Фәнилік драма
Фәнилік драма
(рубаяттар) Бұл дүниені қайтсе де жамандаман: Алла осында етті ғой адамды адам... Бірақта бір қиыны – талай пенде, «Сұм жалған!» деп ғұмырын тәмамдаған. * * * – О, Жылқы-Қамбар Ата, малдың басы! Басыңды енді төмен салдырмашы. Желдей ес, жайла жалпақ жазираңды, Қазақтың мінездесі, тағдырласы! * * * Ел тарихы – ертеден адамға айбар, Кейде ерлерін кейінгі заманға айдар: Жиырмасыншы ғасырда қазақ үшін, Бауыржан боп соғысқан Қабанбайлар! * * * Құралып ап туысқан ұлыстардан, Қазақ оттың ішінде құрышталған. Даналары арқылы дарқан болса, Ақындары арқылы тілі ұстарған! * * * Соғыста болмаған соң жолықпаған Ажалдың түсін түстеп, қорықпағам. «Азаптан азаттаушы» деп жүр оны... Өзім де кейде солай жорып қалам. * * * Ақ-адалға арам тор құрса надан, Не шықпайды есепші сұм санадан! Өтірігі өрт болмай бықсып өшсе, Өтісім деп біртіндеп құм санаған. * * * – Жетті ақыры!.. Қойды, әне, бір ебейді!.. Бірақ бұны басшы деп кім елейді?!.. – Алла бастан биік қып жаратқандар, Басына тәж телмеңдеп тілемейді. * * * – Қысы-жазы, аязда, аптапта да, Тал түсте де ап жатса қаптап пара, Жүрек жұтқан батырың сол ма бүгін?!.. – Шірінді ғой... тастаса-ау таптап қана! * * * – Шыншыл сөзің ішіңде жанышталып, Алысудан алыстап, қалыс қалып, Арамшөптей қаулаттық арамзаны!.. Көрсек етті енді бір намыстанып! * * * – Еркелеп жан-жүректі сипағандай, Толқының, о, Махаббат, зифа қандай! Ал кейде... аласұрса дауылыңмен, Шығарар дал-дұлыңды қиқар аңдай... * * * – Айналған соң сен, қалқам, сырласыма, Өзі өзінен жөнелген мұң басыла... Дауа тапқан көңілден тілейтінім: Бақыт қонсын баянды бір басыңа! * * * – Жырың ащы. Демейсің ел өкпелер... – Әлдилеген желсөзбен желөкпелер замандасқа не дейін... Мен қайтпекпін Заман өзі деп тұрса: «Көмекке кел!»? * * * – Қаласа ұлық мақтау сөз оқығысы, Немесе оның болса той-отырысы, Өлең-жырға айналған жем жеп алып, Жаса, сарай сарыала тоты құсы!.. * * * Қазаққа қою үшін сап ауыздық, Баласын әр атаның алауыз ғып, Отаршыл отырған-ды. Енді өзіміз... – Өмірем қатсаң етті, о, Жауыздық! * * * Соңғы сөзім бұл саған... Ұғып тыңда: Сол жылы өскен жауқазын тұнып қырға... Махаббаттың демімен мені мас қып, Балқып ең ғой өзің де!.. Ұмыттың ба? * * * Өз атым мейлі өзіммен кетсін бірге, Мүрдеме жазсын оны, ексін гүл де. Ал әкем аты тек боп ұрпақтарға, Заманға заңғар, алыс тепсін де ірге! * * * – Құрбың: «Күнім аз қалды!..» деп жылайды, Ал сен болсаң қарайсың немқұрайды. Әлде саған өмірің қымбат емес?.. – Тәйт! Ұмытты деймісің мен Құдайды?! * * * – Досы көпте кісінің жаны азбаған, Оқшауланып қалады аразда адам... – Араз емен ешкіммен. Еш сатпайтын үш досым бар: өз ойым, қағаз, қалам. * * * – Ару едің, қор қылдың асылыңды!.. Төсек бірлік найсаппен жасырылды. Отбасы емес, орынтақ таңдағандық – Жалғыздықты жапсырды басы мұңды... * * * Сұлу еді-ау көрген жан табынатын!.. Қазір сол ғой дейсің тек танып атын. – Бұл не өштік, ей, Уақыт, дүниеде өшігуге өзге де табылатын?! * * * Патша бол не қоғамның ұлтарағы, Егеседі бұл өмір бұлталаңы. Күнді аумастай төбеден көрсе есірік, Жарқылдап жай аспанын бұлт алады. * * * Уақыттың тізгін тартпай жосылғаны – Ай, жылдап жасқа жастың қосылғаны. «Судың да сұрауы бар». Жасыңның да, «Кімсің сен?» Басты мән-ау осындағы. * * * – Білім қалай?.. Білік те қоңылтақ па?.. Онда ұлыққа жолыққын... жолын тап та. Қолында ғой, қаласа құйрығыңды, Дәнекерлеп тастау да орынтаққа! * * * Орынтақтан жақсыны кім кет дейді? Көре алмаған күйінсін күндеп мейлі. Ал хас надан антұрған ойлап па екен: «Неге мені бұл орын міндеттейді?..» * * * Бір ене, білетіні – шала дәстүр, Келіннен бетке тіктеп қарамас бір, Жасамақ болып еді келі-келсап, Алды оны арпылдатып қарабасқыр! * * * – Қарт көзінен сырғыды бір-ақ тамшы... Не дер екен, сөзіне құлақ салшы?.. Үндемейді?.. Мұң-зарсыз жас шыға ма, Неғып тұрсың безеріп?!. Жұбатсаңшы! * * * Қосылсақ та пенде боп былай санға, Жүргендейміз былғаныш ылайсанда. Алдау, қорлау, алалау, жалмауыздық... Жүру керек сонда да!.. Құлай салма. * * * «Жаратайық балшықтан мұны адам ғып», – десе Алла, мақсаты ұнағандық. Ұнамсызға ұрынған өзіміз ғой!.. Қайта орнаса-ау қайтсе де түбі Адамдық! * * * Көз алдымда көрініс ол түнгі анық: жатқан Талас жарқырап толқынданып, Бізбен, Аймен сырласып сылқ-сылқ күлген... Енді?.. Қане, барайық, бол, тыңдалық! * * * Ескерткіштер әртүрлі тұғырдағы – Замандардың зәйілі ұғымдағы... Біріне гүл қойылса, біреуі тұл... Мүлги берер өткеннің жұғындары. * * * – Ғұмыр дейсің... Жоқ оның қиын түгі! Бар болғаны – жылдардың жиынтығы. – Сонда да бар емес пе жұмақ, тозақ, Соңғы болса қайтер ең сыйың түрі? * * * – Күн ашық па... есіктей ұмыт қалған? Ол өмір ғой күтетін үмітті алдан... – Ал онда да бір есік болары хақ, Сен аша алмас. Мәңгіге құлыпталған... * * * Бұл не дыбыс, тәңір-ау дірілдеген, Бұрын естір құлаққа білінбеген?.. Бұ дүниелік пе өзі, әлде ана... Шақыра кеп «Жүресің бүгін» деген? * * * Бір найсап қол сап халық қоймасына, Тұрғызса зәулім сарай ойнасына, «Тонадым жетім-жесір, мүсәпірді!», – деген бір қалай келмес ой басына?! * * * – Өмір... өмір, сен – шаттық, мұң әрі сын... Күйкілік пен арманның тым алысын қосқан добы Алланың домалайтын, Махаббат пен Зұлымдық тұрағысың. * * * Жер мен аспан... болғанмен аралық кең, Бір қарлығаш таппадым – жаңалық па ең?.. – «Қарлығаш» деп қыздарға атың сыйлап, Бірге ұштың ба, періштем, балалықпен?.. * * * Бір сырым білгенге де білмегенге: ниет жоқ... өлең жазу мүлде менде! Тапсырған Абай атам: әлсін-әлсін, Жүректі жырмен жуам кірлегенде.
Арғынбай БЕКБОСЫН.
Тараз қаласы.