МІНДЕТ – АЙҚЫН, ОРЫНДАУ – ПАРЫЗ
МІНДЕТ – АЙҚЫН, ОРЫНДАУ – ПАРЫЗ
Мырзабай БЕКНАЗАРОВ, «Кнауф Гипс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Елбасы Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде әлемдік дағдарысқа қарамай Қазақстанның қарыштап дамып келе жатқанына назар аударып, ел алдында тұрған бес ауқымды міндетті атап көрсетті. «Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек. Екіншіден, біз – ұлан-ғайыр елміз. Сондықтан, бізге Біртұтас ішкі нарықты дамыту және бүкіл өңірлерді теңестіріп дамыту керек. Үшіншіден, жемқорлықпен күрес біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарын құру, ол үшін индустриялық бағдарлама жүзеге асырылып, бизнес дамытылуда. Бесіншіден, тарихтың жаңа белесінде ұлттың бірлігін нығайту. Осының барлығы біздің мемлекетіміздің XXI ғасырдағы сын-қатерлері», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы қашаннан бизнес саласына қолдау-көмегін көрсетіп келеді. Осы жолы да ел алдындағы ең ауқымды бес міндетке назар аударғанда жоғарыдағыдай бірінші кезекте бизнесті дамытуды еске салды. Тәуелсіздік жылдары еліміз бойынша қаншама өндіріс орындары іске қосылды. Шағын және орта бизнес қанат жайды. Елбасы бизнесті одан ары дамыта беруді міндеттеп отыр. Біздің 70-тен аса қызметкер еңбек ететін шағын кәсіпорын бүгінде аяғынан нық тұрса, ол – тікелей Мемлекет басшысының қамқорлығы мен қолдауының нәтижесі. 2005 жылдың қазан айынан бері облыстың және облыстан тысқары құрылыс және цемент зауыттарын гипс өнімімен қамтамасыз етіп келе жатқан серіктестік жылдан-жылға өнім көлемін арттырып келеді. Шағын өндіріс ашылған алғашқы төрт-бес жылда 300-350 мың тонна гипс тасын өндірсек, былтыр 700 мың тоннаға жуық өнім өндірдік. Елбасы міндеттеген бес халықтық реформаны орындауда бар мүмкіндігімізді пайдалана отырып, қажырлылықпен еңбек етіп, өнім өндіру көлемін жыл сайын ұлғайта береміз. Жамбыл ауданы.