Экономика

«Киіз кімдікі болса, білек соныкі»

«Киіз кімдікі болса, білек соныкі»

тараздықтар 1 миллиард 592918880 теңгенің құрылыс жұмысын атқарады

Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге дайындық барысы қыза түсті. Облысымыздың аудандары мен облыс әкімдігінің басқармаларына да қаланың көшелерін абаттандыру, тазалау, әрлеу жұмыстары тапсырылған. Бұл шараның барлығы қазір облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Ал қала басшылығы үйлестіру жұмыстарымен айналысуда. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ерік Көшербаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелейді.

– Ерік Әубәкірұлы, биыл күзде өткелі отырған дүбірлі той біздің елдігіміз бен бірлігімізді көрсетері анық. Сондықтан, бүкіл қазақ жұртының қуанышына айналып отырған айтулы шараға республика облыстарының үлес қосып жатқаны заңдылық. Облыстық «Ақ жол» газеті дайындық жұмыстарының барысы туралы ақпарат жариялап келеді. Дегенмен, соңғы жаңалықтарды қысқаша айтып өтсеңіз? – Үстіміздегі жылдың 6 ақпанында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шараларды пысықтау бойынша Тараз қаласында еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалаларының өкілдері қатысқан көшпелі отырыс өткен. Сол кездесуде өкілдерге нысандарды жабдықтау бойынша бірқатар іс-шаралар жүктелген. Сөйтіп, өкілдерге әр облысқа тиесілі жұмыстарын бастап жүргізу туралы сәулеттік жоспарлау тапсырмасы, эскиздік материалдар, топотүсірілімдері бар папкалар таратылып берілген. Кеңестен кейін сол өкілдерге өз облыстарының бірінші басшысымен сметалық құжаттарды және эскиздерді келісуге уақыт берілді. Дегенмен, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе облыстары ғана жұмысқа кірісті. Ал Шығыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары эскиздік материалдарын келісіп, бір аптадан кейін жұмысқа кіріспекші. Алматы мен Астана қалалары жұмысқа әлі кірісе алмай отыр. Яғни олар тиісті жұмыстарына қаражат қарастыруда. – Қарағанды мен Ақмола облыстары да жұмыс бастағандардың тізімінде жоқ қой? – Әрине, оның өзіндік үлкен себебі бар. Өздеріңіз білесіздер, бұл облыстар бірнеше апта бұрын жайлаған су тасқыны салдарынан орын алған төтенше жағдайдан енді-енді ес жинап жатыр. Шынын айтсақ, бұл аймақтардың өзіне әлі де болса көмек керек. Сондықтан, табиғат салған қиын жағдайға байланысты қарағандылықтар мен ақмолалықтардың тойға қаражат бөлуге мүмкіндіктері болмай тұр. Жалпы, облыстар жоғарыда аталған жұмыстарға 900 миллион теңгеден астам қаражат жұмсамақшы. – Той қарсаңындағы дайындыққа өзіміздің жамбылдықтар қаншалықты үлес қосуда? Дәл қазір қандай жұмыстар басталды? – Тойға дайындық шаралары шеңберінде облыс әкімдігіне қарасты 17 басқарма мен 10 аудан әкімдіктеріне Тараз қаласының 26 орталық және магистральді көшелері бекітіліп берілді. Бүгінде аталған 26 көшенің бойында абаттандыру, гүлзар орналастыру, жаяу жүргіншілер жолдарын қалпына келтіру, жарық шамдарын орнату және жеке секторлардағы үйлердің қоршауларын жөндеу сынды жұмыстар басталды. Осы орайда облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Екі апта бұрын тиісті іс-шараларын бастаған басқарма басшылығы әл-Фараби көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің, кафелер мен дүкендердің алдын абаттандырып, гүлзар орналастырып, түнгі шамдарды орнатпақ. Қалған басқармалар мен аудандар мүмкіндіктерінше іске кірісіп жатыр. – Осы жұмыстарға кететін қаражат көлемі анықталды ма? Қай бағытқа қанша қаражат жұмсалмақ? – Жоспар бойынша осы көшелерде орналасқан 305 көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін сырлау жұмыстарына 200 миллион теңгеден астам қаражаттың жұмысы атқарылатын болады. Облыс және қала мекемелерінің басшылары, кәсіпкерлер бұл іс-шараға барынша белсенділік танытуда. Жоғарыда айтылған жөндеу және абаттандыру жұмыстарына 500 миллион теңге жұмсау жоспарланып отыр. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен 11 көшенің жарықтарын жаңғыртуға – 252 миллион, абаттандыру және көгеріштендіруге – 269 миллион, сонымен қатар облыстық бюджеттен көшелерді түрлі-түсті сәулелік безендіруге – 269,6 миллион, аялдамаларды жаңғырту бойынша 100 миллион теңге қаражат қарастырылды. Бұған қарамастан қала әкімдігі өз бюджеті есебінен 2015 жылы жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жоспарлаған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард 928,6 миллион теңге қарастырдық. Оған оннан аса көшелердің жөндеу жұмыстары көзделген. Қазір төрт нысан бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері өтуде. Атап айтсақ, Жамбыл даңғылы бойындағы жол учаскесіне (Ниетқалиев көшесінен Пушкин көшесіне дейін) күрделі жөндеуге – 72 227,16 мың теңге бөлінген, осы даңғыл бойымен Пушкин көшесінен Сыпатай батыр көшесіне дейінгі жол бөлігін күрделі жөндеуге – 469 781,790 мың, Теміржолшы саябағы көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуіне – 26 384,230 мың, Қарахан көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге 18 608 888 теңге қарастырылған. Ал төмендегі көшелердің жөндеуіне мердігерлер анықталып, жұмыстар басталып кеткен. Мәселен, Көшеней батыр көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуіне – 156 076 510, Сүлейменов көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуіне – 302 379 12, Әйтиев көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге – 32 475 363, Қапал көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге – 36 250 187, Көшек батыр көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге – 150 822 320, Жамбыл даңғылы бойындағы тротуардың бөлігін орташа жөндеуге –133 396 230, Төле би даңғылының тротуарларының жол бөлігінің орташа жөндеуіне – 54 714 900, 2014 жылдан өтпелі «Барысхан» алқабының жолдарының құрылысына (шағал төсеу) – 139 802 179, «Тәуке хан көшесіндегі жол өткелін қайта жаңғырту» нысанына 291 664 000 теңге бөлініп, қазір қала көшелерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл аталған жобаларға бөлінген қаржының жалпы құны 1 миллиард 592 918 880 теңгені құрады. Сондай-ақ, қаладағы жол қозғалысын реттеу құралдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарына 175 000 000 теңге қарастырылып, бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылатын болады. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».