, емдеу орындарына 12 маман жетіспейді. Аудан әкімінің тапсырмасымен соңғы жылдары еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында біраз жастарымыз білім алуда. Сәтін салса биыл 8-10 жас дәрігерді жұмысқа қабылдаймыз деп отырмыз. «100 нақты қадамның» 80-қадамында: «Бастапқы көмек аурудың алдын алу және ерте бастан күресу үшін ұлттық денсаулық сақтаудың орталық буынына айналады» деп аталып көрсетілгені белгілі. Біз мұны өз жұмысымызда нақты басшылыққа алып отырамыз. Қысқасы, біз, медицина қызметкерлері, ұлт денсаулығы үшін жауапкершілігімізді еш төмендетпейміз. Өйткені, дені сау адам ғана түрлі бәсекеге қабілетті болмақ.
Сағымбек БЕГЕЕВ, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.
Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.