Әлеумет

Ардагерге автокөлік сыйлады

Ардагерге автокөлік сыйлады

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» ЖШС-ның басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Қанат Шайхиев Сұрат ауылындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қашқынбек Нұрланбековке құны 1 миллион теңге тұратын неміс автокөлігін сыйға тартты. Қазіргі таңда Сұрат ауылында сұрапыл соғыс жылдарын көзімен көрген 1 ҰОС ардагері, 24 тыл ардагері және 3 Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі бар. Сонымен қатар, серіктестік басшысы Социалистік Еңбек Ері Рзабай Шаңбаевқа 50 мың теңге, тыл еңбеккерлері мен ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне 15 мың теңгеден ақшалай сыйлық табыс етті. Сұрат ауылдық округіндегі «Ниет», «Жас талап», «Кең қоныс» тәрізді бірқатар шаруашылық басшылары да ардагерлерге сый-сияпаттар жасады. Ауылда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада автокөліктің кілтін ардагерге табыстаған Қанат Шайхиев: – «Сыпатай батыр» ЖШС-ның мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қашқынбек атамызға осыдан 5 жыл бұрын «Ата, 70 жылдыққа жетсеңіз машина мінгіземін», – деп уәде беріп едім. Сол уәдені орындап, осы автокөлікті табыстап отырмын, – деді. Жалпы, Сұрат ауылдық округінен соғысқа 250 адам аттанған. Оның 129-ы елге оралмапты. Мереке күні ауыл тұрғындары осы боздақтарға арнап қойылған ескерткішке барып, мәңгілік алау жақты, гүл шоқтарын қойды. Соғыста қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Нұрбану Камал, журналист.

Суретті түсірген Еркін Жасыбаев.