МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ 470,9 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ
МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ 470,9 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕР ҚАЙТАРЫЛДЫ
Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл сұрақтың жауабын басқарма басшысының орынбасары Бердібек Молдабай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында берді.
Журналистер алдында хабарлама жасаған Б.Молдабайдың мәліметінше, облыстың жер қоры 14 426,4 мың гектарды құрайтын көрінеді. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер 4 298,1 мың, елді мекен жері 460,3 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жерлері 144,8 мың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер көлемі 12,9 мың, орман қоры жері 4 414,9 мың, су қорының жері 335,9 мың гектар болса, қосалқы жер көлемі 2 266 мың гектарды алып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жердің алатын рөлі зор екенін еске салған хабарламашы пайдаланусыз жатқан жерді мемлекет иелігіне қайтаруда атқарылған шаруадан да хабардар етті. 2011-2014 жылдары жүргізілген жер қорын тексеру және түгендеу жұмыстарының барысында облыс бойынша барлығы 591,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланусыз жатқаны анықталған. Оның ішінде егістік жер көлемі 201,9 мың гектарды құраған. Қолданылған шаралардың нәтижесінде 470,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 196,3 мың гектар жер учаскесінің құжаты жер инспекциясына жолданған. 2012 жылы облыс көлемінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген 21847 жер учаскесі тексеруден өткізіліп, жалпы көлемі 572,6 гектарды құрайтын 5064 жер телімі пайдаланусыз жатқаны немесе заң талаптары бұзыла отырып, мақсатсыз пайдаланғаны анықталған. Жергілікті атқарушы органдардың атқарған шараларының нәтижесінде жалпы көлемі 236,5 гектар болатын 2182 жер учаскесі мемлекет меншігіне алынған. Мақсатында пайдаланбаған және заң талаптарын бұза отырып пайдаланған 336,1 гектарды құрайтын 2882 жер пайдаланушының құжаты жер инспекциясына жолданыпты. Басқарма басшысының орынбасары инспекция тарапынан заң аясында тиісті шаралар жүргізілуі тиіс екеніне назар аударды. Пайдаланусыз жатқан жерді мемлекет иелігіне қайтару және ондай жерді қайта айналымға қосу жұмыстары жалғаса береді. Одан әрі хабарламашы мемлекет меншігіне қайтарылған жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу, жер нарығын қалыптастыру, облыс экономикасына инвестиция тарту, мемлекеттік қызмет көрсету, жер қатынасын реттеу және тағы басқа басқарма тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарды тарқатып айтып берді. Әріптестер жер қатынастары туралы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға нақты жауаптар алды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».