Даму жолына қадам бастық
Даму жолына қадам бастық
«Бүгінгі мерейлі сәтте маған берілген сенім мандаты – мемлекеттігімізді нығайту жолындағы қыруар істеріміздің бағасы, Қазақстанды ең қуатты елдердің қатарына қосуды көздейтін ұлы мақсатқа берілген халқымның ақ батасы! «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясына, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформаға» елімнің білдірген қолдауы. Өмірін халқының бақытты жолына арнаған жанға бұдан зор құрмет болмайды. Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ, сол сенімді ақтаудан артық бақыт жоқ. Сол себепті мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын», – деп Елбасы еліне, халқына ағынан жарылып, ант берді. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Президенті лауазымына қайта кірісу рәсімінде сөйлеген сөзі. Ұлықтау рәсімін телеарналардан көріп, баспасөз беттерінен де оқып, хабардар болдық. Шын мәнінде, осы сайлаудың нәтижесі, Елбасының айқын басымдықпен жеңіске жетуі – бұл Қазақстан халқының бірлігін, оның беріктігін бүкіл әлемге паш етті. Ұлықтау рәсімінің Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында өтуі де біздегі этносаралық татулық пен ішкі тұрақтылықтың сақталғандығын көрсетіп отыр. Жалпы, сонау 1997 жылы алғашқы қадам ретінде еліміз «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын қабылдап, оны үлкен еңбек пен табыстың арқасында мерзімінен бұрын еңсере алдық. Осылайша даму жолына нық қадам бастық. «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді Стратегиясы да еліміздің, халқымыздың бірлігі мен ынтымағының және татулықтарының арқасында мерзімінен бұрын орындалатынына сенімім мол. Біз осы сайлауда отбасымызбен Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс бердік. Себебі, Елбасының тағдыры – Қазақ елінің тағдырымен тамырлас болып қалыптасты. Ендігі меже – Елбасы ұсынған бес халықтық реформаны өз деңгейінде жүзеге асыру. Бұл жолда да Ел мен Елбасы етене еңбек етіп, бар күш-қайратын жұмсайтынына күмәніміз жоқ. Елбасының сайлаудан кейінгі стратегиясы айқын болып отыр. Алдағы уақытта «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет – бес институционалдық реформаның» жүзеге асуына барша жұрт болып үлкен қолдау білдіруіміз керек. Елбасының жеңісі – ел болашағының кепілі әрі елінің, халқының жеңісі. Осылайша Елбасын таңдап, ұлы елі жаңа басшысын ұлықтады. Халқымыздың бірлігі мен татулығы, ұлттар достастығы мәңгі жасасын! Елбасымен бірге жаңа жетістіктерге жете берейік!
Ниязхан БЕЙСЕНОВ, ардагер ұстаз. Түймекент ауылы, Байзақ ауданы.