Ақындармен кездесті
Ақындармен кездесті
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне 95 жыл толып отыр. Білім ордасының тарихы сонау ХІХ ғасырдың 1920 жылынан басталады. 95 жылдың ішінде колледжді қаншама ірі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әншілер, актерлар оқып бітірген. Атап айтқанда, қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаев, қазақ тілтанушысы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылыми қайраткері Мәулен Балақаев, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, ҰОС ардагері Сырбай Мәуленов, филология ғылымының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев және өзге де елімізге кеңінен танымал тұлғалар білім алған. Қара шаңыраққа айналған білім ордасына еліміздің біртуар азаматтары мен колледж түлектері жиі қонаққа келіп, кездесу ұйымдастырылып тұрады. Кезінде қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиев, әйгілі жазушы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі, профессор, Шығыс елдері Халықаралық сәулетшілер академиясының академигі Шота Уәлиханов, жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, ақын Тұманбай Молдағалиев қонақта болып, білім алушыларға ғибратты әңгімелер айтыпты. Жуырда колледж директоры А.Биназаров, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М. Абикеева және қазақ тілі және әдебиеті пәндік циклдық комиссиясының оқытушысы Р. Абдалиеваның ұйымдастыруымен республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы Айнұр Тұрсынбаева және шоқ тілді шайыр Шорабек Айдаровпен кездесу өтті. Қонақтар колледж тарихынан мағлұмат беретін мұражайдағы түрлі экспонаттар қойылған көрме залымен танысты. Колледж директоры Айдархан Дүкенбайұлы кездесудің мән-мағынасына тоқталды. Студент Серік Омаров арнау өлеңін оқыды. Кездесу барысында студенттер ақындарға түрлі сауалдар қойды. Мәселен, Абзал Сатыбалдиевтің «Қазіргі заманның ақындарына қандай баға бересіз?» деген сұрағына Шорабек Айдаров: «Қазіргі ақындар алдыңғы буынға қарағанда бір инкубатордан шыққан балапандардай. Себебі, алдыңғы буындағы ақындардың әрқайсысының мақамы әртүрлі, бірін-бірі қайталамайтын. Ал қазіргі ақындар бірінің мақамын бірі қайталап, кімнің-кім екенін ажырата қалмай қалдық», – деп әзілмен жауап берді. Ал Айнұр Тұрсынбаеваға айтыс өнеріне қалай келгендігі жайлы сұрақтар қойылды. Оған ақын аруымыз көңілге қонарлықтай тұшымды жауаптар қайтарды. Қонақкәде ретінде Ш. Айдаров арнау айтып, А.Тұрсынбаева белгілі ақын Б.Имашевпен айтысынан үзінді орындады. Колледж әкімшілігі қос ақынның шығармашылығына табыс тіледі. Бұл басқосу білімгерлердің жандүниесіне рухани азық боларлықтай әсерлілігімен есте қалды.
Әйгерім Айдарова, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің зертханашысы.