Елбасының Алғысын алды
Елбасының Алғысын алды
Кеше облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев өткен сайлауда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстық штабында жұмыс істеген азаматтарды қабылдап, Елбасының Алғысын салтанатты түрде табыс етті.
Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде өткен Президент сайлауында жамбылдықтардың айрықша белсенділік танытқанын атап өтті. «Облыстағы жалпы сайлаушылардың 97,31 пайызы ел өміріндегі елеулі науқаннан тыс қалмай, өз таңдауларын жасады. Ал сайлаушылардың 97,90 пайызы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап, дауыс берді. Елбасының айқын басымдықпен жеңіске жетуінде облыстық штаб мүшелерінің де сүбелі үлесі жатыр» дей келе облыс басшысы алғашқы Алғысты қарттығына қарамастан қоғамдық жұмысқа белсене араласып, өскелең ұрпаққа өнеге болып келе жатқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребековке табыс етті. Елбасының Алғысымен марапатталғандар қатарында біздің әріптестеріміз, газетіміздің «Экономика және саясат» бөлімінің редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Дархан Байтуов және «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай да бар.
«Ақ жол-Ақпарат».