Ыбырайым Cүлейменов
Ыбырайым Cүлейменов
есіл ердің ескерткіші бой көтерді
Тараздағы «Даңқ» аллеясында «Мәңгілік өлмес полк» шеруі болып өтті. Шарада №7 мектеп-гимназияның директоры Наталья Исеева сөз сөйлеп, атаулы мерекеге орай ізгі тілегін жеткізді. Одан соң Абай атындағы №26 орта мектептің 8-сынып оқушысы Мейіржан Мелдеқұлов «Ұлы Жеңіске тағзым» атты авторлық өлеңін нақышына келтіре оқыды. Ал қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Макеев жас ұрпаққа Ұлы Жеңістің қандай қиыншылықпен келгенін айтып берді. Рәсімнен соң «Мәңгі өлмес полк» шеруі Ы.Сүлейменовке орнатылған ескерткіштің ашылу рәсіміне жол тартты.
1943 жылғы 15 қазанда Невельдің солтүстік-батыс жағындағы 20 шақырым жердегі Изога стансасын босату үшін қиян-кескі ұрыста гвардия полковнигі Әбілқайыр Баймолдиннің дивизиясының жауынгерлері ерекше көзге түседі. Оның ішінде мерген Ыбырайым Сүлейменов те бар еді. Сөйтіп, 15 қазанда болған осы қанды шайқаста сұрмерген батыр қазақтың аяулы қызы, пулеметші Мәншүк Мәметова екеуі бір күнде, бір майдан шебінде Отан үшін жанын пида етті. Екеуінің де сүйегі Невель қаласында жерленеді. Айта кеткен жөн, былтыр осы Невель қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов атындағы көшеде батырға арналған мемориалды тақта ашылған болатын. Енді міне, қаламыздағы батыр атындағы көшеде сұрмерген жауынгерге арналған еңселі ескерткіш бой көтерді. Даңқты батыр Ыбырайым Сүлейменовтің мүсіні орналасқан жер аумағы 800 шаршы метрді құрайды. Ескерткіште бейнесі тастан қашалған батыр қолындағы мергендер винтовкасының бауын жұмыр, қарулы жұдырығымен оң жағындағы кеудесіне қысып ұстап, қабағы қату, сұсты кейіпте, қапыдағы құлама жартастан шығып келе жатқан сәті бейнеленген. Батырдың жарты кеудесі Қордай гранитінен қашалған.
Биіктігі 2 метр, тұғыры 2 метр ескерткіш постаменті темір бетоннан құйылып, граниттен қапталған. Мүсін авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Момыш Сейіткерім.
Ескерткіштің ашылуына қала тұрғындары, ардагерлер мен жастар қатысты. Батыр ескерткішін ашу рәсімін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен қалалық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жақсылықбай Тәжібаев жасап, ескерткіштің ақ жамылғысын түсіріп, тағзым етті. Бұдан соң гүл қою рәсімі жалғасын тауып, еңселі ескерткішті гүл себеттері айнала көмкерді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерімізді еске алуға 1 минут үнсіздік жарияланып, мемлекеттік Гимн орындалды. Бұдан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз алып, бұл ескерткіш майдан даласында мерт болған барша батырларымыздың рухына тағзым ететін тарихи ескерткіш екенін атап өтті. – Халқымыздың мақтан тұтар арда ұлы, құралайды көзге атқан сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов өзінің жас өмірін қасиетті Жеңіс жолында құрбан етті. Есімі Ұлы Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп айтқанындай, елінің үмітін ақтап, халқының бейбіт болашағы үшін жанын қиған батырды ел де ұмытпақ емес, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Сөз кезегін батырды басылым беттері арқылы насихаттап, ескерткіштің ашылуына септігін тигізген белгілі журналист, облыстың Құрметті азаматы Сағат Арынұлы алып, Ыбырайым мергеннің өмірі мен өрлікке толы ерлігінен сыр шертті.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.