Әлеумет

Ұрпаққа аманат

Ұрпаққа аманат

Байзақтықтар Жеңіс мерекесін Сарыкемер ауылындағы «Қайғылы ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Жиналғандар халқымыздың азаттығы жолында мерт болған боздақтар рухына тағзым етті, бір минут үнсіздікпен еске алды. Әскери бөлім сарбаздары ұрыс даласынан оралмаған жауынгерлер рухына арнап аспанға қарудан үш рет оқ атты. Мұнан кейін аудан басшысы бастаған топ саябақтағы Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Жеңісті ұлықтаған шара орталық алаңда жалғасты. Алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары сап түзей жүріп, әскери әндерді шырқады. Ішкі істер бөлімі мен аудан аумағындағы әскери бөлімнің арнайы көліктері, шеруге көрік берді. Елі мен жері үшін қан майданда жанқиярлықпен күрескен майдангерлер мен тыл еңбеккерлерін, аудан жұртшылығын аудан әкімі Мұратхан Шүкеев құттықтады. Салтанатты жиыннан соң театрландырылған қойылымдарға кезек берілді. Ұлы Жеңісті әспеттеген жиында жас ұрпақ өкілдері ардагерлерге гүл шоқтарын табыстап, олардың ерліктеріне тағзым етті. Мерейлі мереке «Бағлан» мейрамханасында жалғасын тапты. Салтанатты шарада қарт сарбаздар мен тылда ерен еңбек үлгісін көрсеткендерге сый-сияпат көрсетілді.

Байзақ ауданы.

"Ақ жол-Ақпарат"