Әлеумет

Түйсігіміз телехикая тұтқынына айналды

Түйсігіміз телехикая тұтқынына айналды

Қаланың қым-қуыт тіршілігі қажытқанда, ауылға тартып кететініміз бар. Осыдан аз ғана бұрын бір аптаның сенбісін ыңғайға алып, Жуалыға жолға шықтым. Қаланың батыс қақпасының маңындағы автотұрақтан ауылға жүретін көліктердің біріне міндім. Алдыңғы қатардағы орныма жайғасып алған соң бірақ аңғардым, көліктің артжағында қартаң тартқан екі ақжаулықты қазақтың әжесі отыр екен. Дауыстары емен-жарқын шығып, әңгіменің қызды-қыздысына кіріп кеткен әжелердің сөздерінен қаладағы ұл-қыздарынан қайтып келе жатқанын түсіну қиынға соқпады. Жолымыз түйісіп, бір көлікке мінген соң құлақ түрік болары белгілі ғой. Ол кісілердің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Бір кезде әжелеріміз өздері теледидардан тамашалап жүрген кәріс, түрік, үнді телехикаялары жайлы айта бастады. Бірі «Сұлтан Сүлейманның» кейіпкерлерінің «қылығына» тамсанып, солардың таққан алқаларының жарқылын жыр қылып айтса, екіншісі көңілі құлазып: «Ананди байғұстың көрмегені қалмады, сол қызды аяймын. Жары да, басқасы да жарылқамады сол келінді» деп, наз айтып отыр. Ойламаған жерден әңгімеге араластым: – Апа, қайдағы үндінің әртісіне бола жүрегіңіздің сонша езілгені қалай? Оның үстіне ол жәй ғана кино ғой, – деп, ақжаулықтыны жұбатпақ болып, бір жағынан қаптаған телехикаяларға деген теріс ұстанымымды байқатып үн қатқаным сол еді: – Балам-ау, енді қайтеміз, үйдегі бос уақытымыздың дені шалыммен, одан қалды немере ұл-қыздарымызбен әр телеарнадағы түрлі сериалға таласумен өтеді. Анандимен таңымыз атып, Калянимен күніміз батып жүр, – деп, сұраулы жүзіме деген жауабын әсерлеп жеткізгенде, тілімді тістеп, не дерімді білмей қалдым. ...Апалардан бұрын көліктен түскен менің санамды салмағы батпан ойлар торлап бара жатты. Қазіргі осындай ақ жаулықты әжелеріміз немере-шөберелерін алдына алып, аңыз-ертегілерін айтып, ғибратты әңгімелерін баяндап отырады ма екен?! Әлде, жаңағы әжелеріміз секілді барлық ақжаулықтыларымыздың қолдары телехикая көруден бір босамайтын болды ма? Осы сұрақтармен іштей арпалысып қала бердім... Кезінде даңқты батыр Бауыржан Момышұлынан әлдекім: «Сіз неден қорқасыз?» деп сұраған екен. Сонда батыр: «Мен даудан да, жаудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп барады. Ең алдымен, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам. Үшіншіден, дәмді, дәстүрді сыйламайтын ұрпақ өсіп келеді, олардың қолына қылыш берсең кімді болса да шауып тастауға дайын. Олар қолына кітап алмайды, үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан ата мен әже жоқ» деген екен. Баукең айтқандай, ертегі айтатын әжелеріміздің азаюы біздің ұлттық тәрбиелік құны бар асыл қасиетіміздің сарқылып бара жатқанынан шығар. Әйтпесе, жоғарыдағыдай мысалдарға бүгінде жиі тап болып жататынымыз жасырын емес. Қайда жүрсеңіз де сол, қоғамдық орындарда да, базарда да, көлікте де басы түйісіп қалған екеудің диалогының бір ұшы телехикаяларға бір соқпай кетуі мүмкін емес. Баланың тәрбиесіне тек әке-ана емес, сонымен қатар ата-әжелер де атсалысуы керектігін, және оның қаншалықты маңызға ие екендігін қазақ әу бастан ескерген. Әженің бала тәрбиелеудегі орны қашанда дәлелденіп отырған. Бір ғана мысал алатын болсақ, Ұлы Абайдың қалыптасуындағы әжесі Зеренің ықпалын айтсақ та жеткілікті. Біздің қазақ ұлтында ерекше рөлге ие жан – әже. Ол тәрбиелеген бала әдепті, иманды, кішіге ізетті, үлкенге сыйлы болып өседі деген көзқарас бар. Десек те, қазіргі кезде өкінішке қарай «әлди, әлди» әнін айтып, ақ бесікке бөлейтін әжелеріміз азайды. Бесік жырының не екенін білмейтін аналарымыз көбейді. Бұл ащы да болса шындық. Өзіңіз ой жүгіртіп көріңізші, немересін алдына алып, бауырына басып, ғибратты ғақлиясын айтып, «Ер Төстік», «Жалғыз көзді дәу», «Ақжан батыр», «Нән батыр», «Жезтырнақ», «Тазша бала» секілді баланы батырлықпен қатар елін, жерін қорғауға үндейтін ертегілерді баяндап отырған әжеге соңғы рет қашан жолықтыңыз? Есіңізге түсіре алмай абдырап қалатыныңыз анық. Демек, бұл шынында ертегі айтар әжелердің азайғанын аңғартады. Бірде алыс ағайынымыздың үйінде қонақта болдым. Ішкі бөлмедегі төрге жайғасқан әжеміз немересін қолына алып «Ерте, ерте, ертеде, Ешкі жүні бөртеде...» деп төкпелете жөнелгенде ішім жылып, көңілім бір марқайып қалған. Алайда, сол әжеміз ары қарай ертегі емес, күндізгі көрген телехикаясын өзі ойша құраған жалғасын немересіне тізбектей кеткенде бала түгілі біз де елітіп-ақ қалдық. Сонда қазақтың баланы батырлықпен қатар елін жерін қорғауға үндейтін ертегілерін бүгінгі әжелер білмейді ме?!

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».