Ел жаңалықтары

Тутанхамон қабірі

Тутанхамон қабірі

немесе  оның  құпиясы

Дүниежүзінің археолог-ғалымдары Мысыр перғауындарының қабірін ашуға қатты қызығатын. Белгілі археолог Говард Картер Лухсорға келгенінде патшалар алаңындағы биік төбеден бұрын белгісіз болып келген қорым жайлы естіп, барып көреді. Сөйтіп, лорд Карнарвонның қаржыландыруымен Г. Картер осы қорымды 1917 жылдың күзінен бастап қазуға кіріседі. Бірақ 1922 жылға дейін қорымның астынан мыңдаған тонна  құр тастар шығып, мыңдаған фунт стерлинг ақша жұмсалғанымен, еш нәтиже шықпайды. Олар да алған беттерінен қайтпай қазуды жалғастыра береді. Өткен жылдың 26 қарашасы Картерге сәттілік әкелді. Картер дәліз түкпіріндегі есік орнының жоғары сол жақ бұрышының қалың қабырғасын төмпештеп ұрып тескені сол еді, тесік саңылауынан бұдан 30 ғасыр бұрынғы қызған ауа бұрқ ете қалды. Май шамның жарығын түсіріп, саңылаудан қарағаны сол еді, бұдан бұрын мысыртанушылар бастан өткеріп көрмеген таңқаларлық құбылысты көреді. Ар жағындағы бөлме кәдімгі мұражай сияқты, неше түрлі таңғажайып заттар байқалады. Бірақ ешқандай қабір, саркофаг, мумияның ізі де жоқ.  Алайда, оң жақтағы қабырғаға анықтап қараған кезде, қара сырмен боялған фараон бейнесіндегі бір-біріне бетпе-бет қарап тұрған екі статуяның арасынан салынған есіктің орнын байқайды. Картер сыланған жерді ұңғып тесіп, сол кішкентай тесіктен шамын жағып қарап еді, бір метрдей қашықтықтан таза алтыннан жасалғандай жарқыраған қабырғаны көреді. Ар жақтағы дүниелерді бүлдіріп алмау үшін, тас қабырғаны асықпай бұзып, саңылауды үлкейте береді. Саңылау үлкейген кезде анықтап қараса, алтын қабырға дегені – алтындатылған қабірхана болып шықты. Ұзындығы – 5, көлденеңі – 3,3, биіктігі 2,73 метр көлемдегі кварцитті саркофаг екен. Үстіне қара  түсті жабынды төселген. Оны алып тастағанда, алтыны жарқ етіп, көздің жауын алды. Табыттың ішінде айқасқан қолдарына патшалық билік пен перғауындықтың символы – сом алтыннан жасалған скипетр мен қамшы ұстатып қойған алтын бетпердесі бар екен. Түр-келбетін кәдімгі перғауын Тутанхамоннан айнытпай келтірген, тіпті асыл тастардан жасалған көздері де тірі адамға ұқсайды. Бұл қабірдің астынан тағы бір қабір табылады. Онда Тутанхамонды Осирис Құдай бейнесімен  сомдаған екен. Қабірдің алтын қақпағына сегіз жерден алтын бекіткіштер орнатылған. Оны көтергенде ғана, перғауынның алтын бетперделі мумияланған денесі көрінді. Картер тапқан саф алтыннан жасалынған дүниелер, бастан-аяқ алтынмен апталған Тутанхамон мен оның әйелі Анхесенепаамонның және балаларының денесі табылған бұл қабір 3300 жыл бойы жұмбақ болып келген еді. Бұл әлемді дүр сілкіндірген жаңалық болды. Бүгінде Тутанхамонның денесі салынған саркофаг пен сонда табылған барлық қазыналар Каирдегі Мысыр ұлттық мұражайында сақтаулы. Ең сұмдығы, пирамида қуыстарының, бөлмелерінің құпиясын ашқан ғалымдар, зерттеушілер, археологтар бірінен соң бірі қайтыс бола берген. Әуелде тас мүсінде вирус бар деп саналғанмен, соңынан эпидемиологтар, дәрігерлер ешқандай вирус таба алмаған. Сөйтіп, түсініксіз опатқа «перғауынның қарғысы, кегі» деген ат берілген. Тутанхамон қабірін қазып, ондағы мол қазынаны мұрағатқа өткізіп, абыройы асқақтаған Говард Картер де екі аяғынан бірдей айырылып, мүгедектер арбасына таңылып қалды. Терісі түгелдей зақымданып, шашы мен тырнақтары да өз-өзінен түсе бастады. Ағзасы жартылай уланған Говард тек дәрі-дәрмектің көмегімен ғана тірі жүрді. Қалған өмірі тозақтың өзіне айналғандай еді. Ежелгі перғауындардан қалған мына бір сөз кімнің де болсын үрейін ұшырары сөзсіз: «Кімде-кім мәңгілік тыныштығымызды бұзар болса, оның жазасы – тек өлім!»

Айша АРМАНҚЫЗЫ.