Сыр бойындағы сырласу
Сыр бойындағы сырласу
Жарты ғасырға жуық тарихы бар облыстық филармония ұжымы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы секілді айтулы мерекелерге орай облыс орталығы мен аудандар, елді мекендерде, сондай-ақ, Алматыда М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында концерттік бағдарламаларын жергілікті жұртшылықтың назарына ұсынды.
Олар таяуда Қорқыт бабаның киелі мекені Қызылорда жеріне ат басын тіреді. Концерттік бағдарламада ұсынылған, жұртшылыққа жақсы таныс «Балауса» цирк тобының жеке концерттік нөмірлері көрерменнің көңілінен шықса, Қызылорда облыстық филармониясымен тәжірибе алмасу мақсатымен ұйымдастырылған «Таразым – алтын бесігім» атты концерттік бағдарламасы да елді елең еткізді. Концертке «Ақкербез» ұлттық би ансамблі, әнші Ақмарал Ахметова, «Балауса» цирк тобы, филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова қатысып, әдемі әндер шырқап, өнерге шөліркеген елдің шөлін басты. Сонымен қатар өнер иелері Сыр елінің жұртшылығымен сырласып, әдемі көңіл-күймен оралды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».