Білім

Аттанды сапарға, көңілде мол арман...

Аттанды сапарға, көңілде мол арман...

Бұл күн ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы күн. Алтын ұя мектебін бітіріп, бала шақтан болашаққа қанат қаққалы отырған, жүректері лүпіл қағып, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан жас түлектер үшін ең бір қымбат, ең бір қимас, ең бір ұмытылмас күн. Өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білетін, өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан талмайтын аяулы ұстаздардың бір жылдық еңбектерінің жемісіне куә болатын күн. Бұл күні барлық жалпы білім беретін мектептерде соңғы қоңырау мерекесі салтанатты жағдайда аталып өтті.

Тараз қаласының №1 мектеп-гимназиясында да жүректерін қуаныш кернеп, жүздері бал-бұл жанған оқушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шара мектеп түлектерін қала әкімі Нұржан Календеровтің құттықтауымен басталды. Ол өз сөзінде бүгінгі мектеп түлектері – еліміздің болашағы, сауатты, білімге құштар, бәсекелестікке қабілетті жастар екенін атап өтті. Шаһар басшысы оларға сәт-сапар тілеп, бітірушілердің өз қаласын әрдайым мақтан тұтып, оның абыройын асқақтатып, мерейін үстем етуге өз үлестерін қосатынына, алдағы өтер ҰБТ сынағында жоғары нәтиже көрсетіп, ұстаздардың еңбегін ақтайтындығына сенім білдірді. Одан соң №1 мектеп-гимназия­сының директоры Ләззат Қызылғұлова сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектердің жеңістерін де тілге тиек етті. Мектеп бітірушілер А.Айтқұлова, Б.Загрибельный, Б.Бейсембаев, М.Сейсенғали сынды халықаралық пәндік олимпиадалардан топ жарып жүрген үздік оқушыларының да жетістіктерін тізбектеп өткен мектеп-гимназия басшысы үлкен өмірдің есігін ашқалы тұрған түлектерге сәт-сапар тіледі. – Бүгінгі салтанат – біздер үшін, мектеп бітірушілер үшін ең қимас, ең аяулы сәттердің бірі. Осы күнге жеткізіп, қанатымызды қатайтқан ұстаздар қауымына, мектеп басшысына алғысымыз шексіз. Алла қаласа, бізге артқан сенімдері мен үміттерін ақтаймыз деп ойлаймын, – деді мектеп бітіруші түлек Айғаным Құдайберген. Лүпілдеген жүректеріне үлкен жоспар, асқақ арман түйген түлектер қобалжыған көңілдерін баса алмай, жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына жүрек­жарды алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Көп күттірмей соңғы қоңырау сыңғыры да естілді. Құлақтарда жаңғырған үні кетпейтін соңғы қоңырау...

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Тараз қаласы.