Шетелдік сарапшылар пікірі
Шетелдік сарапшылар пікірі
Джозеф МИФСУД,
Лондон дипломатия академиясының ректоры:
Өз басым Қазақстандағы Президенттік сайлаудың өте жоғары дайындықпен өткізілгеніне көз жеткіздім. Өзге халықаралық байқаушылармен бірге бес сайлау учаскесінде болдым. Аталған учаскелерге адамдар жоғары көңіл-күймен келіп жатты. Сайлау барысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Қазақстандықтар өздерінің демократиялық құқықтарын пайдалануда нағыз бірлікті көрсетті. Біз кейбір сайлау учаскелерінде сайлаушылардың пікірін де білдік. Олардың бәрі де сайлауға белсене қатысып отырғандықтарын мақтанышпен жеткізді.
Четин КАЗАК, Болгария Халық жиналысының (парламент) депутаты:
Біз бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Сайлау процесі барысында ешқандай дау-дамай, келіспеушілік дегенді көрген жоқпыз. Бәрі де сабырмен, ың-шыңсыз өтіп жатты. Сондықтан біз ешқандай ескертпе де айта алмаймыз. Қай учаскеге барсақ та халықтың дауыс беру белсенділігі жоғары екенін көрдік. Соның ішінде жастардың белсенділігі бізді қатты таңырқатты. Ал біздің Болгарияда жастардың арасынан мұндай белсенділікті көре алмайсыз. Сондықтан біз жастардың белсенділігіне қатты қызықтық. Ұйымдастырушылар тарапынан да қажетті дүниелердің бәрі жасалған. Біз сайлау үдерісі толығымен аяқталып біткенше халықтың белсенділігі төмендемегеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар, Қазақстанның демократиялық даму жолынан ауытқымай, осы аймақтағы ғана емес, әлемдегі тұрақты дамудың, этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі бола бергенін қалаймыз.
Дмитрий Мезенцев, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы (Ресей Федерациясы):
Біздің ұйымға енетін алты елдің бесеуінен байқаушылар келді. Бес бағыт бойынша біз өзіміздің байқаушылық жұмыстарымызды жүргіздік. Соның ішінде біздің әріптестеріміз Астана мен Алматы қалаларында жұмыс істеді. Сонымен қатар, кейбір әріптестеріміз Көкшетау, Қарағанды қалаларында болды. Ал Қырғызстаннан келген әріптесіміз үш күн бойы Шымкент қаласында жұмыс істеді. Біз бір-бірімізбен телефон арқылы хабарласып тұрдық. Айту керек, бәрімізде де біртекті пікір қалыптасып отыр. Қазақстандағы Президент сайлауы барлық жерде де өте үлкен ұйымшылдықпен, тыныштықпен және белсенділікпен өтіп жатты. Біздің ортақ бағамыз осындай. Мен өзім Ұлттық кітапханада орналасқан учаскеде байқау жүргіздім. Біздің халықтарымызда тізілген ұзақ кезектер жақсылық емес деген ұғым қалыптасқан. Алайда, халық өзінің кандидатына дауыс беру үшін кезекке тұрса, бұл сөзсіз жақсылық деп ойлаймын. Біз өзіміз барған учаскелерде осындай жағдайды көрдік.