Ел жаңалықтары

Шайтансаз

Шайтансаз

– Амансыз ба, ақсақал? – Шүкір...Аман, қарақтарым, аман-есен. Шырамытып тұрғаным, қай баласыңдар-ей? – Көрші ауылдан құдалықтан келе жатыр едік, ата. Бізді танымайсыз. Бұл ауылдан емеспіз. – Жөн-жөн. Бәсе деймін-ау, біздің ауыл-аймақтан болсаңдар мына жерде тұрақтамаған болар едіңдер... – Неге? – Айтқан аузым жазықты, шайтан болады дейді бұл арада. – Қойыңызшы, аздап тынығып алайық деп отырғанымызға біраз уақыт болды. Одан да тойдың сарқыты ғой, мына астан ауыз тиіңіз. – Біссіміллә... Қарияның асқа қол соза бергені сол еді, абыр-дабыр адамдар да, алдына жайылған дастарқан да көзден ғайып болды. Қос қолдап енді үзе берген  наны, о тоба, кәдімгі жылқының тезегіне айналған. Есі кіресілі-шығасылы күйде көк есегіне қамшыны бастырмалата соғып, ауылға қарай асыға берді... – Әй, Рақыш, сандырақтағанның да жөні бар. Аузыңа келгенді оттай бермей, жөніңе жатсаңшы. Дені дұрыс адамның жасы ұлғайса, қазыналы, баталы қарт болады. Сенікі не? Алжыған шал атанып, бүкіл ауылдың өсегіне айналып?.. Бірақ, Рақыш шал айтқанынан танбайды. «Мен оларды көрдім. Бір топ сайтанды...» дейді ме-ау? «Адам бейнесіндегі сайтандар маған ас ұсынды» дейді ме-ау?! Әйтеуір, сөзге келер емес. Қаткен кемпір алыс-жақын ауылдардағы молда, тәуіп атаулыны түк қоймады. Кейбіріне барып құмалақ шаштырады, кейбірін үйіне әкеліп Рақышты «үфип-сүпит» деп оқытады. Амалы қанша, нәтиже жоқ. «Ойпырым-ай, ата-бабамыз сол жерден аса сақтанып, жын-шайтанның мекені деп жататын еді. Мүмкін шын мәнінде көрген де болар» деп бір сәт өзі де терең ойға кетіп қалады. Артынша, кәлимасын қайырып, өз ойынан өзі қорқып кетеді. Көрші ауылдағы жамағайынының үйіне кетіп, түн жарымында аласұрып жеткен шалының шайтандар туралы адам сенгісіз оқиғаны айтып жатқанына, міне, бір айдан асты. Қалада тұрып жатқан жалғыз ұлы әкесін алып кетіп, білікті деген дәрігерлерге қаратып, дертін таба алмаған. Ақыры, жасы келе жүйкесі жұқарған деген шешімге келді де, ауылға қайтарған. Сап-сау жүрген адамның табан асты, екі кештің арасында жын соғып кеткендігі Қаткен кемпірдің жанына батады. Шалдың дертіне дауа іздеп жүрген сол ғана. Қазір еш ісін «Құдая тобасыз» бастамайтын, әбден діншіл болып алған. – Әй, Қатыш, осы мен сені де әбден алжытатын болдым ғой. Осыдан былай саған сол Құдай атқыр түн туралы жақ ашпаймын. Біз түсіне бермейтін құбылыстар көп қой. Солардың бірі болар. Есімді жидым ғой. Е, Алла... – деп, Рақыш қарт қатпарлана түскен маңдай әжімдерін бір керіп қойып, қылилана біткен көздерімен кемпіріне бір қарады. – Сөйтші, садағаң кетейін. Шошынып та біттік қой. Шүкір, Алла, шүкір. Тфә-тфә... Бұдан былай сырғыған күндердің өзі-ақ талай оқиғаны ұмыттырған. Тек, ауыл адамдарын дүрліктіріп, Рақыш шалдың санасын торлап алған мына бір оқиға болмағанда. Көрші ауылдың қыз-келіншектеріне қырғидай тиіп жүретін Думан сол күні біраз ай бойына бордақылаған малын сатып, қалтасын «қампитады». Араққа үйірсектеу жігіт үнемі масаң күйде жүретін. Сол күйде көлігін де жүргізе беретін. ...Не керек, біраз қаражат пен ішкіліктің буы бұл сабазды тағы да көрші ауылға бастайды. Сауық-сайранды құрып, өзінің де, өзгенің де «көңілін көтеріп», көлігімен ауылға әндетіп келе жатқан жігітті «таңғажайып» жолаушы тоқтатады. Аппақ денесі айға шағылысқан ару дәл бұрынғы Рақыш шалды жын соққан жерде Думанның алдынан кесе-көлденеңдей тұрып, жанұшыра қол бұлғайды. Қаншалықты мас болса да, Думан есін бірден жиып алады. Әлденеше жолды артқа тастағанда барып, ойға қалады. Мүмкін ол бейбақ, басқа жақтан қыдырып келіп, бұл ауылдың соғыларға жар таппай жүрген жүгермектерінің қолына түсіп қалуы да бек мүмкін. Сол содырлардан құтылу үшін ұятты жиып тастап, жолға қаша жөнелген болуы мүмкін ғой әлгі әйелдің. Иә, дәл солай. Өкініші әп-сәтте өзегін жарып кете жаздады. Дереу көлікті кері бұрған ол жылдамдықты арттыра түсті. Не де болса, байғұс келіншеккке көмекке үлгеруге асықты. Көліктің жарығы түскенде байқаса, ол әлі сонда, жол жиегінде бүрісіп отыр екен. Ешқайда жоғалып кетпегеніне қуанды. Қолын созып қасындағы есікті ашты да «отыр» деді. Сұлулығында шек жоқ-ау, шек жоқ әлгі келіншектің. Қап-қара шаштары тобығына төгіліп, мойылдай қара көздері қара түннің өзінде сәуле шашып тұрғандай. Әп-сәтте ғаламат сұлулыққа арбалып қалды жігіт. Қыз қолын алғаш ұстаған кезіндегідей мең-зең, дел-сал күйге түсті. Керемет сұлулыққа таңданып болмастан, Думан ғаламат қорқыныш құрсауында қалды. Көлікке ентелеп міне берген келіншектің аяғы кәдімгі адамдыкі емес, аттың тұяғы. Тізеден төмен қарай ат аяқты аруды бар күшімен көліктен итеріп жібере, есігін жаппастан зыта жөнеледі бұл. Бар жылдамдықпен зулатып келе жатып артқы жолды көрсетіп тұратын терезеге көз тастауы мұң екен, желдей есіп, көлікпен қатарласа шауып келе жатқан әлгі мақұлықты көрді. Сәл ғана бұрын төгіліп тұрған қара шашы желдей жүйткіген арудың арқасындағы қара жалға айналғандай. Сол күні Думан ауылға қалай жеткенін, нендей жағдай болғанын білмейді. Тек, Рақыш шал ғана санасын торлаған сан ойдан арыла алмай-ақ қойды. Демек, мұның көргені де жәй елес емес. Осы аймақтың арғы-бергі тарихы мен құпия-сырына қанық бір адам болса, сонау түкпіргі ауылда тұратын Құрман ақсақал. Онымен әңгімелесіп, талай тарихты өз аузынан естуге Рақыш шал көптен құмар болса да, жолы түспеген еді. Ендігі мына оқиғалар қарттың ол ауылға арнайы баруына себеп болды. Айтылған оқиғаларды асықпай тыңдаған Құрман қарт терең ойдан әрең шыққан: – Шайтансаз... Ол жерді ата-бабамыз солай атайтын еді ғой. Сендердің бастан кешкенің бұрынғылармен салыстырғанда түк емес. Бір замандарда бүкіл ауыл үдере көшіп, ата қонысты тастап қашқан жоқ па, сол жерден. Кім білсін, кім білсін?.. Ауыл-аймақты түгел билеп-төстеп отырған бір байдың бесінші тоқалын алғаннан қалған қасірет деуші еді бұрынғылар. Кедей бір шаруаға әлімжеттік көрсетіп, Құдай сұлулықты аямай берген оның он алты жастағы қызын әй-шәйға қарамай тоқал етіп алады ғой. Сонда әлгі қыз озбыр байдың үрім-бұтағынан бастап, басып өткен жеріне дейін әй бір қарғаған екен. Сөйтіп, өзі мал өрістен қайтып, ел абыр-сабыр болған сәтте сол маңдағы үлкен ағашқа асылып өлген деседі. Ал оның рухы шайтандармен араласып, әлі де осы жердің берекесін қашырып, елін дүрліктіріп тұратын көрінеді... Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».