Экономика

«Көп түкірсе – көл» деген осы!

«Көп түкірсе – көл» деген осы!

облыс орталығында той қарсаңында Қыруар шаруа қолға алынуда

Таразда Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту шараларына дайындық жұмыстары алдымен қала көшелеріндегі жекелеген учаскелер бойынша тротуарларды жаңартудан басталған болатын. Сонымен қатар, Қызылорда, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары өздеріне тиесілі нысандардағы құрылыс жұмыстарын қолға алғалы біраз уақыт болды. Атырау облысы Тұңғыш Президент атындағы саябаққа қарама-қарсы бетке гүлзар жасауға кірісті. Қаржы көзін тапқан облыс нысанның қаржылық-сметалық құжаттарын дайындап, кететін шығынды анықтап қойыпты. Қазір аумақты тегістеуде. Ал  Қайрат Рысқұлбеков саябағы алдындағы «Даңқ» аллеясының екінші бөлігін орнатпақшы болған Алматы қаласы жобаға кетер шығынды есептеп, ақшаларын жіберіпті. Мұндағы жұмыстарды Тараз қалалық әкімдігі басшылығы өздері жүргізетін болып келісіпті.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Жамбыл даңғылының бойындағы үлкен көпірді қайта жарақтандыруды қолға алған. Дегенмен, көпір арқылы электр қуатының желісі жүргізілгендіктен ол ондағы жұмыстарға аздаған кедергі келтіріп отыр. Сондықтан бұл іспен электр мамандары айналысуда. «Тараз» қонақ үйінің алдында да қызу жұмыс. Ол маңда маңғыстаулықтар жаңа үлгідегі гүлзардың құрылысын жүргізбек. Маңғыстау билігінің  қаржы аударуын күтіп отырған тараздық мердігер «Әлімжан company» ЖШС әзірге қонақүй алдындағы тегістеу, қазу жұмыстарын өз күштерімен жүргізіп жатыр. Маңғыстау облысы бұл жерге теңіз жағалауы жер қыртысынан өндірілетін құрылысқа пайдаланатын үлкен әктастарды жеткізіп беріпті. Облыс орталығын тойға дайындау барысында қаламыздың бір көркейіп қалары сөзсіз. Оған он төрт облыс пен екі республикалық мәндегі қалаға бекітілген нысандардың көз тартар эскиз-жобалары дәлел. Одан бөлек еліміздегі мұнай компанияларының қаржылай қолдауымен «Зербұлақ» көлінің жөнге келтіріліп, демалыс кешеніне айналуы мүмкін. Сонымен қатар, қала әкімдігі өз бюджеті есебінен 2015 жылы жалпы ұзындығы 46 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жоспарлаған. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 928 589 мың теңге қарастырылыпты. Ал төмендегі көшелердің жөндеуіне мердігерлер анықталып, жұмыстар басталып кеткен. Мәселен, Көшеней батыр көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуіне – 156 076 510  теңге («АрайСтроймаркет-2003» ЖШС), Сүлейменов көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуіне – 302 379,12 теңге («Айя-Сервис» ЖШС), Әйтиев көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге – 32 475 363 теңге («Айя-Сервис» ЖШС), Қапал көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге – 36 250 187 («АрайСтроймаркет-2003» ЖШС), Көшек батыр көшесінің жол бөлігін орташа жөндеуге – 150 822 320 теңге («Тараз көлік жолы» ЖШС), Жамбыл даңғылы бойындағы тротуардың бөлігін орташа жөндеуге –133 396 230 теңге («Бақ-Indastry» ЖШС), Төле би даңғылының тротуарларының жол бөлігінің орташа жөндеуіне – 54 714 900 теңге («Жаңа Кемер Құрылыс» ЖШС), 2014 жылдан өтпелі «Барысхан» алқабының жолдарының құрылысына (шағал төсеу) – 139 802 179 теңге («АрмСтрой» ЖШС), «Тәуке хан көшесіндегі жол өткелін қайта жаңғырту» нысанына 291 664 000 теңге бөлініп, қазір қала көшелерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл аталған жобаларға бөлінген қаржының жалпы сомасы 1 миллиард 592 918 мың теңгені құрады.