Аядай ауыл, аянышты тағдырлар
Аядай ауыл, аянышты тағдырлар
Соғыс. Осы бір бес әріптен ғана тұратын сөзді естігенде зарлы жесір, мұңлы жетім, жалғыз ұлын жоқтаған ананың бейнелері көз ұшында сағымдай селдірей түседі. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарындағы Ұлы Отан соғысы өзінің осындай зілдей ауыртпалықтарын ала келгені айқын. Оның зардабына әрбір ауыл, әрбір елді мекен тіпті әр шаңырақ шырмалды. Жуырда облыстық қазақ драма театры сахналаған «Тыныштық күзетшісі» драмасы сол зұлматты кезеңге көз тастауға мүмкіндік берді. Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Дулат Исабековтің пьесасы желісі бойынша сахналанған драмада соғыс жылдарындағы шағын ғана қазақ ауылының тыныс-тіршілігі бейнеленеді. Осыған дейін еліміздің өзге театрларында «Кішкентай ауыл» деген атпен қойылып жүрген пьеса жазушының әңгімесіне арқау бола отырып, жарыққа шыққанын ескермей өтуге болмас. Иә, жазушы аурухана палатасында жатып жазған «Тыныштық күзетшісі» әңгімесі ә дегеннен-ақ қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің, театр майталмандарының назарына ілігіп, кейіннен екі аптаның ішінде пьеса қалыбында қайта жазылды. Жеңіс күні қарсаңында туындыны облыстық қазақ драма театрының сахнасына шығарарда режиссер Әлия Баймахан драманың идеясын құраған әңгіменің тақырыбын сақтағанды жөн көріпті. Бұл ұтымды шешім болған сияқты. Айталық, жазушы Дулат Исабеков өз әңгімесінде тыныштық күзетшісі деп Демесінді алғы шепке қойғанымен көптеген театр режиссерлері пьесаны сахналау барысында аталмыш ауылдағы ауыр халді барынша жеткізуге асығып, басты кейіпкерді қалтарыста қалдырып келген. Бұл жолы олай болмады. Оқиға Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұстасып, сондағы қазақ ауылының аласапыран жағдайын жеткізуге бағытталды. Бірді-екілі соғыстан жаралы қайтқан ер-азаматтар болмаса, еркек кіндіктің дені майданға аттанған ауылда қыз-келіншектер мен жасы ұлғайған қариялар, ойын қуған бала-шағалардың мазасыз тіршілігінің көрінісі көп нәрседен хабар беріп отырды. Ал Демесін жастайынан азап пен қасіретті тағдыр кешкен бейбақ еді. Ата-анасының жауыздардың қолынан қаза тапқанын өз көзімен көрген ол қаршадайынан қайғыдан құсаланып, булығып өскен. Содан жүйкесі сыр берген Демесінді жұрт «есалаң», «жынды» атап кеткен. Оның оқыс қылықтарына үйренісе алмаған тұрғындар әсіресе ойын балалары көбіне одан үрейленетін-ді. Анығында ақыл-есі қалыпты, тек аздап аңғалдығы басым оның жүрегіндегі мұңға малынған мейірімді көптің түсінбеуі заңдылық. Дегенмен, әкесінің жақын досы Ормантай аянышты тағдыр иесінің жанын бір кісідей ұғатын. Сол себепті Ормантай Демесіннің ығына жығыла салуға бейімдеу болды. Тіпті, орынсыз, оғаш қылықтарымен баршаны мезі қылған Демесіннен барша ауыл тұрғындары теріс айналғанда, досының аманатына берік Ормантай оның бар «еркелігіне» шыдап бақты. Оған «Сен тыныштық күзетшісісің, біздің ауылдың тыныштығын күзетіп жүресің» деп арқасынан қағады. Осындай ізбе-із жалғаса беретін көріністерден көрермендер әңгіме желісіндегідей Демесінді басты рөлдегі кейіпкер ретінде таныды. Тани отырып, оның образына барынша нана түсті. Бұл ретте Демесін образында «өмір сүрген» театр актері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпековтің шеберлігін ескерусіз қалдыруға болмайды. Әсіресе, «Мен тыныштық күзетшісімін, ешқандай жауға алдырмаймын ауылымды» деп аттандағанда оған қарап сүйсінгеніміз, кей бала қылықтарына еріксіз езу тартқанымыз, ауылдан майданға аттанған азаматтардың тірісі мен қара қағаз келгендерінің санын жаттап жүргеніне қайран қалғанымыз рас. Керек десеңіз, ауыл маңын торуылдаған қанды қол қарақшыларды қолға түсіріп, көптің алдына байлап алып келіп, өзін «жынды» атаған тұрғындарға ұнамды болмысын аша түскен сәті көрермендердің риясыз ықыласына ие болды. Осының бәрінде актердің жазушы шығармасындағы Демесіннің бейнесін елестетуге барын салғаны көрініп тұрды. Сертке бекем Ормантайдың бейнесін сомдаған актер Мұрат Құсайынов өз міндетін тиянақты орындап шыққанымен кей сәттерде дауыс дикциясы образды ашуға онша келіңкіремей жатқан тұстарына бейжай қарай алмадық. Сондай-ақ, қойылым барысында күнұзақ қара жұмысқа жегілген нәзік жандылардың образдары көрерменнің көңілінен шықты. Ал сахна декорациясына келер болсақ, қашанда тарихи қойылымдарды сахналауда облыс театрында жұтаңдық байқалатынын ескерсек, бұл жолы шама келгенше жақсы жабдықталғаны бізді қуантты. Актерлердің образға сай киінуі де соғыс жылдарындағы нағыз күйбең күндерді келістірді. Әйтсе де, кейбір сәттерде дауыс әлсіздігі байқалып отырды. Актерлердің сөздері залдың алдыңғы қатарларының өзіне әлсін жетіп жатқан соң, көрермендер бірді-екілі дауыстап, ескерткені соның дәлелі дей аламыз. Алайда, режиссер Әлия Баймаханның сахналауындағы спектакль көңілге қонғаны анық. Соңыра сахнаға облыс әкімінің және облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының ықылас гүлдері жеткізілді. Бұдан соң шығарма авторы Дулат Исабеков сахнаға көтеріліп, туындының қалай жарыққа шыққаны туралы әңгімелеп, қойылымға өз бағасын берді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».