Білім

Ғасырлардан сыр шерткен маңғаз дала

Ғасырлардан сыр шерткен маңғаз дала

Ұлы Жібек жолы мен Қазақ хандығының сабақтастығы халықаралық тарихи-археологиялық конференцияда сөз болды

Қазақ даласын кесіп өткен Ұлы Жібек жолының кезінде шығыс экономикасында да, мәдениетінде де айрықша рөл атқарғаны мәлім. Әдетте, Қазақ хандығынан бұрын іргесі қаланған бұл трансшекаралық жолмен талай керуендердің көш түзегенін қатпарлы тарихтан білеміз. Иә, Жібек жолы мен Қазақ хандығының өзара байланысы бар екені ақиқат. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ұйытқы болуымен өткен «Ұлы Жібек жолы және Қазақ хандығы мыңжылдықтар тоғысында» атты тарихи-археологиялық халықаралық конференцияда бұл мәселе кеңінен қамтылды. Шараны облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтау сөзімен ашып: «Біз – қашанда тарихын қадірлеген елміз. Ұлы Жібек жолының ел тарихындағы рөлі қандай? Қазақ хандығы қалай құрылды? Ол дәуірдің шындығы неде? Айта берсек, осындай сан сауалдың барлығына бүгінгі конференция барысында жауап табылар деген үміттемін» деді. Мұнан соң ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов конференция жұмысын жүргізіп отырды. Жиында сөз алған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев: «Баяндамама кіріспес бұрын Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты бір мәселеге назар аударғым келіп тұр. Маған ылғи да «Неге қазақ мемлекеттілігі емес, Қазақ хандығы?» деген сауал жиі қойылады. Біздің тарихымыз 550 жыл ғана да, басқа елдердің тарихы бізден әріде жатыр ма дейді студенттер үнемі. Мен оларға мемлекет – ол кең ауқымды ұғым. Мемлекеттің бір түріне қағанат, республика, корольдік, хандық секілді ұғымдар кіреді. Біздің тарихымыз әріде жатыр. Үш мың жылдың бедерінде. Қазақ хандығы іргесін қалағанға дейін елімізде жиырма тайпалық мемлекет болған. Алайда, олар тайпалық одақ ретінде танылды. Осылардың дамуы ұлттық сипаттағы мемлекетті құрады. Қазақ хандығының құрылуы – соның жалғасы деп жауап қатамын» деп бастады өз сөзін. Сондай-ақ ол: «Меніңше, Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінбей тұрып, алдын ала қайда баратындарын айқындап, келісіп алған. Қалай болса да, екі сұлтан Әбілқайыр ханның қарамағынан кетуді ұйғарғаны, екі жақты өзара келісімнің болғандығын төмендегі жағдайлар қуаттайды. Біріншіден, Керей мен Жәнібек қарамағындағы ұлысымен М.Елеуовтің аңызында бір түмен елмен көшкен. Осыншама адаммен, төрт түлік малымен мақсатсыз, бағыт-бағдарсыз көшу ақылға сыймайды. Ұлыспен түгелдей көшуге қарағанда алдын ала уағдаластық болған. Екіншіден, Моғол ханы Есен Бұға хан сұлтандарды құрмет көрсетіп күтіп алады (ХV-ХVІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969, 352-б.). Бұл алдын ала келісімнің болғандығын дәлелдейді. Бөлінуге түрткі болған оқиғаға көпшілікке белгілі аңыз – қарақыпшақ Қобыланды мен арғын Ақжол би арасындағы жанжал жатты. Ақжол бидің қанын өтеуге арғын тайпасы тағы да Керей мен Жәнібекке жүгінеді. Бұл да екі сұлтанның Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр ханға қарсы тұрар тұлғалар екендігін көрсетеді» деп құнды деректерді ортаға салды. Берекет Кәрібаевтан кейін сөз алғандар да Қазақ хандығы мен Ұлы Жібек жолының арақатынасы әу бастан айқындалып қойғанын айтып, оны тарихи деректермен нақтылап отырды. Жалпы, Түркия мен Польшадан профессорлар келген конференцияның күн тәртібіне қойылған мәселе кеңінен ашылды. Ұлы Жібек жолының сол кезеңдерде атқарған миссиясы ғылыми негізде айтылды. Конференцияның пленарлық баяндамалары мен секциялық баяндамалары өз жемісін беріп, айтулы шара үлкен табыспен түйінделді. Паң даламызда ізі қалған талай тайпалардың мыңдаған жылдар бұрын да қазақ даласын шиырлағанын, олардың өмір сүру формуласын, менталитетін, мәдениетін осы конференция барысында тағы бір тани түскеніміз соған дәлел.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  «Ақ жол».

Тараз.