Әлеумет

Боздақтарға құран бағышталды

Боздақтарға құран бағышталды

Жас сарбаздың бейнесінен көз қарығатындай. Отты жанары жаудың өңменінен өтердей сұсты. «Еліме сенің табаныңның ізі түскенше, маңдайыма оғыңның өзі тисін» деп қасқайып тұрғандай, тас мүсін. Өр намыс пен еліне деген осындай патриоттық сезім қаншама боздағымызды ерлік істерге жетеледі. Қаншасы майдан даласында шейіт болды десеңізші. Қаншауы із-түссіз, дәйек-дерексіз кетті. Соларға бүгінде бұйыратыны ұрпақтары бағыштаған Құран ғана. Өйткені, «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Қаракемерліктердің де басын қосқан осы болатын. 

Жамбыл ауданының Қаракемер ауылынан майданға 102 сарбаз аттаныпты. Оның 50-і майдан даласынан оралмаған. Ауылдағы соғыста қаза болған ауыл азаматтарына арналған ескерткішке таң сәріден гүл шоқтарын қоюмен басталған ізгі іс-шара түске таман жалғасын тапты. Соғыстан оралмаған сарбаздарға арнап мал сойылып, құран бағышталды. Қаракемер ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Оңғарбай Шайынқұловтың айтуынша, бұған дейін соғыста шейіт болған боздақтарға арнайы ас беріліп, құран бағышталмаған екен. Биыл ардагерлердің бала-шағаларының, демеушілердің көмегімен ауыл тұрғындары, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары бір дастархан басында бас қосып, қол жайысты. Осындай игі шараны жылда мейрам сайын ұйымдастырып тұру қажеттігін «Өлінің бақыты – тірінің тірлігінде» екендігін ұрпақтарына айтып, аманаттады.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,  «Ақ жол».

Суретті түсірген Алмаз Орманов.

Жамбыл ауданы.