Өнеркәсібі өркендеген өңір
Өнеркәсібі өркендеген өңір
Тарихы терең Құлан жері туып-өскен ауылым болғандықтан бұрын да жиі ат басын бұрып тұратынмын. Дегенмен, Шәкәрімнің «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» дейтініндей, бұл жолғы келуіміздің жөні бөлек.
Қарқынды істер қуантады
Алдымен Т.Рысқұлов ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың негізгілеріне қысқаша тоқталсақ. Бұл ретте, Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған аудандағы 12 ескерткішке жүргізілген күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарынан бастағанымыз жөн. Жалпы құны 58 миллион 418 мың теңгеге аталған ескерткіштер айналасы қоршалып, абаттанып, әктеліп-сырланды. Әсіресе, аудан орталығы – Құлан ауылындағы ескерткіш көз сүйсінерліктей. Мұнан соң бас сұққан жеріміз – жүз орындық «Аяна» балабақшасы. Құрылысы толықтай дерлік аяқталып, пайдалануға берілуге дайын тұрған бұл балабақшаны жеке кәсіпкер өз қаржысына салған. Мұндай игілікті істі тағы екі кәсіпкер жалғастырмақ ниетте екен. Тірліктеріне табыс, істеріне береке тіледік. Юбилейный ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмекші. Сонымен қатар, Әбжаппар ауылында 150 орындық мектеп және Каменка ауылында 140 орындық балабақшаның құрылыстары басталды. Құланның тарихы тереңнен бастау алатынын сөз басында айттық. Десе де күні кешеге дейін аудандық тарихи-өлкетану музейі М.Өзбеков атындағы Мәдениет үйінің екінші қабатындағы қуықтай бөлмеде орналасқан еді. Жуырда осы олқылықтың орны толды. 17 миллион 300 мың теңгеге ағымдағы жөндеуден өткен ғимаратқа көшірілді. Археологиялық, этнографиялық және ауданның құрылуынан бергі тарих деп үш бөлімнен тұратын музейде арысы үйсін дәуірінен бастау алатын дән үгуге арналған тастар, біздің эрамызға дейінгі ІV-VІІІ ғасырларға телінетін қола қазандар, б.э.д VІІ-VІІІ ғасырларға жатқызатын қыш құмыралар және б.э.д VІ-ІХ ғасырдағы балбал тастар, ұзын-ырғасы 9332 құнды жәдігер топтастырылған. Алдағы уақытта музей қорының арта түсетініне ешкім шек келтіре қоймас. «Мал баққанға бітеді» дейді халқымыз. Бұл ретте, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы қой жылында мал басы саны өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. Мәселен, 2014 жылдың сәуір айының бірінші жұлдызы мен ағымдағы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда меншіктің алуан түрінде мүйізді ірі қара 33 603-тен 34 225, жылқы 12 500-ден 13 203, қой-ешкі 404 353-тен 421 183 басқа артқан. Мұндай жетістікке аудандағы жайылым мен мал қыстатуды, жемшөптік қорды жеткілікті көлемде дайындау жұмыстарының дұрыс жолға қойылуы арқасында қол жеткізген.
Өндірісте өрлеу бар
Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бергі кезеңде Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барлық қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Осы саланы мемлекет әлеуетін арттырушы буын ретінде қалыптастырып, елімізді индустрияландыру Президенттің халыққа биылғы Жолдауында тағы да айқындалып отыр. Бұл мәселелер Елбасының бес халықтық реформасында да кеңінен көрініс тапқаны белгілі. Қазіргі күні елімізде іске асырылып, өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатқан кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие, көмектер алып өз кәсібін өркендетіп жатқан азаматтар аз емес. Осындай жекелеген игі шаралар Т.Рысқұлов ауданында да жүзеге асырылып, халық игілігіне қызмет жасап жатыр. Бұл ретте аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы М.Арыстанбеков: – Бүгінде аудан аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қарқынды дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Т.Рысқұлов ауданы бойынша тіркелген барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2013 жылдың 12 айында 3195 болса, 2014 жылы 3433 болып, олардың саны 238-ге артты. Ал 2015 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында жаңадан 10 кәсіпкерлік субъект ашылды. Аудан аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері былтыр 4 миллиард 709 миллион теңгенің өнімін өндірді. Әр жыл сайын аудандағы кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтін адамдардың саны да артып келеді. 2014 жылдың 12 айында ауданның шағын және орта бизнес субъектілерінде барлығы 10084 адам жұмыспен қамтылды. Ал 2013 жылдың 12 айында 9970 адам жұмыс істеген болатын. Яғни 114 адамға артқан. Биыл жыл басынан 1011 адам жұмыспен қамтылып отыр. Қазіргі күні аудан аумағында өндірістік санатқа енетін 13 өнеркәсіп субъектісі тіркелген. Бүгінгі күнге оның 5-еуі тұрақты жұмыс істеп тұрса, қалған 8-і жұмыстарын уақытша тоқтатқандар санатына жатады. Өнеркәсіп орындарында 859 адам жұмыспен қамтылған. Аудан аумағындағы өнеркәсіп өндірісі 2014 жылы 3 миллиард 418 миллион 598 мың теңге болды. Ал 2015 жылдың 1 сәуіріне дейін өнеркәсіп өндірісі 622 965 мың теңгенің өнімін өндірді. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетілуде. Айталық, 2014 жылдың 12 айында осы бағдарлама аясында ауданға қажет бірнеше бизнес жобалар іске асырылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының өндірістік инфрақұрылым жүргізу тетігі арқылы 2014 жылдың екінші жарты жылдығында 5 жоба 284,8 миллион теңгеге қаржыландырылды. Бұл – облыс бойынша бірінші көрсеткіш», – дейді. Демек, өңірдің өндірісінде де өркендеу, өрлеу, өсу бар. Жалпы, Т.Рысқұлов ауданы – табиғаты тамылжыған, шыбық шаншысаң тал-дарақ болып көктейтін, жері шұрайлы, елі шырайлы құт мекен. Ауданның бұдан да көркейіп, гүлденіп, ажарлана, абаттана түсуі үшін әр тұрғын өз үлесін қосуы тиіс.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.