Жаңалықтар

Сандықтан шыққан сайтан

Сандықтан шыққан сайтан

Мынау кәдімгі – аты белгілі «Шеңгелтөбе». Арпабектің мұнда қыстап отырғанында міне, екі айдан асып барады. Елдің айтуынша, осы төбеде сайтан мекендейді-мыс. Тіпті оны «өз көзімізбен көрдік» – дегендерде бар. Сайтан – біресе қыз немесе мал, енді бірде ешкі, кемпір, құбыжық түрлеріне көріне береді, дейді айтқыштар. Ертеректе сол сайтанды Оспан қожа ұстап алып, әбден өлтіре сабапты. Содан бес-алты жыл бойы байқұс ел көзіне көрінбей безіп кетіпті десе, соңғы жылдары сол «Сайтекең» қайта жылтыңдай бастаған көрінеді. Арпабек сол «Шеңгелтөбе» маңында өткен сайын әркім айтқан әңгімелерді еріксіз еске түсіріп, біртүрлі елегізіп, өзінше тілін кәлимаға келтіріп қояды. Көмекші шопан бір-екі күнге ауылға кетіп еді. Қойын қоралап жатып, Арпабектің ойына кешегі келіншегі Үмітжанның: «Қант-шай да таусылуға жақын, айлықты күтсек, аштан қатармыз. Базарда қазір ешкінің етін қой еті деп сата береді, дейді ғой. Бір көлік келе қалса, осы көк серкені апарып базарлап көрсе қайтеді», – дегені түсті. Мүйізі қарағайдай, отарға сән беріп жүрген серкені іштей қимайтын. Шайды алдына ала бергені сол еді, сыртта машинаның гүрілі естілді. – Бір машина біздің үйге қарай бүрылып келеді, сірә, сенің бастығың болуы керек, – деді үйге кірген Үмітжан. Арпабек иығына қара тоңын іле салып, есік алдына шықты. Машина тоқтап, одан екі кісі түсіп жатыр екен. – О, Арпабек, ассалаумағәлейкүм! – Ей, мынау Панабек пе! Иә, қайдан келесін, жел айдап жүр ме өзіңді? – деп екеуі құшақтасып амандасты. – «Іргежалдағы» нағашымның үйіне бара жатыр едім, сенің үйің осы қыстауда отыр дегеннен соң әдейілеп ат басын бұрып, сәлем бере кетейін деп келдім. Қонақтар дабырласып үйге енді. Дастархан қайта жайылды. Үмітжан қазанға ет салды. Арпабек осында кешерде, сыйлы қонақ келіп қалса, ұят болмасын деген оймен жеті-сегіз «жартылықты» сандықтың түбіне сала салған. Міне, соның бірі, дастархан шетінен орын алды. – Қиналма, досым. Өз үйіндей сезін, – деп Арпабек жайылып төсек, иіліп жастық болып жатыр. – Қайтарда соқса, ана серкені базарға ала кетсе, қайтер екен деп сыбырлаған Үмітжанға, «қоя тұршы, ойланайық» дей салды. Шынында келгенде, онысы лағынан тұмар таққан көк серкесін қимағаны да еді. Әрбір тост «денсаулыққа», «амандыққа», «отбасы бақытына», «еңбек табысына» делініп алынып жатты. Түн ортасы ауа «тентек суға» әбден тойып алған қонақтар «Жатып, ертең жүріндер» дегенге құлақ аспай, рахметін айта-айта машинаға отырып, қырдан асып, меңіреу түн құшағына сіңіп кетті. Оларды шығарып салып, жастыққа басы енді тигенде, сырттан иттердің өршелене абаласып үрген даусы шықты. Жалаңаш денесіне тері кеудешесін кие салып, сыртқа шыққан Арпабек қапелімде өзіне қарай көлбеңдей төніп келе жатқан бір дуайпат пәлекетті көріп, ес түссіз селтиді де қалды. «Астапыралла» «Астапыралла» деп кәлимаға тілін келтіріп, кейін шегіншектеді. «Дәл өзі, шеңгелді төбенің сайтаны осы» деген ой тұла бойын дір еткізді. Арақ шіркіннің де мұндайда пайдасы бар-ау. Арпабек тез бойын жиып алды. Тіпті сайтанмен де айқасқысы келгендей ме қалай? «Ә, ит сайтан, көрейін сені» – деп шалт қимылдап ауыз үйдегі қайыстан өрген қамшысын алып қайта шықты. Сайтан орнынан тапжылмай әлі түр. Арпабек бар күшін денесіне жинап, қосөрімді қамшымен періп-періп өтті. Ой, тоба бұл жолы «Мә-ә» деп ешкі боп бақырған сайтанның ащы дауысы таңғы тынық ауаны қақ жарды, «Бұл пәлекетті бұл маңайға қайтып жоламайтын етейін, Оспан қожадан кеммін бе?» – деп ой түйген Арпабек бір жағына қарай құлап барып, қаша жөнелген сайтанның артқы аяғынан кәдімгі қой ұстағандай шап беріп ұстап алды да, жан даусы шыға бақырғанына қарамай ал кеп шоқпармен ұрғыласын. Елеріп алған Арпабек енді тепкіге көшті. Ақыры тепкілеп-тепкілеп үнін өшіріп барып «ух!» деп бір-ақ тоқтады. Арпабек үлкен бір іс тындырғандай тәлтіректей басып үйіне кіріп кетті... – Арпабек, әй Арпабек! Ой-бай-ау, ана көк серкені түндегілер қағып өлтіріп кеткен бе.., – деген Ұлжанның ащы дауысынан шошып оянған Арпабектің ойына түндегі болған оқиға еміс-еміс бұлыңғыр түсіп, маңдайынан қара тер бұрқ етіп, өңі сұрланып кетті. Келте қара тонының жеңін киер, киместен сыртқа жүгіре шыққан ол, ауладағы жиюлы сексеуілдің жанына мүйізінде қораның шеңгел есігі ілінген, іші кеуіп, теңкиіп жатқан көк серкені көргенде «Қап, әй, әкеңнің аузын ұрайын-ай!», – деп бір-ақ қайырып, желкесін қысады. Бұл балағаты не араққа, не досы Панабекке, не өзіне бағыталғанын түкке түсінбей үрпиіп тұрған Үмітжан түгілі өзі де білген жоқ. Есеңгіреп басы мең-зең болып тұрған Арпабектің көзі үй бұры­шындағы қаусап жатқан бос шөлмек­терге түсті. «Масқара-ай, сайтан Шеңгелтөбеде емес, үйде, сандықта екен ғой», – деген ой ду етіп бетіне тепті де, көзі басқа жаққа тайғанақтай берді...

Сағындық Ордабеков, Тараз қаласы.