Жеңістен – жемісті іске
Жеңістен – жемісті іске
Елбасын құттықтаулар жалғасуда
Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты әлемнің түрлі елдерінің белді саясаткерлерінен, халықаралық ұйымдар басшыларынан, компаниялар мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсті. Атап айтқанда, Сирия Араб Республикасының Президенті Башар Әл-Асад Нұрсұлтан Назарбаевты Президенттік сайлаудағы жеңісімен Сирия халқының және жеке өзінің атынан құттықтады. «Қазақстан халқының Сізді Президент ретінде сайлаудағы таңдауы –тұрақтылық, даму және тұтастық бағдарының жалғасуының көрсеткіші, сондай-ақ бүкіл елдің Сізге деген сенімінің айғағы, бұл халықтың бірлігін көрсетеді» делінген құттықтауда. Бутан Корольдігінің премьер-министрі Тшеринг Тогбей ел халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Сіздің жеңісіңіз соңғы жиырма жылда қойылған міндеттерге уақытында қол жеткізілгендігінің айғағы, сондай-ақ халық тарапынан Сіздің көшбасшылығыңызға деген сенім мен қолдаудың көрсеткіші» делінген құттықтауда. Т.Тогбей Нұрсұлтан Назарбаевқа сарқылмас қуат, ал Қазақстан халқына бұдан әрі дамуына және өркендеуіне тілектестік білдірді. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Жозе Грациано Да Силва өзі басқаратын құрылым мен жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттің жоғары лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық және маңызды қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. «Жібек жолының бейбітшілік сыйлығы» қорының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда табысқа жеткенін, сонысымен бүкіл әлем назарын аударғанын атап өткен. «Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемде мойындалған көрнекті Мемлекет басшысы болып табылады. Оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі бастамалары тиісті елдер арасындағы диалог пен консультацияларға, өзара сенімді нығайтуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосылған қомақты үлес болып саналады. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ешқандай күмәнсіз, бұдан да зор табыстарға жететініне сенімдіміз», – деп жазады авторлар. Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі М.Швыдкой өз құттықтауында сайлаудағы айқын жеңіс елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын нығайту және халықаралық беделін арттыру ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін Қазақстан халқының мойындауының жарқын айғағы екенін атап өткен. «Өмірдің барлық саласындағы Қазақстанның табыстары дау тудырмайды. Республика халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық саласында да барған сайын маңызды әрі айқын рөл атқаруда, бұл ретте ол төл ұлттық дәстүрлерін де сақтап отыр», – деп жазады автор.