Мәдениет

Көрермендерін күлкіге көмді

Көрермендерін күлкіге көмді

Тараз қалалық мәдениет үйінде республикалық «Әулиеата» орталық жайдарман лигасының ширек финалы болды. Оған Алматы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген командалар қатысып, әдемі әзілдерін ортаға салды. Тараз қаласынан қатысқан командалар да көрермендерді күлкіге қарық қылды.

Әдетте командалар уытты әзілдерін финалға сақтап, ширек финалда онша шешіле қоймайды. Бұл жолы олай болмады. Мәселен, Алматыдан үміт арқалап жеткен «Апорт» тобы ә дегеннен көрерменді баурап алса, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Аманат» тобының жігіттері шымшыма әзілдерімен жастарды ойға қалдырды. Жергілікті «Роял Нұр» мен «Дулати жастары» жайдарманшылары да өз стильдерінде өнер көрсетсе, Жетісайдан келген «Жетісай жастар құрамасы» да қазіргі уақыттағы жастардың әлеуметтік проблемаларын қалжыңмен көмкерді. Сонымен екі топта өткен сайыс бойынша жергілікті «Болашақ», «Дулати жастары», «Роял Нұр» командалары финалға өтті. Жайдарманның аудиториясының дені жастар болғандықтан, көрермен тапшылығын сезінбейді. Жастардың көңілін көтеріп тастауға мұрындық болған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына «Жайдарлы жастар» КТК лигасының директоры Бауыржан Мөрбеков алғысын білдірді.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».