Желбіре жеңістің жалауы, лапылда мәңгілік алауы
Желбіре жеңістің жалауы, лапылда мәңгілік алауы
Күллі әлемді көл-көсір қуанышқа кенелткен Ұлы Жеңіске биыл 70 жыл толды. Адамзат тарихындағы айтулы мереке облысымызда да айрықша аталып өтті. Тараз қаласындағы мерекелік шаралар «Даңқ» мемориалы мен аллеясына, Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы мен Ақәділ Суханбаевтың, сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің, З.Космодемьянская мен Т.Тастандиевтің ескерткіштеріне, «Жеңіс» саябағындағы Батыр Баукеңнің стелласына, 1941-1945 жылдары мерт болған майдангерлерге арналған стелла мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жарақаттан Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы госпитальдарда қаза тапқан Кеңес әскері жауынгерлеріне арналған обелискіге гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Осы күні Төле би даңғылы мен Сыпатай батыр көшесінің қиылысындағы «Мәңгілік алау» мемориалының ашылу салтанаты болды. Бұрындары көзге қораш көрініп тұратын ескерткіш бүгінде толықтай қайта жаңғыртылып, мемориалды кешенге айналдырылған. Оның айналасы мерекелік жалаулармен безендіріліп, әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндер мен марштарды ойнап тұрды. Тағзым орнына соғыс және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қала тұрғындары және жастар, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың өкілдері, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері көптеп жиылды.
Мемориалды кешеннің лентасын салтанатты түрде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхан Бужуков кесті. «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының жауынгерлері бастап мекеме-кәсіпорындар ұжымдары гүл шоқтарын қойды. Отан үшін от кешкендерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, ерлікке тағзым көрсетілді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні орындалып, әскерилер автоматтан салют берді. Мұнан соң облыс басшысы сөз алып, жиылған жұртшылықты мемориалды кешеннің ашылуымен құттықтады. – Ерлік ескерілсе ғана ескірмейді. Облыста Отан үшін от кешкен жауынгерлерге арналған 198 ескерткіш бар. Жеңістің 70 жылдығына орай 20-дан аса жаңа ескерткіш бой көтерді. «Мәңгілік алау» ескерткішін қайта жөндеуден өткізіп, мемориалды кешенге айналдырдық. Мұндағы ең басты мақсатымыз – аға ұрпақтың, Жамбыл жері Батырларының есімін құрметтеу. Ескерткіш-мемориал Ұлы Отан соғысындағы ерлікті ғана бейнелемейді, қазақ халқының батырлығын, ержүректігін де сипаттайды. Бұл – фашизмге қарсы күреске қатысқан барлық жамбылдықтарға, ұрыс даласында қаза тапқандарға, аман-есен оралып, елді дамытуға орасан еңбек сіңірген ардагерлерге деген тағзым. Бұл – біздің ардагерлерге деген ыстық ықыласымыз бен асыл алғысымыз. Бұл – біздің Жеңіс солдаттарына деген мәңгілік естелік ескерткішіміз. Мемориалды кешен ардагерлеріміздің, қала тұрғындары мен жастардың кездесу өткізетін, демалатын орны болатынына сенемін. «Мәңгілік алау» ескерткіші ел тарихының бір парағы болып қалады. Өйткені, жеңіс тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Келесі кезекте Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Макеев сөз алып, майдангерлерге жасап жатқан құрметі үшін Елбасына, жергілікті атқарушы органдарға алғысын жеткізді. «Енді ешқашан да соғыс болмасын. Елімізде тек қана бейбітшілік орнасын!» деген тілегін жеткізді ардагер. Мұнан соң әскери оркестр «Жеңіс күні» маршын ойнап, соғыс ардагерлері арнайы дайындалған автокөліктермен орталық «Достық» алаңын бетке алды. Бұл күні орталық алаңдағы мерекелік іс-шараны тамашалауға келген көпшіліктің қарасы қалың болды. Ең әуелі жұрттың назарына театрландырылған көрініс ұсынылды. Қазақ даласы. Бейбітшілік уақыты. 10-15 ер жігіт шөп шауып жатады. Оң жақта 10-15 қыз «Қырманға кел, қалқатай, білегіңді сыбанып» деп, әндете шөп жинап жүр. Сол сәті көпшілік фашистік Германияның соғыс бастағаны туралы Левитанның дауысын естіп, тұрып қалады. Көп ұзамай ортаға жүк көлігі тоқтап, қызыл әскер командирі Кеңес әскерінің Бас қолбасшысының бұйрығын оқиды. Отан үшін жан пида, арба айдаған жігіттер көлікке мініп, соғысқа аттанады. Қыз-келіншектер қауымы қол бұлғап қала береді... Осылай басталған көрініс барысында ҰОС жылдары Жамбыл қаласынан 81 - атты әскер және 105-Қазақ атты әскер дивизиялары аттанғаны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың сарбаздарға тілек айтып шығарып салғаны, неміс әскерімен арадағы қиян-кескі айқас, Ақәділ Суханбаевтың ерлігі, тылдағы қызу тіршілік, жауынгерлердің жігерге толы хаттары, ақ жаулықты ананың қайғы-қасіреті, Кеңес сарбаздарын рухтандырған Бауыржан Момышұлының ұраны, жаудың тұтқындалып, Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен сәті, әскерлердің бас киімдерін аспанға лақтырып, бірін-бірі құшақтап қуанғаны, бәрі-бәрі қамтылған. Сарбаздардың елге оралып, алдарынан тылда қалған қыз-келіншектердің жүгіріп шығып, гүлмен қарсы алған сәттердегі көрініс жанарға еріксіз жас үйірді. Осы сәтте қойылымға қатысқан өнерпаздар тізерлей отырып, мерекеге қатысып отырған ардагерлерге тағзым жасады. Көптің арасынан жас бүлдіршіндер жүгіріп шығып, майдангерлерге гүл шоқтарын сыйлады. Айту керек, театрландырылған көрініс өте әсерлі шықты. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиылған жұртшылықты Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Біз үшін Жеңіс күні – ерекше қасиетті мереке. Өйткені, бұл жеңіс ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың майданда төгілген қанымен, қиылған жанымен келді. Бұл жеңіс аға ұрпақтың тылда төгілген терімен келді. Ұлы Жеңіске ержүрек халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің арқасында қол жетті. Бүгінгі Тәуелсіздігіміз, еліміздің өркендеуі – осынау Ұлы Жеңістің жалғасы. Ел тағдыры, жер тағдыры таразы басына түскен сын сағатта халқымыз өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті. Қазақ ұлты ұландарының антқа адалдығын көрсетті. Бір ғана Жамбыл облысынан жетпіс мың адам майданға аттанды. Тәуелсіз Қазақстан елі өз боздақтарын қастерлеп, қасиеттейді! Біз бүгін аттары аңызға айналған, алтын жұлдызды қаһарман батырларымыз, даңқты жерлестеріміз Бауыржан Момышұлы, Ақәділ Суханбаев, Сәду Шәкіров, Владимир Савва, Нурулла Фазлаев, Николай Белашов, Михаил Фаязов, Саттар Естемесов және басқа батырларымыздың есімдерін мақтанышпен атаймыз. Отан үшін от кешкен, биік азаматтықтың үлгісін танытқан жерлестеріміздің есімі біз үшін əрқашанда ардақты болып қала береді. Біз бүгін туған елінің тәуелсіздік алғанын көре алмай, алапат майданда арманда кеткен отыз жеті мыңнан астам жамбылдық ағаларымыз бен апаларымыздың рухына тағзым етіп, басымызды иеміз. Егемен елі барда ерлер есімі ешқашанда өшпейді. Оның үлгісін Елбасымыздың өзі көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ардагер ұрпақтың мұң-мұқтажын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Әрдайым қамқорлық жасап, қолдап келеді. Біздің облысымызда да ардагерлерге айрықша қамқорлық жасалуда. Олардың есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мақсатында облыстық бюджеттің қаржысы есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған кітаптар шығарылуда. Бұл үрдіс алдағы уақыттарда да өз жалғасын табатын болады. Алдыңғы толқын ағалардың майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі мен соғыстан кейінгі ерен еңбегі – бүгінгі және келер ұрпақ үшін өшпес өнеге, үлкен ұлағат. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кеше ғана Астана қаласында өткен парадта атап өткендей, біздің барлық жетістіктеріміз – жаңа биіктерге бастайтын ынталандыру. Біз ең басты құндылықтарымызды – тәуелсіздікті, татулық пен тұрақтылықты ғасырдан-ғасырларға сақтауға тиіспіз. Барлық мемлекеттік институттардың және әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтарды қорғау. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құтты болсын, қымбатты Жеңіс солдаттары! Елдіктің туы биікте желбіреп, абыройымыз асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Келесі кезекте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов мерекелік ізгі тілегімен бөлісті. Мерекелік іс-шара аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты барлау ротасының қойылымы көрсетілді. Сонымен қатар, орталық алаңда осы өңірлік әскери қолбасшылық бастап, ішкі істер, төтенше жағдайлар департтаменттері, шекара қызметі, әскери кафедралардың білімгерлері, мектеп оқушылары салтанатты шерумен жүріп өтті. Әскери техникалардың көрмесі де көпшіліктің таңданысын тудырды. Мерекелік концерттік бағдарламаның да маңызы зор болды. Осы күні, сондай-ақ Т.Рысқұлов саябағындағы «Қарағай орманында» Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне арналған солдат ботқасы таратылып, патриоттық рухтағы әндер шырқалды. Ал кешкісін орталық «Достық» алаңында облыстық филармония әншілері мен «Оңтүстік» әскери қолбасшылығы концерттік бағдарлама ұсынып, шара соңы мерекелік ғажайып отшашумен аяқталды.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.