Жасы 101-ге келген ардагерге қайтадан тіс шықты
Жасы 101-ге келген ардагерге қайтадан тіс шықты
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагеріне жаңадан тіс шыға бастады. Бүгінде ақсақал жергілікті жұртқа танымал болып, таңқалдырып жүр. Бұл аздай, оның шаштары да қарайып, жасарып бара жатқанға ұқсайды. 101 жасқа келген Ұлы Отан соғысының ардагері Жүніс Қабекеновтың бойында бар мұндай ерекше қасиет бүгінде бүкіл халықты таңқалдырып отыр. Ақсақалдың айтуынша, күрек тісінен басқа тістері ерте түсіп қалған екен. Ал жаңасын салдыруға ауырсыныпты. Бірақ күтпеген жерден бірнеше тісі шыққан. Жүніс ақсақал мұны салауатты өмір салтын ұстанумен байланыстырады. Өйткені, ол жаман әдеттерден бойын ада ұстап, спортты серік етіп келген. Ешкімге жаманшылық тілемей, адал болу да бұған әсер етуі мүмкін дейді. Мамандардың айтуынша, бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Бірнеше жылдық еңбек тәжірибесі бар тіс дәрігерлері де бұрын-соңды мұндай жағдайға тап болмағанын айтып, таңданып отыр. Тіршілік иесінің даму ерекшеліктерін зерттейтін антрополог-ғалымдар қартайғанда ағза жаңара бастайтындығын айтады. Пайымдауларынша, адам 200 жыл жасауы керек. Бірақ нашар экологияның әсері мен салауатты өмір салтын сақтанбауынан 100 жасқа да жетпейтін көрінеді. Ал егде жасқа келіп, тісі шыққандар осы қағиданың бір айқын дәлелі және өзгелерге үлгі боларлықтай жағдай деп отыр.