Экономика

Бес халықтық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам

Бес халықтық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам

Тонаулар тәртіп сақшыларымен бірге жасалып жатыр деп есептеймін

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Мемлекет басшысы ұсынған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы 100 нақты қадамның практикалық жайттары қарастырылды. Аталған реформалардың әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бүкіл мемлекеттік қызметке кадр іріктеуді жүргізетін бірыңғай рекрутингтік орталық болуы тиістігіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті жергілікті қоғамдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру қажеттігін де атап өтті. – Біз бұл туралы көп айттық, бірақ осыған жақындай алмадық. Барлығын орталықта ұстап отырмыз, ешкім жібергісі келмейді, онда олар осы мәселемен жергілікті билік органдарына барсын. Дәл осы қызмет қоғаммен тығыз байланыста ұсақ құқық бұзушылықтарға деген нөлдік шыдамдылықты қамтамасыз етуі керек, – деді Н.Назарбаев. Ол Елордадағы шағын аудандардың бірінде болған оқиғаны мысалға келтірді. «Жансая» шағын ауданында бір апта бұрын бір кіреберістегі сегіз пәтер тоналды, ешкім таба алмай жатыр. Бұл қандай полиция? Мүндай жағдайда бұл тонаулар тәртіп сақшыларымен бірге жасалып жатыр деп есептеймін. Үй иесінің іссапарда жүргенін біледі, кілтін таңдап үйге кірген. Күзеті, бейнежазбалары қайда? Яғни, адам өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Әкімдік те жауап бермейді, себебі министрлік жауап береді», – деді Назарбаев. Мемлекеттік қызметкерлердің табысы еңбек нәтижесіне сәйкес болады Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы олардың еңбек нәтижесіне сәйкес болатынын мәлімдеді. – Мөлшерлеп болжам жасайық, жалақы жеке сектордағы 70 пайыз деңгейде болуы тиіс. Әрі қарай көре жатармыз, бірақ бұл 70 пайыз үстемені әрбір министрлік, ведомство іштен табуы керек. Біз министрлерге, ведомство басшыларына оларға бөлінген бюджетті өздерінің шешуіне рұқсат етеміз. Егер ол жұмысты үш емес, бір адам істейтін болса – мархабат, істеңдер, жалақыны көтеріңдер, – деді Президент. Оның мәлімдеуінше, мұның барлығы бюджетке шығын келтіреді, бірақ іс үшін соған бару керек. – Бұл дегеніміз, мемлекеттік қызметкерлерде кірістің екі түрі болады – негізгі жалақы, ал екінші жалақы – жұмыстың нәтижесіне қарай берілетін бонустар, – деді Мемлекет басшысы. Шіріген байлар мен өте кедей адамдарды болдырмау теңестіруге апарады

Қазақстан Президенті кезекті рет мүлікті заңдастыру мәселесін көтерді. Ол қалталы азаматтарға кіріс пен шығыстың міндетті декларациясы енгізілгеннен кейін ешкімнің еркіне жіберілмейтінін ескертті.

– Кіріс пен шығыстың жалпыға бірдей декларациясы енгізілгенге дейін біз мүлікті заңдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Мен бұған дейін де бірнеше рет айттым, қазір де айтқым келеді: не адамдар түсінген жоқ немесе біз бұл заңды нашар құрастырдық, не болмаса олар мұны ойыншық деп ойлайды. Біз кіріс пен шығыстың жалпыға бірдей декларациясы қарсаңында тұрмыз. Бұл – шіріген байлар мен өте кедей адамдарды болдырмай, теңестіруге апаратын жол. Барлығына не үшін сатып алғаны, не үшін сатқаны және ақшаны қайдан алғаны туралы есеп беруіне тура келеді. Осыған дейін біз бәрін тазартқымыз келеді, заңдастыруды жарияладық. Кім дөң астына ақша тықса, сол дөң астында ешқандай құпияның жоқ екені түсінікті емес пе, тізімнің барлығы жарияланады, ақшасын тыққандар сатады, одан да Отандарыңа әкеліп, осында пайдаланыңдар, – деді Назарбаев Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында.

Ол құқық қорғау органдарының тарапынан ешқандай қудалаудың болмайтынын мәлімдеді. – Яғни, енді ешкімді еркіне жіберу болмайды. Біздің қудалағымыз, қамағымыз келмейді. Ал осыдан кейін бүкіл әлемнен тауып алып, Астанаға қайтарамыз және ол жақта сендерді ешкім аяп, сендер үшін ештеңені жасырмайды, – деді Президент. Сонымен қатар, ол шараға қатысты сенімсіздік болмас үшін заңнама тарапынан кейбір мәселелерді қайта қарау керегін айтты. – Осыған дейін біз Қазақстан азаматтарына пәтер сатып алуға, коттедж тұрғызуға рұқсат бердік, бірақ ешқайсынан ақшаны қайдан алдың деп сұраған жоқпыз. Қазақстан бойынша ондай үйлер қаншама салынды, енді салық төлеулері тиіс. Бұл жерде жалпы қазандағы байлар қатысының мәнісі де сонда, бюджетті толтыру, – деді Мемлекет басшысы.

«Азаматтарға арналған үкімет» құруды тапсырды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құруды тапсырды. –Қоғамдық кеңестер стратегиялық жоспарларды, территорияның даму бағдарламасын, нормативтік-құқықтық акт бағдарламаларын талқылауға қатысуы керек. Мемлекет жоғары сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтердің мінсіз провайдері болатын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру туралы ойлануды ұсынамын, – деді Назарбаев Ақордада үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Полицейлер мемлекеттік қызметкер болады

Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу жоспарланып отыр. – Құзыретті тәсіл негізінде полиция қызметкерлерін іріктеу жүйесін жетілдіру, кандидаттардың жеке қасиеттері мен кәсіби шеберліктерін тексеруші арнайы тестілеу жүйесін меңгеру мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында. Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдарға есеп беруші жергілікті полиция құру қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Біреуі жұмыс істейді, қалғандары соның мойнына отырып алады

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» компаниясындағы қызметкерлер санын ретке келтіруді тапсырды. – Біз министрліктерді, агенттіктерді, комитеттерді қысқарттық, бірақ шенеуніктердің саны қысқармай отыр. Қызық, иә? Батпайтын кеме дерсің, бізде солай, «Самұрық-Қазына» қысқартып жатыр, қысқартып жатыр, бірақ ешкім кетпейді, барлығы сонда отыр, осылай жұмыс істейміз, міне. Себебі басқа жақта мұндағыдай пайдасыз адамдар отырмайды. Көп айттым, біреуі жұмыс істейді, қалғандары соның мойнына отырып алады. Осы мәселені шешу қиын ба? Қолынан іс келетін 2-3 адам бар, - деді Назарбаев Ақордада үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Біреудің есебінен күн көруге болмайды

Қазақстан Президенті қоғамдағы біреудің есебінен күн көру мәселесін де көтерді. Елбасы өмірден алынған мысалдарды келтіріп, Сыртқы істер министрін шартты түрде борышкер ретінде «жазып алды». –Мұндай біреудің есебінен күн көру неге болады? Адамдар ақшаларын үлескерлік құрылысқа берді, мемлекет оларды қинаған жоқ, өз еріктерімен барды, ақшалары бар ма, құрылыс жүргізе ала ма, жоқ па тексерілмеген алаяқтарға берді. Ал енді: пәтер беріңдер деп отыр. Кім бұлай істейді? – деп сұрады Назарбаев Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында. – Мен Ерлан Ыдырысовқа (ҚР СІМ басшысы – Автор) қарызға ақша бердім, ол маған қайтармады, мен кімге баруым керек? Мемлекетке ме? Ерлан үшін маған ақша беріңдер – шамасы осылай болып тұр ғой. Мұндай еш жерде жоқ, тек бізде кеңестік психология қалып қалған, болды, біреудің есебінен күн көруге болмайды. Мемлекеттің басты міндеті – адам жұмыс істеуі үшін жұмыс орнын беруге тырысу. Болды, қалғанын ол өзі жасауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. – Ауылда жұмыс істегің келе ме – шағын несие ал, аулалық шаруашылықты дамыт, мал ұста, сат, ақша тап. Қаламайсың ба – қалаға бар, біз сені мемлекет есебінен тегін оқытамыз, мамандық пен разряд береміз, жұмысқа тұрғызамыз, баспана да береміз. Енді тағы не істеу керек? Сондықтан біздің азаматтарымыз, өз елін, Қазақстанды және өзін сүйе отырып жұмыс істеу керегін түсінуі керек. Ал қазір жұмыс істегенге бәрі беріледі, – деді Президент.

Мәдени инфрақұрылым қолжетімдіге айналады

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ұлттық құндылықтарды және өскелең ұрпақ санасындағы патриотизмді нығайтудың маңыздылығын атап өтті. «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жобасын іске қосу қажет. Оның аясында кинофильмдер, сериалдар және ел тарихы, қазақстандық мәдениет, елдің бүгінгі өмірі туралы хабарлар түсірілетін болады. Туристік бағдарлар мен этноауыл­дар ұйымдастырылады. Мәдени инфрақұрылым бар­лық қазақстандықтар үшін қолжетімдіге айналады. Мәңгілік Ел құндылықтарын мектеп стандарттарына қалай енгізу керектігін ойластыру керек», – деді Нұрсұлтан Назар­баев.