Саясат

Жайбарақат жүруге уақыт жоқ

Жайбарақат жүруге уақыт жоқ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің болашақ жолын нақтылайтын, өркениетке ұмтылған ұзақ мерзімді мақсаттар мен міндеттерді айқындайтын реформаларды халыққа әрдайым арнап келеді. Президенттің сайлауалды тұғырнамасына айналған, кезең-кезеңімен орындалуы тиіс бес институттық реформа – «2050 Стратегиясын» жүзеге асыру – Қазақстан мемлекеттілігін нығайта түсетін, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызатын басты төлқұжат десек те болады. Еліміздің даму жолы осы бес реформамен, сол реформалар аясында жүзеге асатын 100 қадаммен байланыстырылып отыр. Ел Елбасына сенеді, ал Елбасы ел сенімінен қуат алады. Мемлекетімізде соңғы екі айдың ішінде өткен ресми іс-шаралардың қорытындысы осыны тағы бір дәлелдеді. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста Тәуелсіздігін алғанына 23 жыл болған еліміздің абыройын аспанға асқақтатып, әлемдегі алпауыт елдермен иық тірестіретіндей әлеуетке жеткізген – Елбасы. Ал оның сарабдал саясатының тереңдігін, отандық қана емес, жаһандық саясаттағы жетекші орнын дүниежүзінің әйгілі саясаткерлерінің мойындауы біз үшін зор мақтаныш. Реформа қадамдарының бірі – «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік Ел құндылықтарын енгізу болып отыр. Қазақ деген халықтың тарихы тым тереңде жатқанын баса көрсеткен Елбасы тәуелсіздік әрбір отандасымыз үшін аса қастерлі ұғым екенін ескертіп, «Өз тарихын білмеген халық өзін де сыйламайды» деді. Халқымыздың тарихын ұлықтау мақсатында облысымызда Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу тарихи датасы айрықша атап өтілетін болды. Біздің облысымыз – Қазақ хандығы ту тіккен өңір ретінде тарихтан белгілі. Бүкіл ел болып өткізгелі отырған саяси мәні зор, осынау дүбірлі тойдың жоғары деңгейде өтуі баршамызға, әсіресе халық қалаулылары – мәслихат депутаттарына үлкен міндеттер жүктейді. Дүбірлі тойға байланысты қаламызда атқарылатын іс-шаралар жоспары құрылып, әр түрлі жобалар, республикалық мүшәйра, көрме-жәрмеңкелер, тарихи сахналық көрсетілімдер, театрландырылған қойылым, ақындар айтысы, ұлттық спорт бойынша жарыстар, «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» кітабының таныстырылуы өткізіліп, киіз үйлерден қалашық дайындалады, экспедиция ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен бірге, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент ашылады деп күтілуде. Реформаның 30-шы қадамы бойынша жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру тапсырылды. Тараз қалалық мәслихатының 2015 жылғы перспективалық жоспарына қала аумағындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде пәтер және мал ұрлығы, тонау, қарақшылық қылмыстарымен күрес және оның алдын алу, қала аумағындағы бейберекет саудаға жол бермеу мәселелері енгізілген болатын. Тараз қалалық ішкі істер басқармасының атқарған жұмыстары туралы ақпарат алынып, қалалық ішкі істер басқармасының жұмысы тұрақты комиссия отырысында талқыланды. Сондай-ақ, 47-ші қадамда жобалау-сметалық және жобалау құжаттарын сараптамадан өткізуге байланысты мемлекеттік монополиядан біртіндеп бас тарту ұсынылды. Бұл, әрине, жергілікті атқарушы және басқа да органдардың жұмыстарына оң ықпалын тигізер еді. Жобаларды сараптауды бәсекелесті ортаға тапсыру сараптама мерзімінің қысқаруына жол ашып, жаңа материалдар ұсынылған болар еді. Жаңа жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысын қорытындылай келе, Мемлекет басшысы уақыттың тапшылығын айтып, жайбарақаттануға жол берілмеуі тиістігін ескертті. «Тез уақытта біз осыны жүзеге асырып шығуымыз керек. Сол себепті биыл жаз бойы барлық қажетті, негізгі заңдар жобалары жасалуы керек. Оларды Парламенттен күзгі сессияда шұғыл қабылдауды сұраймыз. Сөйтіп, ендігі жылдың басынан бастап, реформаларды іске қосуға тиіспіз. Бұлардың барлығы өте ауқымды әрі білім мен біліктілікті, өзге озық елдер тәжірибесін қарауды қажет етеді. Ең ақыры бұл бес реформа Қазақстанды бұрын-соңды жетпеген жаңа сатыға көтереді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біз Ұлт Көшбасшысының халқымызбен бірге жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне қаймықпай қарсы тұрып, оны еңсере алатынына сенімдіміз.

Балабек НАРБАЕВ, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы.

Тараз қаласы.