Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі
Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар әлі де келіп жатыр Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зумадан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтаған жеделхат келді, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі. Д.Зума Оңтүстік Африка үкіметі мен халқының атынан шынайы құттықтауын жолдады. «Елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы орныққан қарым-қатынастарға қанағаттанатынымды айтқым келеді. Біздің ұзақ мерзімді қарым-қатынасымыз Сіздің білікті басшылығыңызбен бұдан әрі дамып, өркендей беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Дилма Русефтен құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі. Д.Русеф құттықтауын бүкіл Бразилия халқының және жеке өзінің атынан жолдаған. «Екіжақты ынтымақтастығымызды нығайту және Қазақстан мен Бразилия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздестіру үшін мен Сізбен жұмысымызды жалғастыруды қалайтынымды тағы да атап өткім келеді», – делінген құттықтауда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Жаңа Зеландия Премьер-министрі Джон Киден құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Д.Ки Қазақстан мен Жаңа Зеландия әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшелері екенін атап өткен. «Біздің көптеген салаға, соның ішінде ядролық қарусыздануға, жаңғыртылатын энергияға, сондай-ақ, климаттық өзгерістер ықпалына қатысты ортақ мүдделеріміз бар», – делінген хатта. Жаңа Зеландия Премьер-министрі Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік лауазымына, сонымен қатар, Қазақстанға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына қатысты науқанға орай табыс тіледі. Сирия Араб Республикасының Президенті Башар Әл-Асад Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен Сирия халқының және жеке өзінің атынан құттықтады. «Қазақстан халқының Сізді Президент ретінде сайлаудағы таңдауы – тұрақтылық, даму және тұтастық бағдарының жалғасуының көрсеткіші, сондай-ақ бүкіл елдің Сізге деген сенімінің айғағы, бұл халықтың бірлігін көрсетеді», – делінген құттықтауда. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Жозе Грациано Да Силва өзі басқаратын құрылым мен жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттің жоғары лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық және маңызды қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. «Жібек жолының бейбітшілік сыйлығы» қорының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда табысқа жеткенін, сонысымен бүкіл әлем назарын аударғанын атап өткен. «Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемде мойындалған көрнекті Мемлекет басшысы болып табылады. Оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі бастамалары тиісті елдер арасындағы диалог пен консультацияларға, өзара сенімді нығайтуға, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосылған қомақты үлес болып саналады. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ешқандай күмәнсіз бұдан да зор табыстарға жететініне сенімдіміз», – деп жазады авторлар.