Сүрбойдақтар «синдромы»
Сүрбойдақтар «синдромы»
Бір жігіт ағасы жасы алпысқа жеткен шағында үйленген көрінеді. Көп күттірген осы қуанышты сәтті бөлісуге келген жамағат дастарқан басында отырып «әйтеуір, бас құрады ғой» десіп, пыш-пыштап жатқанда жасы алпыс бестен асқан бір сүрбойдақ үстелден жайлап тұрып, көпшіліктен таса жерге қарай ығысыпты деген әңгімені кекесінмен айтып отырған екі әйелдің сөзі мені қатты ойға батырды. Алғаш естігенде езу тартқызатын бұл әңгіменің еліміздің бүгінгі және ертеңгі болашағымен өзектес екені ақиқат. Елімізде сүрбойдақтар проблемасы өршіп бара жатқандай. «Он үште отау иесі» деген атам қазақтың қағидасы бүгінгі күннің өлшемімен алғанда архаизмдік құбылысқа айналды. Әдетте, халқымыз қыз баласының босағаның оң жағында «ұзааақ» отырып қалуына алаңдаушылық білдіріп, ертерек өрісін кеңейтуге асығып бағатын. Сөйтіп жүргенде отбасының тұтқасын ұстар ұлдарының қалай «сүрленіп» қалғанын сезбейді екен. Еліміздегі демограф және санақшы көкеміз Мақаш Тәтімовтің кәрі қыздар проблемасымен қатар сүрбойдақтардың да қатары тым көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп дабыл қаққанына да біраз жылдың жүзі болды. Бірақ оған құлақ түріп, үлес қоссам дейтіндер аз. Керісінше, сүрленген бойдақтардың саны жылдармен бірге артып бара жатқандай... Мақаш ағамыз айтқан шындық шымбайға шындап батар емес. Осыдан бірер жыл бұрын сүрбойдақтардың саны 150 мыңнан асып кетті деген ақпар тарады. Одан бергі уақытта да дәл осы үйленіп, үйелменді болуға асықпайтындар саны артпады деп айта алмаймыз. Қалың қол әскердің сапындай, яғни, сол 150 мыңның қатарында жүргендердің дені – 30-дан асып, 50-ге иек артып қалғандар екен. Бұл – өзекті өртер өкінішті жағдай ғана емес, қоғамның да қасіреті. Мамандар «соңғы жылдары отбасын құрған еркектердің қатары 6 есеге дейін төмендеп кетті» деп дабыл қағуда. Қазіргі жастардың 30-40 пайызы отау құруға құлықты емес. Неге? Олар үшін отбасын құру емес, жан бағу бірінші кезекке шықты. Әуелі материалдық жағдайды ойлайтын олар отау құруға келгенде тізгінді тарта тұруды жөн көреді. Қыздардың көпшілігі ілім қуып, жастық шағын сарп етсе, жігіттердің дені материалдық жағдайын түзеймін деп жүріп уақыт өткізіп алады. Бас құрауды ойға алмай, серiлiкпен алтын уақытты босқа өткiзiп жүрген сүрбойдақтар өздерiнiң өсiп-өнуiне ғана емес, ұлтымыздың табиғи өсуiне де керi әсер етiп жүргендiктерiн ұғына бермейді. Осы мәселеге тереңірек жіті мән берген бір-екі халық қалаулылары бір кезде сүрбойдақ салығын салайық деп мәселе көтерген еді. Алайда, аяқсыз қалды. Үйленуді аяққа тұсау салу, еркiн өмiрден айырылу, өзiн-өзі жазықсыз жазалағанмен пара-пар деп есептейтіндер осыны жөн санайды. Мұндай жігіттер әйелімен бірге баласын қоса бағуды мойынға қамыт ілу деп ұғынып, одан да азаматтық некеде емін-еркін жүргенді құп көреді. Осы себептен де соңғы уақытта қоғамымызға қауіпті құбылыстың бірі азаматтық некеге жүгінгендердің саны өсіп барады.
«...Халық саны өсімінің кешеуілдеуі экономиканың өркендеуіне де кері әсерін тигізетіні белгілі. Осы орайда айтпай кетпеуге болмайтын үлкен қауіп бар. Бүгінде шетелдіктерге, әсіресе, қытай азаматтарына тұрмысқа шығып жатқан қыздарымыз көп. Оның түпкі мәнісіне тереңірек үңілсек... Қазақ халқы сияқты қытайлықтар да ұл баланы ғана ұрпаққа санайды. Осыдан 30 жылдай бұрын әлем халқына қауіп төндірер қасірет басталған-тұғын. Аяғы ауырлаған әйел УДЗ аппаратына түсіп, шарананың жынысын анықтатады. Қыз болса әрине, аборт жасауға мәжбүр. 30 жылдан бері үздіксіз жасалған осындай үрдістен кейін қазір Қытайда «еркек дағдарысы» тіптен белең алып кетті. Халқының саны бір жарым миллиардтан асып қалған елде жылына 16 миллион бала өмірге келсе, соның 65 пайыздан астамы – ұл бала. Елдегі ресми мәліметтерге қарағанда, Қытайда қазір 20-30 жас аралығындағы үйленетін жасқа жеткен еркектер саны 31 милионнан асып кеткен. Осы елдің статистиктері енді алдағы 20 жылда аспан асты елінде қыз жетпейтін еркектер саны 70 миллионнан асып жығылады деп жобалап отыр. Тепе-теңдік заңын осылайша «сасық саясатпен» бұзған өкімет басындағылар енді бұл проблеманы қалай шешеміз деп басы қатуда. Бірнеше жүз миллионнан асып жығылатын сүрбойдақ Қытай тек біздің елімізге ғана емес, бүкіл дүниежүзіне төнген үлкен қауіп екеніне әлем ғалымдары енді назар аудара бастады» («baq.kz» сайты). Ал дәрігерлердің пайымы бойынша кеш некенің кесірі бала санының шектелуіне әкеп соғатын көрінеді. Әйелдің де, еркектің де биологиялық жасын кері қайтару мүмкін емес. Жасы келген ер адамның ұрық бездері семіп, бала болдыру қасиетінен де айырылады екен. Осы орайда біз психолог маманның да уәжіне құлақ түрген едік.
Меруерт Ермекбаева, жоғары санатты психолог: – Ер азаматтардың отбасын кеш құруының психологиялық тұрғыда бірнеше себептері бар. Мәселен, қыздар жағы жігіт таңдағанда көп жағдайда материалдық жағына мән берсе, жігіттер қыздың сырт келбетіне қарайды. Сөйтіп, өзі ұнатқан сұлуының талабын орындаймын деп жүргенде уақыт сырғып өтеді де ол өзгеге тұрмысқа шығып кете барады. Сөйтіп сан соғып қалған серілердің жар таңдаудағы талабы күшейе түседі. Аруларға салыстырмалы түрде қарай бастайды. Салдарында ол өзіне ешкімді лайықты көрмейтін менмендік деңгейге жетеді. Жігіттердің кеш үйленуінің тағы бір кесірі бала тәрбиесіне де нұқсан келтіреді. Мәселен, қырық жасқа келіп үйленген жігіт алпыс жасқа келгенде жиырма жастағы баласына не айта алады? Баласы онсызда ер жетіп отырған жоқ па? Сондықтан балаларға неғұрлым жас ата-ана болғаны дұрыс. Тағы бір айта кетерлік жайт біраз жасқа келіп, үйленбей жүріп қалған жігіттер өзіне қажетті қамқорлықты анасынан табады. Анасының махаббатына қанағаттанып қалады. Сөйтіп жүріп өзінің анасына ұқсайтын қыздар іздей бастайды. Осылай уақытты тағы оздырып алады. Ал кейбір жігіттер, көпшілігі десе де болады, отбасын құрудағы жауапкершіліктерден жалтарады. Осындай оймен жүргенде, салт басты өмірге біржолата бой үйретіп алады. Мұның барлығы түбінде адам психикасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан жігіттерге де, қыздарға да ерте кезде халқымыз айтқандай, «бетінің әрі кетпей тұрғанда» отбасын құрып, ұрпақ өсіруден артық құндылық жоқ екендігін баса айтқым келеді.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».