Білім

Жастардың жөні бөлек жобасы

Жастардың жөні бөлек жобасы

Астана төрінде өтетін халықаралық көрмеге жол тартады

Жамбылдың білікті, ізденімпаз жастарының тың жобаларымен дүниеге келген ерекше құрылғылар мен қолданыста таптырмайтын құрал-саймандар көрмесі М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «ЕХРО – 2017 – жастар көзімен» деп аталатын инновациялық жобалар көрмесіне, шын мәнінде, қызықты дүниелер қойылды. Жастардың ғылыми әлеуеті мен шығармашылық белсенділігін дамытуға бағытталған көрме еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу бағытындағы қарышты қадамдарының бірі және дәстүрлі емес энергия көздері тақырыбына арналған инновациялық жобалардың көрмесіне іріктеу кезеңі ретінде ұйымдастырылған шараға қатысуға қызығушылық танытқандар көп болған екен. Барлығы 35 жобаның ішінен іріктелген 23-і аталған шараға қатыстырылған. Онда «Үздік көрме экспонаты», «Үздік инновациялық жоба» аталымдары бойынша он төрт пен отыз бес жас аралығындағы жастар қатысты. Олар ұсынған еңбектердің ішінен «Заманауи компрессор және мұнай айдау бекеттері», «Жел энергетикалық қондырғысы», «Қолжетімді дайын баспана», «Өсімдік қалдықтарынан биоэтанол өндіру», «Ауылдық жерлерде альтернативті энергия көздерін қолдану», «Ион» аппаратын жасау», «Күннің энергиясын пайдалана отырып, жылыжайда банан өсіру», «Тұрғын үй ғимараттарының электр тартылымдары мен жарықтандырылуы», «Қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған ортопедтік өнімдер және жайлы аяқ киім жасау», «Дала жағдайында өрт сөндіруге арналған роторлы топырақ лақтырғыш машина», «Ауыл шаруашылығы қалдықтарынан биогаз өндіруге арналған жерасты энергия үнімдеуші биоэнергетикалық кешен», «Лас суларды тазалауға арналған фильтрациклон», «Күн энергиясы және пирами­даның қасиеттері» атты жобалар сәтті қорғалды. Астана төрінде өтетін халықаралық көрмені қолдау мен халық арасында кеңінен насихаттау, облыс жастарының ғылымға қызығушылығын арттыру және инновациялық идеялар мен жастар арасындағы үздік инноваторларды анықтау, талантты жастарға бағыт-бағдар беру мен жас ғалымдар арасында тәжірибе мен ой-пікір алмасуды ұйымдастыруды мақсат еткен көрме өз үдесінен шықты. Жоғары оқу орындары мен ғылыми орталық қызметкерлері, ғалымдар жастардың ұсынған жобаларына жоғары баға беріп, бастамаларының баянды болатынына сенім білдірді. – Бұл көрмені ұйым­дастырудағы басты мақсат – «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық арнайыландырылған көрмесіне облыс атынан ұсынылатын үздік жобаны іріктеу болып табылады, – деді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».