Саясат

Қазақстан ұлы жоспарлар арқылы ұлы болашақ қалыптастыруда

Қазақстан ұлы жоспарлар арқылы ұлы болашақ қалыптастыруда

«100 нақты қадам» – Қазақстан дамуының аса ірі әлеуетін ашып көрсететін маңдайалды міндеттерді нақпа-нақ жүзеге асыру. Бұл қалыптан тыс жоспар, онда мемлекеттің, экономика мен қоғамның кезең-кезеңімен жаңғыр­тылуының одан арғы бағытының негізін қалайтын 100 егжей-тегжейлі және практикалық шешімдер бар. Біздің еліміздің жаһандық деңгейдегі нақтылы артықшылықтарын жасау мен қайта жаңғырту үшін Қазақстанға бес институттық реформа ауадай қажет. Ұлт жоспары – нақтылы, дәйекті және айқын жоспар. Ол миллиондаған қазақстандықтар үшін Болашаққа баратын даңғыл жолды белгілеп берді. Президенттің Ұлт жоспарының әрбір жолынан «Біздің ел, біздің ұлт, біздің болашақ» деген жасампаз тарихи месседж онша көзге ұрмай, бірақ әжептәуір ап-айқын көрініп тұрады. Ұлт жоспарының әрбір тармағы Ақтаудағы наубайханашыға да, Көкшетаудағы фермерге де, Шымкенттегі студентке де немесе Алматыдағы стартап жоба бизнесменіне де, Тараздағы университет профессорына да, Атыраудағы мұнайшыға да немесе Қарағандыдағы шахтерге де түсінікті. «100 қадам» – Елбасының 100 нақты тапсырмасы, олар мемлекеттік даму мен қоғам өмірінің барлық қырларын реформалауды қамтиды. 15 қадам мемлекеттік аппарат кәсібилігін түбегейлі арттыруға арналған. 19 қадам – сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту жөніндегі тиімді іс-қимыл. 50 қадам – жаңа жоғары технологиялы экономикалық өсу мен адам капиталын дамытуға ынталандыратын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға айқын бағдарланған нақты да дәл шешімдер. 6 қадам – қоғам бірлігінің жалпықазақстандық біртектілігін нығайтуды, «Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін дамытуды көздейтін толыққанды шаралар. 10 қадам «Ашық Үкіметтің» жұмыс тетіктерін, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін жетілдіруді, қоғамдық бақылауды күшейту мен іске азаматтық тұрғыдан араласуды қамтамасыз етеді. Осынау нақты 100 қадам халықтың арман-аңсарын танытады. Ол қадамдар халықтың және әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай келеді. Біздің, қазақстандықтардың әрқайсысы өзінің мамандығында, өзінің жұмыс орнында, өзінің қоғамдық өмірінде бүкіл елмен бірге осы маңызды 100 қадамды жасауға тиіс. Ұлт жоспары мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершіліктің жаңа жүгін артады. Ендігі жерде мемлекеттік аппаратта жұмыс істейтін әрбір адам Президенттің «100 қадамын» орындауының өзіндік нақты сегментіне жеке жауап береді. Әрбір мемлекеттік қыз­мет­кер өзінің нақты жұмыс учаскесінде жеке басы не істеді деген сұ­раққа кез келген уақытта нақпа-нақ жауап беруге дайын тұруға тиіс. Халық пен елге талмай қызмет ету, өзінің еңбегі мен қам­қорлығының арқасында Қазақстанның және қазақстан­дықтардың мүддесіне пайда келтіру арқылы мұндай жоғары жауапкершіліктің үлгісін бізге Елбасы көрсетуде. Осы орайда үйреншікті жайға айналған, бірақ терең мағынасы әлі де толық пайымдалмаған мына мысалды келтірейін. Астананың құрылысы біздің халқымыздың ойлау жүйесі мен практикасының тарихи тәжірибесін қайтадан таңбалап берді. Ол тұтас буындардың өмірдегі бейғамдығының ғасырлар бойғы қалыптасқан темір бұғауын күйретіп, Қазақстанның егемен хал­қының шығармашылығы мен жасампаздығының ауқымды әлеуетін ашты. Астана тұрғызу жаңа ұлттың инженерлік ойлау жүйесінің ғажайып мысалы дегенге кім таласа алады? Астана бүкіл Қазақстандағы адами капиталды дамытуға орасан ықпал жасауда. Біртұтас ұлттың ұлттық сана-сезімі үшін менталитеттік-пси­хо­логиялық саланың түрленімі жүріп жатқаны, бүкіл халықтың өзіне және өзінің күшіне сенімі тазарып, нығая түскені өте маңызды. Қазақстан кеңістігінде халқының саны миллионға жуық мегаполистің жаңадан пайда болуы ең алдымен экосаланың, оның байланыстары мен өмір салтының өзгеруі. Астананың өркендеуі – Елбасының идеялары мен іс-қимыл­дарының стратегиялық тұрғыдан түзулігі мен кешендігінің жарқын мысалы. Елорданың өркендеуі тек қана алдыңғы қатарлы архитек­ту­ралық шешімдердің ғана емес, Астана маңындағы табиғи ландшафттың жоспарлы түрде өзгеруінің арқасы, онымен бірге қазақстандықтардың экологиялық ойлау жүйесі де өзгеріп келеді. Астананың «жасыл белдеуі» жасалуда. Жаңа орман бар жерде таза ауа болады, онда топырақ эрозиясы тоқтайды, жел соғуы бәсеңдейді. Ол жерде демалу орындары көбейіп, туризм өркен жаюы мүмкін. Ол жерде экологиялық санасы жетілген, сапалық тұрғыдан жаңа ұлт қалыптасады. Ұлт жоспарын ұсына отырып, Мемлекет басшысы Қазақстандағы жаңғырту үдерісінің жаңа парадигмасын орнықтыруда. Біріншіден, бұл – мәселенің тұғырнамалық тұрғыдан тыңғылықталуы және анық мақсат белгіленуі. Стратегиялық сатыластықтың ұшар шыңына елдің болашақ бейнесін айқындайтын басты екі мақсат шығарылған. Бұл мақсаттар – 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу және Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай келуін жүзеге асыру. «100 қадамды» терең саралау және дәл есептеу ел үшін, мемлекет үшін, әрбір қазақстандық үшін жаңа мүмкіндіктер келешегін ашады. Екіншіден, бұл – үздіксіздік және инклюзивтілік. Дамушы әлемнің көптеген елдері қуып жетуші жаңғырту тұжырымдамасын ұстанғаны белгілі. Ұлт жоспарының және тұтастай алғанда, Қазақстан жолының негізіне жаңғырту үдерісінің инклюзивті сипаты алынған, ол бұл іске барлық әлеуметтік топтардың белсенді араласуын қажет етеді. Оған қоса, инклюзивтілік мемлекет пен қоғам «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру орайында қабылдап жатқан шараларды үйлестіру мен өзара келісілгендікті білдіреді. «100 қадам» – біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыздың табиғи түрдегі құрамдас бөлігі және Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу жөніндегі нақты бағдарлама. Осы арқылы Қазақстанның ХХІ ғасырдағы табысты дамуының сабақтастығы мен үздіксіздігі көптеген онжылдықтар бойында қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, бұл – ең таңдаулы халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу. Біз қай кезде де барынша дамыған елдердің экономикалық реформалар жүргізудегі, мемлекет құрылысы мен әлеуметтік дамудағы озық практикасын шұқшия зерттеп, қабылдап отырғанбыз. Алайда, біздің тәжірибеміз өзгелерді сол күйінде көшіре салу дегенді білдірмейді. Біз басқа елдердің дамуындағы табысты практиканың тиімді белгілерін өзіміздің ұлттық жағдайларымызды, құндылықтарымызды және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, табиғи түрде қолданамыз. Президенттің «100 қадам» Ұлт жоспары да осындай, ол өз бойына әлемдік практикадағы ең таңдаулының бәрін де жинаған. Төртіншіден, бұл – зияткерлік пен жаңашылдық. 5 реформаның бәрі және 100 қадамның әрқайсысы білім мен озық технологияға арқа сүйейді, олар жаңғыртылған қазақстандық қоғамның іргетасына, оның зияткерлік құрамдас бөлігіне айналады. Инклюзивті жоғары технологиялы экономиканы жаңа кәсіби кадрларды пайдалана отырып дамыту көзделуде. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды әлемдегі интеллект, білім мен біліктілік бәсекесіне бейімдеп отыр. Мұның өзі ХХІ ғасырдағы барлық табысты қоғамдардың қалыптасуы мен дамуының түбірлі факторы. Сонымен бірге, «100 қадамды» жүзеге асыру Қазақстан үшін кем қойғанда 100 жаңа дағды алып келеді, олар тың жобалар мен бастамалар тізбегінің ізашарына айналады. Ұлт жоспары – бұл таза зияткерлік бағдарлама, ол мем­лекеттің, азаматтық сектор мен ғылыми-сарап­та­малық қоғамдастықтың сындарлы өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын қажет етеді. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мен Халықаралық консультациялық кеңес дәл осындай мақсатпен құрылған. Міне, сондықтан да «100 қадамды» жүзеге асырудың барысын сапалы зерттеушілік пен сарап­та­малық-талдамалық тұрғыдан қолдау көзделуде, ол жаңа идея­ларды шығару мен қазақстандық жаңғыр­тудың сын-қатерлеріне нақты жауап табудың бастау көзіне айналатын болады. Іске бұлай қарау барынша нәтижелілікті және Ұлт жос­парынан ұзақ уақыт бойы тиімділік көруді қамтамасыз етеді. Бесіншіден, бұл – санқырлылық. «100 қадам» – Тәуелсіздікті нығайтудың мем­ле­кет­тік бағыты­ның іске асырылуы. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған дәйекті инклюзивті жаңғырту жоспары біздің социум өмірінің барлық қырын – экономиканы, бі­лімді, ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, қоғамдық және саяси қарым-қатынастарды, мемлекеттік басқаруды, Ұлттық қауіп­сіздікті және басқаларды қамтиды. Біздің қоғамның және әрбір қазақстандықтың өмірінің бірде-бір жағы атам заманғы немесе тоқырау күйінде қалмайды. Әрбір қадам – Мемлекет басшысының нақты практикалық тапсырмасы. Жаңару үдерісі дегеніміз дамудың байқалып отырған «бос аралықтарын» жүйелі түрде жою ғана емес, ол сонымен қатар, елді жаң­ғыртудың әрбір бағытының жаңа көпфункциялылығын құры­лымдауды да білдіреді. Біріншіден, талапты қатайту және сонымен қатар мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсіби мемлекет қалыптастыру жолындағы ахуалды жақсарту кәсіби мемлекеттік аппараттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған. Екіншіден, заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа көзқа­растар сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Сот төрелігі институтына қоғамдық сенім арта түседі. Еліміздің инвестициялық тартымдылығы бірнеше есе көбейеді. Үшіншіден, ұлттық экономиканы терең реформалау стра­тегиялық инвесторларды дәл тарту мен ғылым жұмсалатын өндірісті көтеру арқылы жоғары технологиялы өңдеуші секторды басым дамытуды көздейді. Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясы мен Баршаға ортақ еңбек қоғамы идеяларын одан әрі ілгерілету азаматтық біртектілікті күшей­теді және Болашағы Біртұтас Ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік береді. «Мәңгілік Ел» - қоғамдағы бірлік пен келісімнің атымен өзгеше моделі, ол жаһандық ауқымда танылған табысты қазақстандық тәжірибенің мәртебесіне ие. Бесіншіден, мемлекеттің ашықтығы мен есеп берушілігін кезең-кезеңімен дамыту, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту, азаматтық қатысуды кеңейту, мониторинг пен бағалау тетіктерін жетілдіру тұтастай алғанда мемлекет басқарудың тиімділігін арттырады. Алайда, ең бастысы, барлық бес реформа қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, Қазақстанның Экономикалық ынты­мақ­тастық пен даму ұйымына мүше елдерде қол жеткізілген жоғары әлеу­меттік стандарттарға ұмтылуға бағытталған. Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары біздің елімізде мем­лекеттік құрылыстың жаңа тарихи деңгейіне алып шығады. Бес реформа – 5 күш векторы, олар қосыла келгенде Қазақ­стан­ның табанды түрде тек қана алға басуын айқындайды. Қазіргі таңда әлем күрделі де қарама-қайшылықты кезеңді бас­тан кешуде. Жаһандық экономикада мұның алдындағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарлары әлі де түгел еңсерілген жоқ. Анағұрлым ауқымды сілкіністердің болу қаупі әлі де әлемнің көп­теген елдері мен өңірлеріне төніп тұр. Жаңа экономикалық цунамидің кіндігі қайда, қандай жағ­дай­да және қашан шыға келуі мүмкін дегенді іс жүзінде болжап білу мүмкін емес. Негізгі әлемдік нарықтардың – көмірсутектердің, алтын және басқа металдардың, азық-түліктің, технологиялардың және басқалардың құнының құбылуы күшейе түсті. Осындай жағдайда барлық жерде дерлік тоқырауды күту бой көрсетуде. Мұндайда алдыңғы қатарға сыртқы экономикалық қиын­дық­тарға қарсы тұрудың ұлттық стратегияларын жасау және жүзеге асыру мәселесі шығады. Бүгінде әлемдік экономиканың ірі ойыншылары өздерінің ішкі ресурстарын кеңінен пайдалануда. Көптеген елдерде гуманитарлық және фискалдық сипаттағы шаралар қабылдануда. Тарихи тәжірибе сонымен қатар, дағдарысты және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамудың тиімді қозғаушы күші ин­фра­құрылымға салынған инвестициялар бола алатынын көрсе­теді. Индустриялық әлем тарихында мұндай тәжірибе болған. Мысалы, АҚШ экономикасының «ұлы күйзелістен» шығуы ауқымды инфрақұрылымдық құрылыспен байланысты. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында америкалықтар 1 мил­лион километрге жуық жаңа жолдар, 77 мың жаңа көпір салған. Мектептердің 70 пайызы мен ауруханалардың үштен бір бөлігі 1933 жыл мен 1939 жылдың аралығында тұрғызылған. Бұл 4 миллионнан астам жұмыс орындарын құруға көмектескен. 60-шы жылдарда Оңтүстік Корея ұлттық бюджеттің ширек бөлігін жылдам жүретін Гуенгбу автомобиль жолын салуға жұм­саған еді. 1982 жылы магистраль халықтың 66 пайызына қызмет көрсетіп, барлық жүктің 70 пайызын тасымалдаған. Сол жол­дың бойында салынған өнеркәсіп орындары қазіргі Корея Респуб­ликасының ішкі жалпы өнімінің төрттен үш бөлігін шығарады. Тарих Фрэнсис Бэконның атақты үштағанының дұрыстығын дәлелдеумен келеді. Ол ұлтты ұлы және берекелі ететін үш нәрсе бар деген еді: құнарлы топырақ, іскер өнеркәсіп және адамдар мен тауарлардың жеңіл қозғалуы. Үшінші құрамдастың көкейкестілігін бүгінгі экономистер дәлелдеп отыр. Олардың мәліметтері бойынша, инфрақұрылымға са­лынған 1 доллар инвестиция экономикада 2 долларға дейінге қозғау сала алады. Сондықтан, инфрақұрылымды дамытудың маңызын ескере келіп, Президенттің тапсырмасы бойынша кең ауқымды мем­лекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама Қазақстанның әлемдегі инфрақұрылым сапасы бойынша алда келе жатқан елдер қатарына қосылуына қол жеткізуге тиіс. Екінші бесжылдықтың міндеттерін жүзеге асыру барысында елдің алдыңғы қатарлы инфрақұрылымдық қаңқасы тұр­ғызылатын болады. Қазақстан – территориясы бойынша әлемдегі тоғызыншы ел. Инфрақұрылым құрылысы көп инвестицияны талап етеді, бірақ оның маңызы келер ұрпақтарға қалатын мұра ретінде ғасырларға кетеді. Алдағы 3 жылда жаңа жолдардың құрылысына, электр желі­лерін, коммуникация салуға 14 миллиард доллар бағытталады. Бұл қаржының үштен бір бөлігінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. Астанадан өңірлерге қарай шапақ түрінде тарайтын автожолдар желісі тартылады. Бұл елдің барлық өңірлерінің теңгерімді да­муына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Экономикалық дамудағы, сон­дай-ақ, әлеуметтік-демографиялық тұрғыдағы сәйкессіздіктер азай­тылады. Шағын және орта бизнес өндіріс шығындарын азайта алады, мұның өзін шекті деңгейден өңірлік деңгейге көтерілуге жағдай жасайды. «100 қадамды» жүзеге асыру сөреден аттанды. Осынау игілікті іске қосыла отырып, әрбір қазақстандық жаңарған мемлекетті жасаушылардың, ұлттық экономиканың тиімділігін арттырушылардың, өзінің отбасы мен бүкіл халықтың игілігін қамдаушылардың біріне айналады. Қазақстандықтарды жасампаздықтың табысты қазақстандық жолымен, ертеңге нық сеніммен қадам басып бара жатқан Біртұтас Болашақтың Ұлты деп сипаттаған Президент идеясының мәні де осында.

Бағлан Майлыбаев, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары.